Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақ тілін төрге оздырамыз десек...

Қазақ тілін төрге оздырамыз десек...

Дүниеге қазақ елі Тәуелсіздік алған жылы келіппін. Содан бері отыз бір жыл зуылдап өте шықты. Ана сүтімен дарыған ұлттық тіліміз қазақ тілі болғандықтан, сол тілде сөйлеп, сол тілде оқып өстік. Заңгерлік жоғары білім алдық. «Біреулер уақытты жеткізе алмайды, біреулер уақытты өткізе алмайды» демекші, қолымыз қалт етсе газет-журнал оқимыз.
Сонда байқағаным, сонау Алаш ардақтыларының ана тіліміз туралы зар жылап «тіліміз жойылса, ұлтымыз да жоқ болады» деген сыңайлы сөздерін оқып, олар армандаған бодандықтан босадық десек те, тіліміз байланып, тілімізден айырылып қалуға шақ тұрғанымыз жанымызға батады. Ата Заңымызда Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Осы Конституциямыздың 7-бабының 2-тармағында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады делінген. Әлемде екі жүздей мемлекет болса, солардың ішінде екі тілде сөйлейтін халық қазақтар ғана екен. Қазақ тілі мәртебесін көтереміз деп келеміз. Оған үштілділік келіп қосылды. Дегенмен қазақ ұлты барда қазақ тілі жойылады дегенге өз басым сенбеймін.
Эпостар мен жыр-дастандарды оқысақ, қазақ ақылды, батыр, шешен, сөзшең, мейірімді, жанашыр, көпшіл, ақкөңіл, сенгіш халық. Кейін бірте-бірте еліктеушілік пен жағымпаздық белең алып кеткенінде жоққа шығармаймыз. Бүгінде ана тілімізге жанашырлық танытуда орыс тілді қазақтарымыздан гөрі, мемлекетімізде тұратын этнос өкілдері белсенділік көрсетіп келеді. Мәселен, Сыр өңірінен сайланған Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповскихтің «сыртым орыс болса да, жүрегім қазақ» деген сөзін баспасөзден оқып, риза болдым. Ол қазақ тілінде жақсы сөйлейді. Сонымен қатар Геннадий қазақ тілінің арқасында біраз жерге барғанын, соның нәтижесінде халық ішінде сыйлы болып жүргенін айтқан. Қазақтар үшін өз тілінде сөйлеу – ұлтшылдық емес. Әр ұлт ана тілінде сөйлеуге құқылы. Біздің ұлтымызға, тілімізге тіл тигізіп, арандатушылық жасап отырған орыстық шовонизмге жол бермеуіміз керек. Елімізде қазақ тілінің мәртебесін дамыту – өзіміз сенім артып сайлаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолында. Мемлекет басшысынан бастап, Үкімет, министрлер, әкімдер мен сала басшылары қазақша сөйлесе, Қазақстанда тұратын қанша этнос өкілдері де қазақ тілінде сайрап шыға келер еді. Тіліміз туралы заң шығарылса, жаңа Қазақстан орнап, еститін үкімет келіп, бұрын Қазақстан да мемлекет болмаған дегендердің аузына құм құяр едік. Сөйлей беретіндер – көп, сөйлей білетіндер – аз дегендей, қазақ тілінің жанашыры болу азаматтық парызымыз.
Әрбір қазақстандық қазақ тілін білуі керек. Сіздер білесіздер ме, атыраулық қазақ қызы Фатима Молдашева Америкада қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, әлемдегі ең беделді университеттердің бірі Стэнфорд университетінде қазақ тілін үйренемін деушілерге сабақ береді екен. Фатима оған дейін Индиана университетінде интинсивті қазақ тілінен дәріс берген. Сондай-ақ Лос-Анджелес мектептеріндегі IT жүйесіне қазақ тілін енгізуге септігін тигізген. Оның бір студенті Крис Рис Мәншүк Мәметованың ескерткіші туралы диссертациясын қазақ тілінде жазған. Стэнфорд университетінде оқитын Стю Маклафин деген студент қазақ тілінің жоғарғы деңгейіне жеткен көрінеді. Қазақша сөйлегенде Фатимадан асып түспесе, кем түспейді екен. Фатима апай үйіндегі қос ұлдары Себастьян мен Жанасардың да қазақшасы судай екендігін мақтаныш көреді. Міне қазақтың ұлтжанды қызы әуезді қазақ тілін Америкада насихаттап, оны шет ел студенттеріне үйретіп, оқытып жүргеніне жүрегіміз қалайша жібімеске. Менің айтпағымда тынысы тарылған, еңсесі басылған ана тілімізге жанашырлық сезімімді оқырмандарға жеткізіп, ой бөлісу болатын. Тіліміз туралы жетпіс-сексен жылдан бері айтылып та, жазылып та келе жатыр. Елімізге керек болса, дұшпанымызға жақсылық тілейтін халықпыз. Әлі де «жақсылықтың жоқ сәулем ерте кеші» деп, әндете береміз бе?.

Дарын Әзімхан,
Шиелі АПб-нің ЖПҚб-нің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аға учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны
19 желтоқсан 2022 ж. 504 0