ШИЕЛІНІҢ ТӘТТІСІ ШЕТЕЛДЕ ТҰРСА БАЛ ТАТЫП
Шиелі ауданы ерте уақыттан бері ірі суармалы егіншілікпен айналысатын өңір екені белгілі. Тіпті сонау Ақсақ Темір заманынан ары қарай Оғыз-Қыпшақ дәуірінен бері егіншіліктің қыр-сырына қанық болып, түрлі жеміс-жидек, бақша өнімдерін егіп, жемісін жеп келеміз. Әсіресе бүгінгі күні бақша өнімі қауын-қарбызға басымдық беріп, диқандар жер көлемін жыл санап көбейту үстінде. Бірақ өкінішке қарай, ұзақ жылдар бойы еккен отандық қауын-қарбызды әлемдік нарыққа шығарып, брендке айналдыра алмай отырғанымыз алаңдатады. Мысалы, Күншығыс елі атанған Жапонияда «Дэнсукэ» деп аталатын қарбыз түрін біздің теңгемен шаққандағы бір данасының бағасы 100 мың теңгеден асып жығылады екен. Тағы да өзге елде бір дана қауынның бағасы әлемдік брендке айналып, бағасы аспандап тұр. Әлем елдерінің назарын аудартқан өнімге, халық сұранысы да көп. Осы тұста біз жесең ем болатын, дәмі тіл үйіретін мырзашөл, қара қауын, әміре, сияқты төл өнімдерді әлемдік брендке неге айналдырмасқа?
Несібесін жерден терген Әділет Кенжебай есімді кейіпкеріміз гектар-гектар қара жерге қыртыс салып, 22 жылға жуық уақыт қарбыз-қауын егумен айналысады. Көктемде алған қарбыз тұқымының бағасын білмекке байланысқа шықтық. Тұқым бағасының жыл сайын көтерілетінін айқан ол:
– Жылдағы дәстүр бойынша, қосымша кәсіп ретінде бақша өнімдерін өсірумен айналысып келемін. Жуық арада қарбызды сатылымға шығарамын. Бірақ бұрынғыдай салмағы 25-30 келі шығатын қарбыз сиреп барады Көктемде қарбыздың Швейцариядан келген «Барака» тұқымын сатып алдым. 60 күнде дайын болатын қарбыз тұқымының 1000 данасы – 26 556 теңге тұрады. 2 га жерге 5000 данасы қажет.
Қарбыз тұқымы келер жылға жарамайды. Егер де дәнін алып егетін болсаң, өнім кішкентай, не болмаса мүлдем салмай қалады. Сондықтан келер жылы қайтадан жаңа тұқым аламыз, – дейді еңбек адамы.
Иә, расымен де қарбыздың өзге елден келетін холлор, каристан, арашан, фароа тұқымдарының 1 құтыдағы бағасы 25-40 мың теңге тұрады. Әрине, бұл бағаны кез келген диқанның қалтасы көтермесі анық. Осыны өзге елдің тауарына телмірмей, өзіміздің жергілікті жердің топырағы мен табиғатына бейімделген, ыстық пен суыққа төзімді қауын-қарбыз тұқымдықтарын сақтап, оны өндіретін шағын зауыттарды іске қоссақ, нұр үстіне нұр болар еді. Бағасы қалтаға қонымды әрі жердің құнарын сақтап қалуға да оң әсерін тигізер еді.
Қазір кей аймақтарда күріш зерттеу институттары, бидай, арпа тұқым сорттарын зерттейтін арнайы ашылған орталықтар бар. Жұмысы да қарқынды түрде жүргізілуде. Жыл сайын отандық күріш, бидай тұқымдарын алып, келер жылы шаруашылықтарға қайта ұсынып келеді. Ендігі кезекте тұқым зерттеу орталықтарында, елімізде жойылып бара жатқан отандық бақша өнімдерін сақтап қалу мақсатында арнайы бөлімдер ашып және оны халыққа тиімді бағада ұсынсақ ұтымды болары сөзсіз.
Тоқсан ауыз сөздің түйінін тарқатсақ, бал татыр дәмі бар қауын мен дертке шипа болған қарбыз тұқым өндірісін қолға алып, қос өнімді брендке айналдырсақ, соңғы 30 жылда жеткен жетістіктердің бірі болар еді. Бұл аудан экономикасының артуына сеп болып, қос тәттіге деген сұранысты әлемдік деңгейде арттырары анық.
Тоқсан ауыз сөздің түйінін тарқатсақ, бал татыр дәмі бар қауын мен дертке шипа болған қарбыз тұқым өндірісін қолға алып, қос өнімді брендке айналдырсақ, соңғы 30 жылда жеткен жетістіктердің бірі болар еді. Бұл аудан экономикасының артуына сеп болып, қос тәттіге деген сұранысты әлемдік деңгейде арттырары анық.
Мейіржан ҚАЙРАТҰЛЫ
Суретте Алпысбай Сәрсенбаев, еңбек адамы
түсірген Бақытжан БӘЙІМБЕТ
түсірген Бақытжан БӘЙІМБЕТ