Құнды белгілер
Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.
1992 жылғы маусымның 4-де тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Бұл күн ел тарихында жаңа мемлекеттік рәміздер күні ретінде мәңгі есте сақталады. Мемлекеттік рәміздер – елдің мызғымас негіздерінің бірі. Көгілдір түсті туымыз бен ортасында шаңырақ бейнесіндегі алтын сәулелі күн орныққан Елтаңбамыз бүкіл әлемге Қазақстан Республикасы аталатын жаңа тәуелсіз Мемлекет бейнесін паш етті.
Бүгінде рәміздер балабақшаларда да, мектептерде де, жоғары оқу орындарында да, мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында да көрнекті орындарға орналастырылған. Балабақша бүлдіршіндері оң қолының алақанын жүрек тұсына қойып «Менің Қазақстанымды» шырқағанда ерекше бір сезімге бөленетінің, жігерленіп қанаттанатының рас. Бұл ел болашағы – жастардың өз Отанын, өз жерін, өз елін қорғауға деген сезімін оятып, сенімін нығайтатыны анық. Әсіресе, тілі енді ғана шығып келе жатқан балабақша тәрбиеленушілері еліміздің Әнұранын үлкендермен бірге қосылып шырқағанда ерекше тебіренесің.
Жасыратыны жоқ, кейде ересектердің өзінде мемлекеттік рәміздерді құрметтемеу сияқты келеңсіз жайлардың орын алатыны бар. Бір жақсысы, ондай оқиғаларды ұлтжанды азаматтарымыз дер кезінде байқап, оған тиісті мекемелердің назарын аудартты.
Тарихта мемлекеттік рәміздерге байланысты әртүрлі деректер де кездеседі. Әлем елдерінің туларында ең көп кездесетін рең – қызыл түс екен. Осы түс барлық мемлекет туларының үштен екісінде бар. Одан кейінгісі ақ, көк, сары және қара түсті тулар. Ал төрт өлең жолынан тұратын ең қысқа әнұран мәтіні Жапония мен Иордания елдеріне тиесілі көрінеді. Сондай-ақ 158 өлең жолынан тұратын ең ұзақ әнұран мәтіні Грекия елінің әнұраны. «Бостандық әнұраны» деп аталатын оның мәтінін 1823 жылы грек ақыны Диониенос Соломос жазған.
Әсел Абдраманова