Дала күні: Бағыт бақша дақылдарына бұрылмақ
Бейсенбі күні Бестам ауылдық округіндегі «Алтын дән» шаруа қожалығында дәстүрлі «Дала күні» семинары өтті. Семинарды Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы басқармасының қолдауымен Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды. Шара «Инновациялық тәжірибені тарту және енгізу жөніндегі қызметтер» 019 бюджеттік бағдарламасы бойынша іске асты. семинар бақша дақылдары, оның ішінде асқабақ пен картоп өнімдеріне арналды. Себебі, осы жылы ғалымдар инновациялық технологияларды қолдану арқылы асқабақ пен картоп сорттарын тәжірибеден өткізді. Аталған жиынға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары, Ы.Жақаев атындағы қазақ-күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Бақытжан Дүйсенбеков пен ғалымдар және Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты – инновациялық технологиялармен жұмыс істеуді диқандарға үйрету және бақша өнімін арттыру. Бұл туралы институт басшысы айтты.
– Қызылорда облысының егін шаруашылығы күрішпен тығыз байланысты. Алайда, су тапшылығынан көретін шығындар орын алады. Міне, біз осы шығынды азайту мақсатында Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы басқармасы мен министрлік бекіткен мемлекеттік бағдарламасына сәйкес күрішті өсіретін алқаптың санын 75-85 мың гектар көлемінде сақтап тұру мақсатында жұмыс істейміз. Осы орайда 186 мың гектар суармалы жерде күріштің үлесін азайтып, оның орнына әртараптандыру дақылдарын егу керек. Бұлардың қатарында мал азықтық, майлы, бау-бақша, соның ішінде көкөніс пен картоп дақылдары да бар. Бүгінгі семинар осыны негізге ала отырып жүргізілуде. Яғни күріштің ауыспалы егістігінде және одан бөлек су қиын баратын жерге картоп дақылдарын егу арқылы бақша өнімдеріне сұранысты арттырамыз, – деді ол.
Көктемде тәжірбиелік мақсатта аталған шаруа қожалықтың 2,5 гектарына «Афродита», «Карина», «Мозолевская 10» сорттары бойынша асқабақ дақылы, 2 гектар жерге «Ақсор», «Жанайсан», «Үшқоңыр» сортындағы картоп дақылдары егілген болатын. Оған қожалықтағы қызметкерлерден бөлек, институт ғалымдары да күнделікті бақылау жасап отырған. Аурулар мен зиянкестерге және арамшөптерге қарсы фитосанитарлық жұмыстарын жүргізу арқылы тұқымның сапасын арттырған. Осы тұста қатысушыларға қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының селекционері Жүрсінкүл Тоқбергенова:
– Қазақстанда картоптың 112 сорты шығарылса, соның 50 пайызын институттағы ғалымдар ойлап тапқан. Биыл Шиелі ауданына еккен сорттар фитофтороз бен вирусқа төзімді. Олардың түйнектері тотығумен зақымданбайды. Сондай-ақ «Үшқоңыр» сорты биыл Қызылорда облысында бірінші рет егілді. Біз Оңтүстік Америкамен бірлесе жұмыс істей отырып, осы сортты шығардық. Балалардың пюресін дайындауға тіл үйіретін картоп. Ал «Ақсор» мен «Жанайсан» сорттары бұрыннан бейімделген тағамдық өнім, – деп картоп дақылы бойынша аталған сорттардың сапасы туралы тарқатты.
Одан соң 019 бюджеттік бағдарламасының жетекшісі Қанағат Бегалиев тәжірибеден кейін күтетін нәтижені тілге тиек етті:
– Қазіргі кезде мал мен егін шаруашылығын қатар алып жүргендер ұтылмайды. Ол үшін малазықтық асқабақ егетін болса, ең біріншіден нәрлі азық болатын еді. Біздің еккен асқабақ дақылдары әуелі құнарлы азық, содан кейін сүттің сапасын арттырады. Ал картопты егу арқылы біз ішкі сұранысты ғана қанағаттандырып қоймай, эскпорттауды да қолға ала аламыз. Себебі Шиелінің жері киелі. Әсіресе «Алтын дән» қожалығының топырағы құнарлы. Егер осы картоп шаруашылығын қолдасақ, бұл жер толық бақша дақылдарымен айналыса алады.
Тағы бір айта кететін жайт, енді инновациялық технологиялар арқылы егіс даласындағы қол жұмысы 80-85 пайызға жеңілдейді. Сонымен қатар заманауи технологияның өнім өндіруге кететін шығынды төмендетуге мүмкіндігі бар.
Семинар соңында өңір басшысының орынбасары мен аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы «Алтын дән» шаруа қожалығына келешекте картоптың элиталық тұқым шаруашылығы статусын алуға қолдау көрсетіп, жергілікті әкімшіліктен арнайы техникамен қамтамасыз етуге уәде берді.
Маржан БОЛАТҚЫЗЫ