АЙМАҚҚА НАЗАР – ДАМУҒА ДАҢҒЫЛ ЖОЛ

Өндіріс орны – өңір өзегі
Мұрат Нәлқожаұлы алғаш болып «РУ6» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Уран өндірісімен айналысатын бұл ірі кәсіпорын 2500-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Мұнда кен орындарын игеруден бастап, қалдықтарды қауіпсіз өңдеуге дейінгі барлық үдеріс қатаң бақылауға алынған. Жұмысшылармен кездесу барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар депутат назарында болып, алдағы уақытта тиісті деңгейде қаралатыны айтылды. Денсаулық саласына инвестиция – ел болашағына сенім
Денсаулық сақтау саласын дамыту – басты міндеттердің бірі.
Осы бағытта аудан орталығында салынып жатқан 30 орындық жұқпалы аурулар бөлімі – нақты қадамның көрінісі. 2,3 млрд теңгеге бағаланған бұл нысанның 92 пайызы бүгінде аяқталған. Құрылыс алаңында 70-ке жуық адам еңбек етуде, оның 15-і – жергілікті тұрғындар. Жаңа медициналық бөлім заманауи стандарттарға сай қызмет көрсетуге мүмкіндік бермек.
Ауыл аманаты аясындағы кәсіп – табыс кепілі
Ауылдық жердегі кәсіпкерлікті қолдау – әлеуметтік тұрақтылықтың кілті. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында ашылған бизнесинкубатор орталығы ерекше назар аудартты. Жоба құны – 15,7 млн теңге. Қазіргі таңда бұл орталықта: ЖК «Жұлдызай» – кондитерлік цехы, ЖК «Нұрислам» – жарнама агенттігі, ЖК «Бақымова» – аниматорларға арналған тігін шеберханасы, ЖК «Кәусар» – жартылай дайын өнімдер өндіру, ЖК «Орда» – қағаз майлықтар шығару цехы сияқты кәсіптер жұмыс істеуде. Аталған жоба арқылы аудан тұрғындары өз кәсібін дөңгелентіп, табысын арттыруда. Бұл бастама ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және кәсіпкерлікті дамытуға зор серпін беруде.
Жастар дамыса – ел дамиды: Шиеліде жаңа мүмкіндіктер көкжиегі кеңейді
Мемлекеттің болашағы – білімді, өнерлі, отансүйгіш жастардың қолында. Ел Президенті мен Үкіметінің жастар саясатына баса мән беруі – жастарға арналған сапалы инфрақұрылымның кезең-кезеңімен дамып келе жатқанын көрсетеді. Бұл ретте М.Ергешбаевтың Шиелі ауданындағы сапары аясында жастарға арналған нысандардың құрылысымен танысуы – маңызды назар мен қолдаудың көрінісі. Аудан орталығында салынып жатқан 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» – тек ғимарат қана емес, жергілікті жастардың шығармашылық және танымдық әлеуетін арттыруға бағытталған әлеуметтік бастама. Қазір нысанда 50-ден астам жұмысшы еңбек етуде, олардың 70%- ы – Шиелі кенті мен оған жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары. Жаңа нысандар пайдалануға берілген соң, аудан жастары бос уақытын тиімді өткізіп, білім мен өнерге деген қызығушылықтарын тереңдете алады. Әсіресе, Өнер мектебі – ауданнан жаңа таланттардың шығуына, ал «Оқушылар үйі» – заманауи үйірмелер мен шығармашылық жобалардың дамуына негіз болады. Мәжіліс депутаты бұл бағыттағы жұмыстарды қолдайтынын айтып, өңірлердегі жастар инфрақұрылымын дамыту ел болашағына салынған стратегиялық инвестиция екенін атап өтті. – Жастарға жағдай жасау – бұл жай ғана әлеуметтік қолдау емес, елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған нақты саясат. Ауылдағы бала да қаладағы құрдасымен тең мүмкіндікке ие болуы тиіс, – деді депутат. Осындай нысандардың салынуы – Шиелідегі әлеуметтік инфрақұрылымның жаңарып қана қоймай, жастарға сенім мен серпін сыйлайтын нақты қадам екенін көрсетті. Мұрат Ергешбаев жұмыс сапары барысында тұрғындармен ашық пікір алмасып, ел ішіндегі түйткілді мәселелер мен нақты ұсыныстарды тыңдады. Жергілікті жұртшылықтың көтерген мәселелері ескеріліп, Парламенттік деңгейде қаралуға жолданбақ. Бұл – билік пен халық арасындағы байланыстың нығайғанын, елдің дамуында өңірлерге бағытталған нақты саясаттың бар екенін көрсетеді. Аймаққа бағытталған әрбір сапар – тек тексеру емес, тыңдау мен түсіну, бағалау мен бастама көтеру алаңы. Демек, аймаққа назар аударылған сайын ел дамуына даңғыл жол ашылады.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТ