ӨЗ ТІЛІҢДІ ҚҰРМЕТТЕ

Мемлекет басшысының Жолдауларын, басылымдардағы сұхбаттарын қолдап, ел арасында насихаттап отыру ардагерлік міндетіміз деп ойлаймын. Мен 2015-2020 жылдар аралығында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы «қоғамдық» бірлестігі Шиелі аудандық филиалының төрағасы болып, қоғамдық жұмыс атқардым. Облыстағы басшылығымызбен қолымыздан келгенше ана тіліміздің мерейін үстем етуге тырыстық. Орыстанған көше аттарын, мекемелердің аты жазылған тақтайшалар, мейрамхана, кафе атаулары, жарнамалар қазақшаланып, сол кездегі ішкі саясат, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық газет редакциясының қызметкерлері, тіл жанашырлары ретінде өткізіп, газет бетіне жариялап отырдық. Тіл туралы көптеген мақала жазып, қазақша білетін өзге ұлт өкілдерін де мақтап отырып, кездесулер ұйымдастырып, марапаттап отырдық. Еңбегіміз нәтижелі болды деп ойлаймыз. Одан бері де бес жыл өтіпті. Келешек саналы жастарымыз өсіп келеді. Қариялардың толысқан ақыл-кеңестерінен нәр алған олар-ненің не екенін, тілімізді, дінімізді, ділімізді түсіне бастады. Ана тіліміздің өзге тілдерден артықшылығын да аңғара білді. Қазір бала-бақшадағы бүлдіршіндер тіл туралы тақпақ айтшы десеңіз, ақын аталары Қадір Мырза Әлінің Ана тілің-арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте!- деп жамырап қоя береді. Рахатқа бөленіп қаласыз. Тіл-ұлт байлығы, мемлекет тірегі. Тіл мен ұлт-егіз ұғым. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысыт – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Тіл-қазақтың жаны. Дербес ұлт екендігінің белгісі. Мемлекетіміздің рәмізі, елдігіміздің символы. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Бүкілхалықтық референдум негізінде қабылданған Конституцияға сәйкес қазақ тіліне Мемлекеттік тіл мәртебесі берілген. Ол Ата заңымыздың 7-бабының бірінші-тармағында анық жазылған. Келесі тармақтағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөйлемді негізге алып, «бізде екі мемлекеттік тіл бар» деген жаңсақ түсінікте жүргендер де байқалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге нүкте қойды. Ол 2021 жылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл- қазақ тілі» деді. Тіл беделі – ұлт мәртебесі. Қазақ тілін білу – намыстан. Өзге ұлттар орыс тілін біле тұра, орысша сөйлемейді. Өз ана тілінде тіл қатады. Осы тілге байланысты данышпан Абай атамыз «Өзің құрметтемеген нәрсеге, бөтеннен қайтып құрмет күтесің» деп кеткен екен. Сондай-ақ өз тілімізді өзіміз құрметтемесек өзгелер неғылсын. Орысша білмейтін орыс жоқ, қытайша білмейтін қытай жоқ. Ал қазақша білмейтін қазақ көп. Неге? Тәуелсіз елімізде тіл өзекті мәселеге айналып отырғаны да шындық. Дегенмен соңғы кезде қазақ тілінің қолданылу аясының едәуір кеңейгені, мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін азаматтар санының көбейюі де бізді қуантады. Қоғамда қазақ тілінің рөлі одан әрі арта түсу үшін не істеу керек деп ойлайсыз? деген журналист сұрағына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев салиқалы жауап берді. - Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналды, жастарымыз оны меңгеруге ұмытылатын болды. Мемлекеттік тіл азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды фактор саналады. Қазақ тілінің бәсекеге қабілетті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келеді. Еліміздің бизнес өкілдері маркетинг саласындағы науқандарын қазақ тілінде сөйлейтін тұтынушылардың бәрі мемлекеттің өте абай болуды қажет ететін әрі саяси тұрғыдан маңызды саналатын осы саладағы саясаты тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді. Одан әрі Президент дүние жүзінде 7 мыңнан астам тіл бар екендігіне тоқталып, соның ішінде үш мыңнан астам тілге жойылып кету қаупі төніп тұрғанын, қазақ тілі бұл топқа кірмейтіндігін, ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең көп тараған тілдердің арасында 79-шы орынға тұрақтағандығын жеткізді. Мемлекет басшысы осы ретте күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы кеңес заманында ана тілімізді әлемдік лингвистика картасынан жойылып кетуден сақтап қалған зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушылардың, журналистер мен ғалымдардың, мұғалімдер мен мәдениет қайраткерлерінің, ауыл еңбеккерлерінің, яғни барша отаншыл азаматтардың еңбегін бағалауымыз керек деді. Сонымен қатар цифрлық технологияларды қолдануға баса мән берген жөн. Өйткені қазақ тілінің алдағы тағдыры, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеті көбіне осыған байланысты болады. Әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындарын қазақ тілінде жасау керек. Сұхбатын қорытындылай келіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ана тіліміздің болашағы жарқын екеніне менің еш күмәнім жоқ» деді. Ендеше, бұған біздің де алып қосарымыз болмайтыны аян. Сөз соңын білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез деп, қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» деген жалынды сөзімен аяқтаймын.
Өркен ИСМАИЛ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы