Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тіліміз сәнге айналса, тірлігіміз төрге озады

Тіліміз сәнге айналса, тірлігіміз төрге озады

 Қазіргі таңда туризмнен түсер пайда көп. Тіпті кез-келген жаннан сұрай қалсаңыз шет ел асып, Стамбұл, Дубай, Катар, Мальдив аралдарына саяхат жасауды армандап жүргенін тілге тиек етеді. Әрине, «тіл білген – ел біледі» дейміз осындайда . Әлеуметтік желіде Қазақстанға келген туристердің «спасибо» деген сөзіне, «спасибо, Россия. «рақмет» Қазақстан» деп жауап қатқан саудагер жігіттің әрекеті көпшілікті сүйсінткені еске еріксіз оралады. Осылайша, қазақ тілін сәнге айналдырып, туристердің қызығушылығын арттырған сәттер көп. Бұл қазақ тілінің өрісін кеңейте түсуге түрлі мүмкіндіктер қолымызда тұрғанының айғағы емес пе?
Әлемде 7 мыңнан астам тіл бар екен. Ал Ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдер арасында 79 орынға табан тірепті. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында "Қазақ тілінің бәсекеге қабілеті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналды, жастарымыз оны меңгеруге ұмтылатын болды. Мемлекеттік тіл азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды фактор саналады» – деген болатын.
Жалпы, Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүреді. Бүгінде Қызылорда облысында 96 пайыз қазақ, 4 пайызға жуық өзге ұлт өкілдері тұрады. Яғни, бұл облыста 35 мыңның үстінде өзге этнос өкілдері өмір сүріп жатыр деген сөз. Ал Шиелі ауданында, жалпы халық саны 85 мыңнан асса, оның 3646-сы өзге этнос өкілдері. Атап айтқанда, корейлер – 671, орыстар – 1641, шешендер – 82, татарлар – 74, өзбектер – 82, украиндер – 15, әзірбайжандар – 32, немістер – 14, башқұрттар – 6, молдавандар – 5, гректер – 2, қырғыздар – 6, марийлер – 2, ұйғырлар – 3, яғни 18 ұлт өкілі киелі мекенде келісті өмір сүріп жатыр.Шиелінің  бір кереметі, орысы қазақша амандасса, кәрісі қазақ тілінде сайрап тұр. Оның бір дәлелі Елена Пак. Қазақ тілін біліп қана қоймай ұлы Абай Құнанбаевтың 150 өлеңін жатқа айтады. Көмейінен төгілген қара сөздер анық әрі нақ айтылады.
Тілге құрмет – елге, жерге, ең алдымен өзіңе деген құрметтен басталады. Президент Қасым Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» мақаласында: «Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты. Мәселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты» деді.
Иә, ниет болса қиын іс жоқ. Тіл саясатының басты мақсаты да халықты қазақ тілінде сөйлету. Ресми мәліметтер бойынша, Қазақстандағы түркітілдес халықтардың ішінде өзбектердің 95,5%-ы, ұйғырлардың 93,7%-ы, қырғыздардың 92,7%-ы қазақ тілін тұрмыстық деңгейде, ал 12%-ы жоғары деңгейде меңгерген. Славян этностар өкілдерінің арасында ауызекі қазақ тілін орыстардың 25%-і, украиндардың 21,5%-ы, белорустардың 19%-ы, поляктардың 20,9%-ы, сондай-ақ немістердің 24%-ы түсінеді. Олардың ішінде қазақша оқып, жаза білетіндердің үлесі 2,9%-ды құрайды. Бұл өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін білуге ұмтылысы.
Осыдан 1 жыл бұрын Шиелі аудандық «Өскен өңір» газеті редакциясына Алманиядан Марина Фрай хабарласқан болатын. Өзімен тілдескенде алған әсерім әлі күнге есімде. 2000 жылы Германияға көшкен Нелли Обендерфер Шиелі ауданының тұрғыны еді. Ол отбасымен 1940 жылы небәрі 2 жасында Украинадан Шиелі ауданы, Алғабас ауылына қоныс аударып келген. Кішкентайынан Шиелі топырағында өскен Нелли 1955 жылы украин ұлытының азаматы Томасқа тұрмысқа шығып, 1995 жылға дейін Жаңатұрмыс ауылында тұрады. Дүниеге 10 бала әкелген батыр ана. Қазақша еркін сөйлейтін Нелли Обендерфер 25 жыл Байсын ауылындағы №207 Жаңатұрмыс орта мектебінде тазалықшы болып жұмыс істейді.
Шиеліден сонау Германияға отбасымен көшіп барғанымен, елеңдеп елге қарайлап отыратын Нелли Обендерфер сол жақта өмірден өтті. Бірақ дүниеден өтер алдында қызы Марина Фрайға Шиеліге соңғы сәлемін жеткізуді аманаттаған екен.
– Анам тек қазақша сөйлейтін. Бізге де қазақша тәлім-тәрбие берді. Салт-дәстүрді үйретті. Бауырмал, тату-тәтті болыңдар деп қазақ балаларын үлгі етті. Германияға көшіп барғанымызбен Шиеліні аңсап, сағынып отыратын. Жаңатұрмыстағы көршілеріміз Дүкенбай аға мен Разия апа, Жақсылық аға мен Рахима апа, Аманбай аға мен Рабиға апаны жиі айтып, «мен бұл дүниеден кетсем, менің соңғы сәлемімді соларға жеткіз» деп айтып кетті, – деді М.Фрай. Осылайша, ана аманатына адалдығын білдірген Марина Германиядан бізге хабарласты.Елден кеткеніне 24 жыл өтсе де қазақ тілін ұмытпай, қазақша сөйлеп, оған құрметін көрсеткен Маринаның бұл ісіне қалайша разы болмасқа...
Бүгінгі таңда Қазақстанда өсіп-өнген қаншама өзге ұлт өкілдері Отанына оралғанымен қазақ тілін ұмытпай жүргендері жетерлік. Тіпті өзіміздің жастар да білім-ғылымды меңгеріп шет ел асуда. Олай болса осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, әлемнің әр түкпірінде жүрген жандармен байланыс орната отырып, қазақ тілді қысқа контенттер түсіріп, әлеуметтік желілермен жүйелі жұмыс жүргізсек әрі қазақ тілізді әрі туризмді дамытуға болар еді. Мәселен өзге елдер жүрген жандар Қазақстанның тарихи жерлері мен қызықты деректерін сөйлете отырып түрлі контенттер жасаса оны тек қазақстандықтар емес өзге ұлт өкілдері де көреді.
Бұл бастаманы Мемлекет басышысыҚасым-Жомарт Тоқаев та өолдайды. Ол "Шығармашыл жастар және креативті индустрия мемлекеттік тілді дамыту ісіне пайдасын тигізе алады. Мемлекет экономикадағы болашағы зор осы саланың өркендеуіне барынша қолдау көрсетеді. Отандық және әлемдік нарықта қаржылық жағынан тиімді әрі сұранысқа ие болатын түрлі контентті қазақ тілінде жасау қажет. Бұл жерде әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындары туралы айтып отырмын", – деді. 
Бастысы қазақ тілінің келешегін ойласақ қарап қалмай, қамданып жаңашылдыққа бейімделе білуіміз керек-ақ. Әсіресе бұл бағыттағы басымдық қазақ тілді компьютерлік ойындарға берілсе нұр үстіне нұр болмақ.
Гүлнәр Дүйсебай
21 маусым 2025 ж. 16 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№48 (9315)

01 шілде 2025 ж.

№47 (9314)

28 маусым 2025 ж.

№46 (9313)

24 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031