Қармақшыда майлы дақылдардың отандық сорттары егілді
ҚАРМАҚШЫ. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қармақшы ауданында инновациялық технологияларды қолдану арқылы майбұршақ және мақсары секілді майлы дақылдардың отандық сорттары өндіріске енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керектігі айтылған.
Бұл жоба Қармақшы ауданы «Тұрмағамбет» ЖШС егістігінде жүзеге асырылды. Оны Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ЖШС ғалымдары қолға алды.
Жоба негізінде қол жеткізілген табыстар «Қызылорда облысының шаруашылықтарына инновациялық технологияларды қолдану арқылы майлы дақылдардың отандық сорттарын енгізу» тақырыбында өткен семинар барысында талқыланды. Оған ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары, аудандардың шаруашылық төрағалары мен өкілдері, институт басшылығы мен ғалымдар және ғылыми қызметкерлері қатысты.
Шаруашылық басшылығы институт ғалымдарымен байланысты нығайтып, жоғары өнімге қол жеткізуге қадам басты. Тәжірибелер мен нәтижелер сарапталған жиында қатысушылар институт ғалымдарынан көкейлерінде жүрген сауалдарға жауап алды.
inform.kz