Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарбыз піскенімен, баға түскен жоқ

Қарбыз піскенімен, баға түскен жоқ


Шілденің кіргені сол екен, шіліңгір ыстықта шөліміз бір қанбай-ақ қойды. Ішіңдегі ыстықты алып, шөліңді басатын қарбыз құрғыр биыл әкесінің құнын сұрап тұр. Осыдан 2 жыл бұрын дөңгеленген қарбыздың бір данасы 200-300 теңгеге сатылушы еді. Ал, бүгін келісі 130-150 теңге дейді. Бір данасы 1000-1500 теңге болған соң ба, қарбызды қанағатпен жейтін болдық.
Карантиннің кесірі ауыл шаруашылық саласын шыр айналдырды. Өткен жылы өтпей, су болып аққан қырыққабаттан соң, диқан қауымы жүрексініп қалса керек, биыл бақша дақылдарының бағасы аспандап тұр. Оған бір ғана дәлел сәбіз бағасының 3 еселеніп кетуі. Сауданың сәні кіріп, жергілікті өнімдер өзіміздің жұтқыншақтан өтетін шақ та тая­ды. Алайда, сауда нүктелерінің әрбірінде таудай үйіліп тұратын қарбыз бұл жолы сирек. Шиелінің бал шырынды қарбызы пісіп, базарға түсіп жатса да, баға өзінің тағына мықтап жайғасып алған секілді. Оның себебін диқандар тарқатсын.
3 гектар жерге қарбыз еккен Қалижанның айтуынша егінге қажетті сайманның бәрі де қымбат.
– Егіс даласын ең алдымен тыңайтасың, қарық саласың, клёнка тартасың. 3 гектар жерді айдау, қарық салу үшін 56 мың теңге қаржы кетті. Бұл жәй ғана бастапқы шығын. Оған енді жанар жағар май, қарбыздың ұрығы, клёнка бағасын қосыңыз. Жұмыс онымен бітпейді. Қаншама дәрі-дәрмек тыңайтқыш тағы керек. Өткен жылы карантин болғандықтан, ерте көктемде де қажетті заттардың көбісі табыла қоймады. Оны тапсырыспен алдырған соң, үстінен тағы ақша қосылды. Сондықтан, қарбыз бағасы да жылдағыдан қымбат болып тұр. Бұл шаруалардың қолдан жасап отырған бағасы емес, – дейді.
Расында, шаруаның шашылып жүріп еккен егіні еңбектің есесін қайтарса игі. Себебі, қалтасындағы соңғы тиынын санап тұрып, тірлігін бастаған олар бағаның күрт түсіп кеткен кездері жиі болғанын айтады. Ең бастысы ауа райы құбылып, пісуге таяған өнімін өлтіріп тастамаса деп тілейді. Есептеп қарасақ, 3 гектар жердің өзіне 2 құты қарбыздың ұрығы кетеді екен. Ал, оның бағасы өткен жылдары 14-15 мың теңгенің арасы болса, биыл 21 мың теңгеге алған. Тек ол емес, қарыққа тартатын клёнканың 1 рулоны 17 мың теңге болса, биыл 22 мың теңгені көрсетіп тұр. 3 гектар жерге кемінде 4 рулон кленка кетеді. Қажетті дизель отыны болса 190 теңге. Өнімнің өсіп-өнуі үшін берілетін түрлі дәрумендерге 50-60 мың қаржы жұмсалады. Одан бөлек, «Селитраның» 1 кг 50 теңге болса, 3 гектар жерге шамамен 1 тонна қажет. «Амафос» дәруменінің келісі 65 теңге десек, одан 180 кг алу керек. Осындай шығындардың бәрін есептей келе қарбыздың қандай бағада боларын ойлай беріңіздер. Енді, оған алып-сатарлардың да үлесін қосу керек. Себебі, жанар май бағасы да қымбатшылықтың құрығына ілініп тұр.
– Қарбыздың алғашқы легі Түркістан, Жетісай, Сарыағаш қалаларынан келгендіктен, әрі ерте піскендіктен болар келісі 250 теңгеден сатылса да алдық. Алайда, Шиелінің қарбызына жетпейді. Дәмі де болмады. Ал, қазір өзіміздің өнім сатылымға шығыпты. Бірақ, бір қарбыз 1300 теңге болды. Балаларымның жегісі келіп жиі сұрайды. Алайда, бағасы қалтаға қонымды болмаған соң, бұрынғыдай тойып жеуге мүмкіндік болмай тұр, – дейді тартоғайлық Қ.Мырзахметова.
Қымбатшылық қалтаны қаққан бұл тұста бағаны бақылау да қиынға соғуда. Ал, қауын-қарбыздың теңгесін назарға алу кімге тиесілі? Ауылшаруашылық мамандарына хабарласқанымызбен, қауын-қарбыз бағасына жауапты емес екендерін айтты. Ал, диқандар болса ерте көктемнен бергі еңбектің есебі осындай деп отыр. Алып-сатарлар болса егістік басынан қарбыздың келісін 90 теңгеден алғанымен жол-шығынын қосқанда жүздің үстіне шығатынын тілге тиек етті.

Күріштен кейінгі бренд еді...
Қарбыздың жырын айтқан соң, қауынын қалай ұмыт қалдырайық. Сонау Кеңес одағы кезінде Шиелі ауданында ірі қауын базасы болған деседі ақсақалдар. Сол жылдары бақшашылар әңгелек, ақ жәмбілше, колхозшы, әміре, қара күләбі мен торлама, саржауын аудан орталығында орналасқан теміржол бойындағы аталған ірі қауын базасына өткізілген екен. Тәуелсіздік алғаннан кейін жекешелендіру кезінде бұл орындар ескерусіз қалып, жұмысын тоқтатқан. Тоқтатқаны мұң екен Шиелінің күріштен кейінгі брендіне айналған қауындар нарықтан жәймен шетке ысырыла бастады. Күздік қауын сорттары Қызылорда облысымен қатар Түркіменстандағы Шаржоу, Өзбекстандағы Хорезм аймақтарында ғана өсіріледі екен. Алайда, аталған өнімнің Отаны бола тұра, соңғы уақытта дәмі тіл үйірер қауындарды кездестіру қиындап кетті. Бұл туралы 2017 жылы әріптесіміз Гүлхан Яхия да «Қауыннан қадір кетті ме?» деп, аудандағы ахуалға алаңдаушылық білдірген еді. Бірақ, дәмі бал татып, таңдайдан кетпейтін Шиелінің қауыны нарықта қара көрсетпей барады. Базар маңын жағаласақ, Түркістан, Жетісайдың қауындары толып тұр.
Өзге аймаққа өте қалсаңыз қауынымызды сұрайтын ағайынға енді 5 жылда не деп жауап қатады екенбіз деп ойланамыз кейде. «Шиелінің қауыны» деп алыстан менмұңдалап тұрған бренд, уақытша трендке айналып, ел жадынан өшіп қалмаса екен.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
09 шілде 2021 ж. 780 0