Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАҒЗЫМ – ТІЛДІ ҚҰРМЕТТЕУДЕН БАСТАЛАДЫ

ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАҒЗЫМ – ТІЛДІ ҚҰРМЕТТЕУДЕН БАСТАЛАДЫ

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Президент тәуелсіздік тарихын шартты түрде үш онжылдық ­белеске бөлген. Әр онжылдықта жеткен жасампаз жетістіктер мен толағай табыстарды тарқатып, «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз» екендігіне тоқталған. «Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз» деп нық сеніммен айтқан.
Қастерлі үш құндылықтың бірі – қасиетті қазақ тілі турасында: «Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл. Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені «Ата заңымызда» 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тәуелсіздік дәуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық. Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едәуір артты. Қазақ тілін, шын мәнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тәсілдері және кепілдіктері қалыптасты» дейді Мемлекет басшысы.
Көрнекті Алаш қайраткері Ғұмар Қараш «Ана тілін білуден ұлттың білім-өнері табылады. Ана тілін білмей тұрып, ешбір білім-өнер таратуға мүмкін емес. Ең әуелі ана тілін білу қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың білімі де, өнері де өршімейді. Тіл мүмкіндігінше сақталуға тиіс» дейді. Тілі өркендемеген ел ұлттық мемлекет болып салтанат құра алмайды. Тіл – ұлтты тарихи тамырымен тұтастандырып, ұлттың ұйысуына бастайды.
Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым Халел Досмұхамедұлы «Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – сүйініш; ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, бұл – күйініш. Өз тілін білмей тұрып жат тілге еліктей беруі зор хата. Бұл оқығандардың һәм оқушылардың есінен шықпауы керек» дейді. Нағыз қазақ өз ана тілін зор тұтып, бұрынғы асқақ бабалардай рухты болуы керек! Рух – ана тілмен тығыз байланысты құдірет! Рух – ана тілінен тамыр алып, бүкіл жан дүниеңді оятып, ұлт екеніңді сезіндіреді.
Тілге құрмет – алдымен өзіңе құрмет! Ал, ана тілін жетік білмейтіндерге тіл үйрету баршамызға ортақ міндет.

Нұрбол ҮСЕНБЕКОВ,
аудандық полиция бөлімінің кадр
саясаты тобының инспекторы
21 желтоқсан 2021 ж. 582 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (9258)

26 қараша 2024 ж.

№93 (9257)

23 қараша 2024 ж.

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930