Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАРИХ ПЕН ТАҒЗЫМ ТОҒЫСҚАН ТҰҒЫР

ТАРИХ ПЕН ТАҒЗЫМ ТОҒЫСҚАН ТҰҒЫР

Еліміз үшін 4 маусым – ерекше мереке. Бұл күн – Мемлекеттік рәміздер күні. Ел болу – ең алдымен Туға, Елтаңба мен Гимнге ие болудан басталады. Тарих сахнасында өз орнын айқындаған әрбір тәуелсіз мемлекеттің болмысын танытатын басты белгілері – оның рәміздері. Мемлекеттік рәміздер – ұлттың өткені мен бүгіні, ертеңі арасындағы алтын көпір. Ол – елдік пен егемендіктің, бірлік пен берекенің, тұтастық пен тұрақтылықтың нышаны.

Мемлекеттік рәміздер – тек символ емес, ол – тұтас бір ұлттың болмысын, мәдениетін, рухын бейнелейтін киелі белгілер. Елтаңба, Ту мен Гимн – халқымыздың тарихы мен тағдырының айғағы, ел бірлігінің жарқын көрінісі. Тәуелсіздігіміздің нышаны болып табылатын осы рәміздерге деген құрмет – әрбір азаматтың перзенттік парызы, жүрекке жазылар ұлт алдындағы адалдығы. Бұл құндылықтар – ел ертеңінің бағдар шамы, рухтың туы, намыстың нышаны. РӘМІЗДЕРГЕ ҚҰРМЕТ – АЗМАТТЫҚ МІНДЕТ
Осы ұлы мереке қарсаңында Шиелі ауданында да бірқатар тағылымды шара өтті. Аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы негізінде «Қазалы–Жом а р т » қ о ғ а м д ы қ б і р л е с т і г і н і ң ұйымдастыруымен «Руханият» орталығында «Рәміздерге құрмет – азаматтық міндет» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шара – патриоттық тәрбиені күшейтуге, ұлттық сананы қалыптастыруға бағытталған. Жиынның шымылдығы Мемлекеттік Гимнмен ашылып, әрбір қатысушының жүрегінен Отанға деген мақтаныш лебі сезілді. Бұл басқосуға «Аманат» партиясының Шиелі аудандық филиалының өкілдері, қоғамдық даму бөлімінің басшылары, Тәжік-Ауған және Желтоқсан оқиғасының қатысушылары, зиялы қауым өкілдері мен белсенді жастар қатысты. Аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Жібек Баймұратова өз сөзінде Мемлекеттік рәміздердің еліміздің тәуелсіздігін айғақтап қана қоймай, халқымыздың рухын, армантілегін де жеткізетінін ерекше атап өтті. Ол еліміздің жетістіктеріне тоқталып, Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір азаматтың рухани борышы екенін тілге тиек етті. Аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев өз баяндамасында рәміздердің заңдық тұрғыдан қолданылуы мен насихатталу жайын кеңінен тарқатты. Ал М.Ломоносов атындағы №47 мектепгимназиясының тарих пәнінің шебер педагогі, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Фатима Қасқабаева мемлекеттік рәміздердің шығу тарихына тоқталып, жастардың рухани өсуіне жол бастар тағылымды ойлар айтты. Желтоқсан оқиғасының қатысушысы Патыма Асанова ұлттық рухты сақтау, жас ұрпақты Отанды сүюге тәрбиелеу туралы мазмұнды пікірін ортаға салды. Шара барысында аудан өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, ақын Талғат Күзембаев арнау өлеңін оқып, жиналған жұртты ерекше тебірентті. Сонымен қатар Рәміздер күніне арналған түрлі ісшараға белсене қатысқан ауыл әкімдері мен ел намысын қорғаған спортшылар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл – мемлекеттік рәміздерді дәріптеуге қосылған лайықты үлес.
ТАУ БИІГІНДЕ КӨК ТУ ЖЕЛБІРЕГЕН
Рәміздер мерекесі аясында ұйымдас­тырылған ең әсерлі шаралардың бірі – Бала Сауысқандық баурайында Мемлекеттік Тудың көкке көтерілгені болды. Шараға аудан тұрғындары, оқушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Қаратаудың қойнауындағы қасиетті шатқалда Ту көтеру – бұл тарихи сана мен ұлттық рухтың түйіскен тұсы десек, артық айтқандық емес. Сауысқандық – тарих пен табиғат тұтастығының куәсі. Мұндағы қола дәуірінен қалған жартастағы бейнелер ата-бабаларымыздың дүниетанымын паш етеді. Табиғаттың тылсым сұлулығы, шежірелі тарихы мен бүгінгі рухани өрлеу тұғыры осындай шараларда айқын көрініс тапты. Желбіреген көк Ту – тек мата емес, ол – ұлттың намысы, еліміздің еңсесі. Оның таудың биігіне тігіліп, Әнұранның орындалуы – ата-баба аманатына адалдықтың, ұрпақтың ел мен жерге деген сүйіспеншілігінің жарқын үлгісі болды.
ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ – РӘМІЗГЕ ҚҰРМЕТТЕН БАСТАЛАДЫ
Мемлекеттік рәміздер – елдіктің белгісі ғана емес, ұрпақ санасына егемендік рухын дарытатын тәрбие құралы. Оларды қастерлеу – тек бір күндік іс емес, ол күн сайын жүрек түбінде орын алатын сезім, әрекетпен дәлелденетін құрмет. Жастарға патриоттық тәрбие беруде рәміздердің алар орны орасан. Қазіргі таңда Қазақстан өз жолын айқындаған, әлемге танылған тәуелсіз мемлекет. Осындай жетістіктерге жету жолында Мемлекеттік рәміздердің бірлік пен ынтымақты, рух пен үмітті ұйыстыра білгенін ұмытпауымыз қажет. Қорытындылай келе, Мемлекеттік рәміздерге құрмет – әр азаматтың парызы. Оларды ардақтау арқылы біз болашақ ұрпаққа елін сүйетін, отаншыл рухтағы азамат болудың үлгісін көрсетеміз. Себебі рәмізге тағзым – Тәуелсіздікке тағзым. Ендеше, көк Туымыз биікте желбірей берсін, Елтаңбамыз төрімізден түспесін, Әнұранымыз әр жүректе шырқала берсін!

Мейіржан ИБРАГИМОВ,
Айнұр ИБРАШЕВА.
сурет қос автордан

10 маусым 2025 ж. 42 0