Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Отандық сорттың орны бөлек

Отандық сорттың орны бөлек

Сыр өңірінде күріш дақылын өсірудің ежелден қалып­тасқан дәстүрі сақталған. Бүгінде тоқсан жылға таяу тарихы бар Ы.Жақаев атындағы Күріш ғылыми-зерттеу институты жаңа сорттарды өндіріске енгізуде.  Қазіргі таңда институт ғалымдары жаңа технологияны енгізе отырып, ауыл шаруашылығын әртараптандыруға, өнім сапасын арттыруға көңіл бөліп отыр. Жуырда ҚР Сенаты депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Бекмырза Еламанов аталған институттың егіс алқабында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Сондай-ақ, ғалымдарды толғандырған мәселелерге ден қойды.
Айталық, бүгінде институт­тың арнайы тәжірибе алаңында 500 гектардай егістік алқап бар. Онда күріштің 17 сорты өсірілуде. Мұндағы мақсат – на­рық­та сұранысқа ие, экспортқа шыға­рылатын өнім түрлерін өндіріске енгізу. Осы бағытта Иран, Өзбекстан, Ресей елдерінен әкелінген күріш сорттарын жергілікті жердің ерекшелігіне сай бейімдеу. Айта кетейік, аталған институт ғалымдарының «Маржан» сорты еліміздегі күріш егісінің жартысынан астамына егіліп, шет елдерде де кеңінен танылған. Сырдың тұзды топырағына төзімді күріш сортына әлі де сұраныс бар. Сондай-ақ, соңғы жылдары шығарылған «Ай Керім», «Сыр сұлуы» күріші және «Алтын арай», «Зарина» аталатын бидай сорттары өзге сорттарға қарағанда біркелкі, биік әрі тығыз өсіп келеді. Мұның басты себебі, аталған дақылдардың  өңір табиғатының ерекшелігіне бейімділігі. Тағы бір айта кетерлік жаңалық, бүгінде күрішке күтім жасау жұмыстары замандық техноло­гияны пайдалану  арқылы жү­зе­ге асырылып отыр. Атап айт­қанда, шағын ғана дронды пультпен басқара отырып, егіске қа­жетті тыңайтқыштарды нақ­­ты мөлшерімен беруге  болады. Мұнан бөлек, БҰҰ «Да­му» бағ­дарламасымен 2 гек­­тар жерге тамшылатып суару әдісімен қауын және басқа көкөністер егіл­­ген. Үш жылдан бері қолға алынған бұл жұмыс та өз нәти­жесін беруде. Институт ға­лымдары кезіндегі «Күләбі» қауы­нындай жоғары сортты қауын өсіріп шы­ғаруға ден қойып отыр. Мамандардың айтуынша, 1 гектардан 50-60 тоннаға дейін бақша өнімдерін алуға болады. Бұл жұмыстардың басы-қасында тер төгіп жүрген Әсет Мырзаханұлы, Құрманбек Бәкірұлы, Камалдин Шермағанбетов, Қанағат Бегалыұлы сияқты ғалымдардың еңбегі зор. Жалпы институттың өндіріс саласында 130 адамдай еңбек етеді.
Жоғарыда аталған ғалым­дар­дың айтуынша, бүгінгі таңда Үкіметтің тапсырмасымен, оннан астам шетелдік сорттарды сы­нақтан өткізіп, Сыр өңіріне енгізу мүмкіндіктері зерттелуде. Өкінішке орай, оның ішін­де отандық сорттарды зерттеу қарастырылмаған. Осы та­лап­қа сай егістіктегі 17 түрлі күріш сортының үшеуі – Иран, екеуі – Өзбекстан, 11-і Ресейден әкелінген. Биылғы көктемнің қолайсыз ауа райында сырттан әкелініп егілген сорттар өсімдіктерінің тығыздылығы «Маржан» сортынан төмен болды. Яғни,  ғалымдардың көп жылдық тәжірибесі бойынша отандық өнімді өсіру әлдеқайда тиімді екені белгілі болып отыр. Өйткені олар өз жеріміздің табиғи ерекшеліктеріне төзімді әрі өнімділігі де жоғары.
Кездесуде сенаторлар  инс­титут ғалымдарының енгізген жаңалығы – «Сыр сұлуы» және «Ай Керім» сорттарына  қы­зығушылық танытты. Се­бебі, атал­ған сорттардың нарық тала­бындағы бәсекеге қабі­­лет­тілігіне сенім артуға болады. Мамандардың айтуын­ша, болашақта бұл сорттар аймақ­тағы егілетін күріштің 60-70 процентін қамтиды деген болжам бар. Ал, «Алтын арай», «Зарина» бидай сорттары мал шаруа­шылығын дамытуға мол мүмкіндік берері сөзсіз. Сондай-ақ, кездесуде аталған институт директоры С.Өмірзақов ғылымды дамыту ісінде қиындық тудырып отырған бірқатар мәселелерді сенаторлар назарына ұсынды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».
24 шілде 2018 ж. 946 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031