Қауын-қарбыз саудасы қызып тұр
Әрбір өлкенің өзіне тән мақтанышы, әлдеқандай өнімі мен жетістігі болады. Сол сияқты киелі Шиелі ауданының да өзіне ғана тән қазіргі тілмен айтар болсақ, «бренді» бар. Оның бірі – бүкіл аймақты асырап отырған күріш болса, екіншісі – жаз бойы ащы терін аямай төккен диқан қауымының күз келе өнімін саудалап, бір жырғап қалатын қарбызы мен қауыны.
Ми қайнатар ыстық басталысымен шөліміз бір қанбай-ақ қойды. Бүгінде көше бойында, базарлар мен дүкендерде қауын-қарбыздың саудасы қызған. Ішіңдегі ыстықты алып, шөліңді басатын қарбыз құрғыр биыл әкесінің құнын сұрап тұр. Осыдан 2 жыл бұрын дөңгеленген қарбыздың бір данасы 200-300 теңгеге сатылушы еді. Ал бүгін келісінің өзі 150-180 теңге екен. Бір данасы 1000-1500 теңге болған соң ба, қарбызды қанағатпен жейтін болдық. Ал кейбір сауда нүктелерінде бұл өнімнің бағасы 700 теңгеге дейін арзандапты. Бағамдасақ, тұрғындарды «Бұл жемісті жеуге әлі ерте емес пе?» деген күмәнді ой алаңдатпайтын сыңайлы. Не дегенмен, бұл өнімге белгілі бір мөлшерде нитраттар қосылады емес пе?
Аудандағы ең табысты да тәжірибелі диқандардың бірі, осы кәсіппен он бес жыл бойы айналысып келе жатқан Архарбек Әбілдаевпен тілдескен едік. Сол әңгімені ортаға сала кеткеніміз жөн болар деген ойдамыз.
– Мен артық-кемі жоқ 15 жыл бойы егін шаруашылығымен айналысып келемін, – дейді ол. – Егіс даласын ең алдымен тыңайтасың, қарық саласың, клёнка тартасың. 2 гектар жерді айдау, қарық салу үшін белгілі бір сомада қаржы кетеді. Қала берді жанар жағар май, қарбыздың ұрығын қосыңыз. Жұмыс онымен бітпейді. Қаншама дәрі-дәрмек тыңайтқыш тағы керек. Бүгінде егіс алқабында холлар, ницца секілді танымал қарбыз сұрыптарын өсіріп жатырмыз. Басында нитрат сияқты химиялық тыңайтқыштарды пайдаланған да шығармыз. Бірақ тәжірибе жинақтай келе неғұрлым зиянсыз, табиғи тыңайтқыштарды қоса бастадық. Себебі табиғи тыңайтқышпен тыңайған жерден алынған өнімнің ешқандай зиянсыз әрі сапалы болатыны рас.
Жаз бойы бел шешпей еңбектенетін бейнеткеш жандар шыжыған ыстықта, көктемгі ызғырықта барша қиындықты бастан өткеріп, маңдай терлерін аямай төгеді. Соған орай күзде мол өнімнің өтеуін алып, бір кенеліп қалады. Онда да еселі еңбек ақталып, үміт ақталса игі. Себебі, қалтасындағы соңғы тиынын санап тұрып, тірлігін бастаған олар бағаның күрт түсіп кеткен кездері жиі болғанын айтады. Ең бастысы ауа райы құбылып, пісуге таяған өнімін өлтіріп тастамаса деп тілейді.
– Қауын-қарбыз бағасының күрт өсуіне негіз көп. Оны былайғы жұрт біле бермес. Есептеп қарар болсақ, 2 гектар жердің өзіне 1 құты қарбыздың ұрығы кетеді екен. Ал оның бағасы өткен жылдары 14-15 мың теңгенің арасы болса, биыл 20 мың теңгеге алдым. Тек ол емес, қарыққа тартатын клёнканың 1 рулоны 18 мың теңгені көрсетіп тұр. 2 гектар жерге кемінде 2 рулон кленка кетеді. Қажетті дизель отыны болса 190 теңге. Өнімнің өсіп-өнуі үшін берілетін түрлі дәрумендерге 50-60 мың қаржы жұмсалады. Одан бөлек, «Селитраның» 1 кг 200 теңге болса, аммоний сульфатының келісі 130 теңге. Осындай шығындардың бәрін есептей келе қарбыздың қандай бағада боларын ойлай беріңіздер. Енді, оған алып-сатарлардың да үлесін қосу керек. Себебі, жанар май бағасы да қымбатшылықтың құрығына ілініп тұр, – дейді А.Әбілдаев.
– Қарбыздың алғашқы легі Түркістан, Жетісай, Сарыағаш қалаларынан келгендіктен, әрі ерте піскендіктен болар келісі 180 теңгеден сатылса да алдық. Алайда, өзіміздің жетпейді. Дәмі де болмады. Балаларымның жегісі келіп жиі сұрайды. Алайда, бағасы қалтаға қонымды болмаған соң, бұрынғыдай тойып жеуге мүмкіндік болмай тұр, – дейді кент тұрғыны А.Аяпова.
Ескере кететін бір жайт, қауын-қарбызды жол бойынан сатып алудың қажеті жоқ. Өйткені, жерде домалап жатқан қауын мен қарбыз ашық аспанда токсинді тез қабылдайды. Мұнымен қоса, көшеде жүйіткіп жүрген көліктерден шығатын улы газды қарбыз өзіне тез сіңіріп алады. Сол үшін бұл – сату талабына сай емес.
Қарбыз маусымы тамыз айында басталады. Осы уақытқа дейін жемістердің пісуі тыңайтқыштармен тездетіледі. Сондықтан ерте сатып алу қауіпті болуы мүмкін екендігін қаперде сақтаңыз.
– Көптеген адамдар жемісті тым мұқият жумайды. Ал кесу кезінде бактериялар мәйекке түсіп, уландырады. Қарбыз жердің өзінде өсетіндіктен, олар мұқият тазалап жууды қажет етеді. Қарбыздың қабығы жылтыр, сондай-ақ қою жасыл болуы керек. Қарбыздың жерге тиген бөлігі бір жағында дақ болып тұрады. Егер дақ ақ емес, сары немесе қоңыр болса жақсы. Піскен қарбыздың бас ұшы құрғақ, қылшық бетінде құрғақ жіп тәрізді жолақтар болуы мүмкін. Сонымен қатар ұрған кезде саңырау емес, ашық естілетін дыбыс шығады. Қарбызды бөлме температурасында бірнеше апта бойы сақтауға болады. Салқын, қараңғы жерде жеміс бірнеше ай бойы сақталады. Алайда ол кезде құрамындағы біраз қоректік заттарды жоғалтады. Ал кескеннен кейін, мәйегін ауа өткізбейтін пакетпен немесе фольгамен жабу керек. Бұл күйінде қарбызды тоңазытқышта төрт күнге дейін сақтауға болады, – дейді аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің мамандары.
Биыл облыста 3342 гектар жер арнайы дайындалған. Оның 3282 гектарына атап айтқанда, 1021 гектарына – картоп, 866 гектарына – көкөніс, 1395 гектарына – бақша дақылдары егіліпті.
Сұлушаш МАДИЯРОВА