Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Шиелінің тәттісі таңдайда тұрса бал татып

Шиелінің тәттісі таңдайда тұрса бал татып

Сырлы да сыйлы, қасиетті Шиелінің топырағы – «таяқ тастасаң тал шығатын» құнарлы жер. Жалпы ежелгі Сырдария өзенінің орта ағысында орын тепкен қастерлі мекен. Шығысында алты алашқа белгілі Сығанақ, Бестам шаһары, теріскейінде Оңтүстік өңірге етене сұғына орналасқан қазақ тауының атасы қарт Қаратау жатыр. Еліміз егемендік алған жылдардан бері бұл өлке қарыштап, қарқынды даму үстінде. Өндіріс, ауыл шаруашылығы, шикізат өнеркәсібі жағынан Қазақстан экономикасына елеулі үлес қосуда. Шиелі – табиғаты сұлу, климаты керемет жер. Жерінің беті мен асты тұнған байлық. Топырағы егін егуге өте қолайлы. Мәселен, Өзбекстанда Хорезм, Түркіменстанда Шаржоу, Қазақстанда Сыр өңірі дүниежүзі бойынша күздік қауын өсіретін ең ірі аймақ десек, Шиелі – бақша өнімін өндіруден алдыңғы қатарда тұратын өлке.
Бірде еңбекшілік Алпысбай ағамыз жол бойында қауын-қарбыз сатып отырса керек. Сырты торланып, сап-сары, дөгелене піскен қауынға жас жұбайлардың көзі түсіп, дереу сатып ала қоймақ болады. Сонда әлгі ағамыз әзілмен қағытып «Бұл қауынды түнде жеуге болмайды. Таңертең ұйқыдан тұрған соң жеңіздер, әйтпесе, еріндеріңіз жабысып қалуы мүмкін» депті. Оңтайлы тұста орайын тауып, қауынның қаншалықты шырынды екенін астарлы әзілмен дөп жеткізгенін көрмейсіз бе? Алысты-жақынды көршілес ағайындар іздеп жүріп алатын бұл өнімнің брендке айналуы да бекер емес. Жаз бойы жұпар иісі аңқып, шөліңді басатын қауын-қарбызға қыстыгүні аңсарың ауа түседі. Сол сәттерде қыстың қамын жаз ойлайтын шиеліліктердің қауын қағы мен қауын құртын іздейміз. Осы сәтте неге Шиелінің кәмпитін шығармасқа деген ой келеді?
Қазалының тәтті, Жаңақорғанның мұз кәмпитін білеміз. Қазақстанға таралған «Қазалы кәмпиті» сол ауданның атын республикаға танымал етті. Ендеше, қауын мен қарбыздың дәмі шығатын тәтті ойлап табу шиеліліктер үшін де қиын іс болмас. Жалпы өңірде шамамен 551 шағын және орта кәсіпкерлік субьектісі жұмыс істейді. Президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Тиімді шағын және орта бизнес қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Әсіресе микробизнес еліміздің әлеуметтік және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді. Жұмыссыздықты азайтады. Салық базасын құрап, сондай-ақ жаппай кәсіпкерлікті дамыту ісінде санаға сіңген масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді. Мұның бәрі де кәсіпкерліктің кең өріс алып, дамуына жол ашады» деп атап өтті. Иә, кәсіпкерлік бүгінде даму жолына түскен Қазақстан экономикасының қозғаушы күші. Әлемнің дамыған отыз елінің қатарына ұмтылған тұста кәсіп көзі жеңіл өнеркәсібімізге де, агро азық саласына да, тіпті, қоғамдық-рухани, білім саласына да негіз болып отыр. Қоғамның қай саласының болсын қозғаушы күші – шағын және орта бизнес екені даусыз. Яғни тың бастаманы көтеріп, ұтымды жоспар құрған әрбір азаматқа қолдау көрсетіледі деген сөз. Сондықтан Шиелінің қауын-қарбызынан джем, тосап әзірлеп, қауын-қарбыз дәмі шығатын кәмпит шығаруды қолға алудың жолын қарастыру керек сыңайлы.
Тәтті дәмі таңдайда қалатын бұл өнімнің ерекшелігі өзіміздің өнімнен жасалуында. Яғни ала жаздай қауын-қарбыз егіп, дайын өнімді қайда өткізерін білмей сабылған диқандардың ісіне де береке кірмек. Қара күзге дейін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолын жағалай қауын-қарбыз сатуға шыққан адамдар тәтті шығаратын кәсіпорын ашылса сонда өткізер еді. Сондай-ақ қауын-қарбыз шикізат ретінде ғана емес, дайын өнім түрінде де халыққа ұсынылатын болады. Бұл кәсіп ашамын деп бел буып, қандай істен бастарын білмей жүрген адамдар үшін ұтымды ұсыныс емес пе?
Аталған өнімнің неден жасалатынын жоғарыда атап өттік. Ал оның тартымды әрі өтімді болуы үшін сыртқы қабының әсемділігіне тоқталайық. Қауын сынды сопақ, қарбыз сынды дөңгелек пішінді тәттілердің сыртындағы қағазына сары, жасыл түстерді беріп, ерекше атау ойлап таба қойсаңыз жеткілікті. Одан әрі бұл өнім құрамын патенттеп экспортқа шығаруға жұмыс істесек, ауданның экономикасы артып, тәттісі де брендке айналар сәт жақындай түспек. Жаппай кәсіпкерлікті қолдау аясында ауданда көптеген кәсіп көзі ашылып, тұрғындар жұмыспен қамтылуда. Екі қолға бір күрек таппай, жұмыссыздың ұзын сонар тізімінде тұрғандардың қатары сиреп, қоғам көшімен ілесе жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда дүкен сөрелерінен өзіміздің отандық өнімдер қара көрсетіп, Шиеліде шығарылған тағам түрлерін тұтынудамыз. Бұл жеткен жетістіктеріміздің жартысы ғана. Әлі алда үлкен жоспарлар мен тың идеяларға толы ұсыныстар жетерлік.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ

23 қараша 2019 ж. 800 0