ІС БІТПЕЙ, ҚАРБЫЗ ӨТПЕЙДІ

ҚАРБЫЗ ЕГІП, ҚАРЫЗ БОЛМАСЫН ДЕСЕК
К ө к т е м д е г і а д а л еңбек – жыл бойы азық. Осы қағиданы ұстанған диқандар қарбыз дәнін жерге тастауға ерте бастан кіріседі. Мәселен 2 гектар жердің өзіне 1 құты қарбыздың ұрығы кетеді екен. Ал оның бағасы 25-30 мың теңге шамасында. Тек ол емес, қарыққа тартатын клёнканың 1 рулоны да сондай соманы көрсетіп тұр. 2 гектар жерге кемінде 2 рулон кленка кетеді. Оған кажетті дизель отыны, өнімнің өсіп-өнуі үшін берілетін түрлі дәрумендер, селитра, аммоний сульфаты бар. Айтпақшы, жерді жыртып, тармалатудың өзі қып-қызыл шығын екенін қосып қойыңыз. Осындай шығындардың бәрін есептей келе қарбыздың қандай бағада боларын ойлай беріңіздер. Енді, оған алып-сатарлардың да үлесін қосу керек. Себебі, жанар май бағасы да қымбатшылықтың құрығына ілініп тұр. Десе де соңғы жылдары егінге жұмсалатын шығын өскенімен қарбыздың бағасы қымбаттамаған. Жылдағыдай ерте піскен өнімнің келісі 170- 180 теңгеден басталып, кейін 20 теңгеге дейін түседі. Қарбызы пісе сала өткізсе бір жөн. Диқандар ала жаздай еткен еңбегінің жемісін көрер шақта қауын-қарбызын өткізетін жер таппай әуре-сарсаңға түсуі – жылдағы көрініс. Алатын адам тапқанның өзінде болмашы тиын-тебенге бағаланып жатады. Дер кезінде жиып-термесе еңбегі күнге күйіп, жарамай қалуы да әбден мүмкін. Осындайда кезінде аудан орталығында дүркіреп тұрған қауын базасын еріксіз еске аласың. Кеңес одағы кезінде егіншілер әңгелек, ақ жәмбілше, колхозшы, әміре, қара күләбі мен торлама, саржауын аудан орталығында орналасқан теміржол бойындағы аталған ірі қауын базасына өткізген екен. Тәуелсіздік алғаннан кейін жекешелендіру кезінде бұл орындар ескерусіз қалып, жұмысын тоқтатқан. Содан бергі жағдай осы. Бұл туралы бірнеше жыл қатарынан әріптестерімізбен бірге газет бетінде мәселе көтеріп келеміз. Жауаптылар мақұлдағандай болғанымен қозғалған сеңді көрмедік. Әлі күнге үлкендердің аузынан сол қауынбаздың жұмысы қайта жанданғанын қалайтынын жиі естиміз. Иә, ел тілегі орындалса егіншілер қауынын сатып алатын адамды, өнімін тиейтін көлікті іздеп сабылмайтын еді. Дәл қазір кәсіп ашылды, шаруашылық құрылды, саны пәлен-түген деген ақпардан әрі аса алмай келеміз. Сан қуамыз, сапа сын көтермейді. Сол құрылған шаруашылық, кәсіпкерлер ісін қалай жүргізіп жатыр? Диқан еккен егінін қайда, қалай өткізгелі жүр? Малшы етін, сүтін, тері-жүнін нарыққа қалай пұлдамақ? Осы сұрақтарға басын ауыртатын бір жауапты орган сұранып тұрғалы қашан. Біздің аймақ ауылшаруашылық оның ішінде диқан, бақташылықты жолға қойған. Ірі шаруашылық құрылымдарының өз инвесторлары бар. Олар өнімдерін қайда өткіземін деп басын ауырта бермейді. Ал, шағын шаруа қожалықтар, диқандарға, бақташылардың мәселесіне кім жауапты? Олардың қайқайсысы болсын – кәсіпкер. Кәсіпкердің ең басты мәселесі – өнімін нарыққа шығару. Сол өнімді нарыққа шығаруға, басқа облыстармен байланыс орнатуға жауапты бөлім болуы керек, немесе жаңадан құрылуы керек. Осылайша ел бойынша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз. Тері-жүн мәселесінде де Өзбек пен Түріктердің тәжірибесін зерделей отырып, өндіріске енгізудің уақыты келгендей. Ауылшаруашылық өніміне сұраныс артса, ұсыныс та өздігінен артады. Бұл нарық заңы.
ҚАЙТКЕНДЕ ДЕ ҚОЛДАУ КЕРЕК
Қауын-қарбыздан қақ, қауын құртты айтпағанда, қазір сұранысқа қарай мармелад, мұз кәмпит, шырын, тосап жасауға болады. Бүгінде мемлекеттен қайтарымсыз несиені алуға ниеттілер көп. Бірақ бизнес жобалары бірсарынды. Комиссияға ұсынылған он жобаның сегізі асыл тұқымды мал өсіріп, құртмай шығарады не кондитерлік цех ашқысы келеді. Тың идея, көпшіліктің сұранысын қанағаттандыратын жарқ еткен жобаны жолықтыру қиын. Ал екі аттасаң алдыңнан шығатын кондитерлік цехтарда бәсеке жоғары, т а б ы с тауып, істі дөңгелету оңай емес. Сондайда кәсіпкерлер неге қолда барды ұқсатпайды екен деген ойға қаласың. Өзіміздің қарбыздан жасалған тосап пен мармеладты әдемі қаптамамен нарыққа шығарса кез келген жан дәмін көруге асығары сөзсіз. Оған өңірдегі «Барлыбай и К» өндіріс орнының қызанақтан жасайтын томат пастасы мен қауыннан дайындайтын тосабы дәлел. Таза, сенімді құрамы бар азық-түлікке сұраныс артқан дәл қазіргі шақта жергілікті өнімді іздеп жүрген жан көп. Енді әкімдік инвесторлар тартып, ауданда қарбыздан түрлі тәттілер шығаратын шағын зауыт ашылса қанекей. Тым болмаса диқандарды кооперативтерге біріктірсек де біраз мәселенің түйіні тарқар ма еді. Қауын-қарбызды сыртқа сату қиын болса, өзіміз кәдеге жаратайық. Қалай болғанда кәсіпкерлікті қолдауға ерекше маңыз берілген тұста еңбектен бел жазбай, қарбыз еккен ауылдың кәсібін көтеру үшін қолдау қажеттігі ешкім айтпаса да сезіледі. Әркім өзі егіп, өзі өткізеді дегеннен гөрі, тиісті орындар тарапынан қолдау болып жатса, елдің кәсібі көркеймес пе еді?! Қарапайым еңбек адамы мұнан артық қолдау да сұрамайтыны рас.
Гүлхан ЯХИЯ