Әйелдер қорлық көрмесін

Өкінішке орай, қазіргі уақытта қоғамның қарыштап дамуына қарамастан, әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттері тыйылар емес. Оған айғақ тұрмыстық қарым-қатынастағы әйелдерге қысым көрсетіп, былапыт сөйлеу, қорлап тиісу, кемсіту және жеке тұрғын үй немесе пәтер шегінде олардың тыныштығын бұзатын басқа да әрекеттерге қатысты істер санының азаймауы.
Халқымыз қашанда ер-азаматты шаңырақ иесі санаса, әйелді отбасының алтын қазығына балаған. Жаратылысынан жүрегі кең қазақ әйелі төзімділігімен ерекшеленеді. Өзі қандай қиыншылыққа тап болса да, қанша қысым, моральдық зардап шексе де кешіріммен қарайды, отбасының бірлігін ойлайды.
Көп жағдайларда қазақ әйеліне тән бұл қасиет оны отбасындағы қорлық пен кемсітушілікті сыртқа шығаруға да жол бермейді. «Бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» қалады. Осыны пайдаланған кейбір ер азаматтар отбасындағы теріс іс-әрекеттерін жалғастырып келеді. Ондайларға сот қаулысымен Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заңын басшылыққа алып, құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талаптар белгіленіп, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Аталған құқық бұзушылықтардың алдын алуда, олармен күресуде учаскелік полиция қызметкерлерінің атқаратын рөлі ерекше. Тәуліктің кез келген уақытында түскен хабарлама бойынша құқық бұзушылық орын алған жерге барып жететін де солар.
Ел өміріндегі өзекті мәселелердің бірі – отбасылық зорлық-зомбылық. Құқық қорғау органдарында оған қарсы күрес жүргізетін арнайы бөлімдер жұмыс істейді. Қалыпты өмір ырғағын бұзатын жағымсыз әрекеттерге заңмен тосқауыл қойылатынын әркімнің білуі маңызды.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ.