Қармақшыда дәстүрлі қазақ өнерінің академиясы ашылады
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының Қармақшы ауданы дәстүрлі қазақ өнерінің академиясы ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Жағымды жаңалықты облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Қармақшы ауданының құрылғанына 80 жыл толу мерейтойына арналған аталмыш шара барысында жергілікті жұртшылыққа жеткізді. Облыс басшысы қармақшылықтарды мерейтоймен құттықтап, ауданның облыстың әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени дамуына қосқан үлесін атап өтті. «Қармақшы ауданы - барша түркі жұртының абызы, данагөй Қорқыт Ата мекені, Сыр өңіріндегі ежелгі астаналардың бірі - сақтардың ордасы Шірік Рабат шаһары орналасқан қасиетті жер. Балқы Базар, Дүр Оңғар, Жиенбай жырау, Ешнияз сал іргесін қалап, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет Ізтілеуов күмбезін көтерген жыр керуені - Қармақшы жерінің «Жүз шайыр елі» аталуына себеп болды. Жақын арада Қызылорда қаласында аймағымыздың, оның ішінде Қармақшы ауданының мәдени мұрасын заманауи деңгейде дәріптеп, насихаттау үшін аймақта Қазақтың дәстүрлі өнер академиясын ашуды жоспарлап отырмыз», - деп хабарлады облыс басшысы «Қармақшы - елдік пен ерлік мекені!» ғылыми-танымдық конференциясының барысында. Одан бөлек, Қармақшы ауданынан шыққан ұлт мақтаныштары Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жауынгер ақын Әбзәли Егізбаев, Кеңес одағының батыры Тәйімбет Көмекбаев, Еңбек ері Цай Ден Хак, Әділбек Хайруллаев, Сәлима Жұмабековаларды да атап өткен жөн. Сондай-ақ, конференцияда «Қармақшы» кітабының авторлары - филология ғылымдарының докторы Бағдат Кәрібозұлы мен тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеев, ауданның Құрметті азаматтары - Бақберген Досманбетов, профессор Темірхан Тебегенов, жырау Алмас Алматов баяндама жасады. Шара барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Т.Көмекбаев, Иіркөл және Қуандария ауылдық округтарының шаруашылықтарына көгалдандыру жұмыстарына арналған арнайы техника - тракторлардың кілтін табыстады. Сонымен қатар, Қармақшы ауданында республикалық ақындар айтысы, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, Иран-Ғайыптың «Қорқыттың көрі» спектаклінің көрсетілімі және орталық алаңда мерекелік гала-концерт ұйымдастырылады.