ТІЛ – ЕҢ АСЫЛ ҚҰНДЫЛЫҚ

«Тіл туралы» заңда «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір адамның парызы» деген. Әрине ұлттың ең бірінші, ең қасиетті сипаты – оның ана тілі. Ұлт анасы тіл болып есептеледі. Сонымен бірге ұлттың өмір сүруінің бірінші шарты. Конституциямыздың 7-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі деп анық жазылған, Ата Заңымыздан туындаған «Тіл туралы» Қазақстан Республикасының заңында да осы жағдай берік қамтылған. «Қазақ тілі – рухани байлығымыздың қайнар бұлағы» деп бекер айтылмайды. Қазақ елінде, қазақ жерінде қазақ тілі өркендеуі тиіс. Ол үшін ана тіліміздің қадір-қасиетін өзіміз білуіміз, насихаттауымыз керек. Ана тілі ана сүтіндей өте қасиетті. Қазіргі жастардың бірқатары ана тілін білмейді, құрметтемейді. Ал кейбіреулері бірінші орынға шет тілдерін қойып, қазақ тілі қазағымыздың байлығы екенін түсінбейді. Тіл туралы жазу, ол туралы айтудан қашпау да, жалықпау да керек. Себебі тіл бүкіл бір халықтың жүрегі. Оның бойында ұлттық болмыс, ұлттық рух, дәстүр мен салт жатыр. Сондықтан әр халық өз тілінде мақтанып қана қоймай, оны дамытып, жұмыс жасауы керек. Себебі қазір әлемде жойылып кетуі мүмкін тілдер қатары бар. Бұл тілдер қолданыстан қалып, сөйлеуі мен өмір сүруін тоқтатқандар. Оған басты себеп сол ұлттың не халықтың жойылып кетуі тікелей себеп болады. Одан қала берді отарға тап болған елдердің де тілдері сол держава тіліне бағынып, өз өмір сүру салтын жоғалтады. Тіл – ең ұлы қару. Тіл – ең асыл құндылық. Тіл – ең керемет қатынас құралы. Қазақ тілі – әлемдегі мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлеу стилі сұлу, ерекше тіл. Тек қолданатын халықтың саны аз демесеңіз, бұл тілдің құдіреті ерекше. Батырлар мен хандар, шешендер осы ана тіліміз арқылы дау шешіп, соғыстың бетін қайтарған. Тіл өлсе, ұлттың да өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан сіз қай ұлттың өкілі болмаңыз, тіл үшін күресуге міндеттісіз. Сол тілде сөйлейтін соңғы адам болсаңыз да, тіліңіз жайында аманат қалдыруға, мұра қалдыруға тырысуыңыз керек. Себебі сіздің тілде жазылған құнды тарихи деректер, кейінгі ұрпақ үшін үлкен рөл ойнауы мүмкін. Мәселен, кезіндегі орхон жазулары, руна жазулары бүгінгі көптеген түркі халқында тән тарихи деректердің көзін ашып беріп отыр. Ендеше сіздің де тіл өлмесе, ертеңгі ұрпақ үшін, жалпы адамзат үшін үлкен мәнге ие болары сөзсіз. Өз тіліңізді сүйе отырып, өзге тілге құрмет білдіріңіз. Тілсіз тірліктің тасы өрге домалайды десе, қателесесіз. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегендей, өз ана тілімізді құрметтейік!
Алтай БҰЙРАБЕКОВ,
Шиелі ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары,
полиция подполковнигі
Шиелі ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары,
полиция подполковнигі