Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ НЫШАНЫ

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗДІҢ НЫШАНЫ


Қай елдің болса да тәуелсіздігін айқындайтын мемлекеттік рәміздері болады. Біздің елдің мемлекеттік рәміздеріне – ҚР мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұраны жатады.
Тәуелсіз елдің негізгі нышаны - мемлекеттік рәміздер. Сондықтан да еліміздің әрбір азаматына бала кезден рәміздерді құрметтеу арқылы отансүйгіштік сезімін қалыптастыруымыз қажет. Н.Назарбаев мемлекеттік рәміздеріміз жайлы: «Біз Тәуелсіздігіміздің нышандарын көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туын, Елтаңбасы мен Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені олар – халқымыздың мақтанышы, біздің ең киелі құндылығымыз» деген болатын.
Иә, Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Сол себепті де рәміздерді құрметтеу – әрбір азаматтың азаматтық парызы.
Расында, түрлі жиындарда, спорттық жарыстар мен іс-шараларда көк туың көк аспанда желбіреп, Әнұраның шырқалғанда кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Әсіресе, Олимпиада төрінде байрағың тұғыр биігінен көрініп, мемлекеттік Әнұраның орындалғанда ерекше тебіренесің. Кеудеңді мақтаныш сезімі кернеп, асқақ үнің бар таулардың биігінен жаңғырып шығып тұрғандай естіледі. Жігерленесің, рухтанасың! Осылайша мемлекеттік рәміздеріміз жастардың отансүйгіштік сезімін оятып, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді. Бұл да бір Тәуелсіздігіміздің тәтті сыйы болса керек.
«Тәуелсіздік – алтын күмбез дейтін болсақ, сол күмбезді тіреп тұрған төрт белгі бар. Оның біріншісі -  көк байрақ, екіншісі – Елтаңба, үшіншісі - Әнұран, төртіншісі - қазақ тілі», - деп тұңғыш Президент айтқандай, елім, жерім дейтін ұрпақтың намысын оятып, жүрегіне патриоттық сезім ұялататын – осы рәміздеріміз.
Сан ғасырлар бойы бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген таңда өз алдына мемлекет болумен қатар, тұғыры биік Туымызбен, ел тарихын әлемге танытар Елтаңбамызбен және кез келгеннің патриоттық рухын көтеретін Мемлекеттік Әнұранымызбен айбынды ел бола білдік. Сондықтан да, мемлекеттік рәміздеріміз — тәуелсіздігіміздің айғағы.
Өз халқымыздың, өз ұлтымыздың, мемлекетіміздің ресми қалыптасқан құндылықтарын бағалап, қастерлей білу – әрбір қазақстандық азаматтың қастерлі борышы, патриоттығымыз бен Отанға деген құрметіміздің көрсеткіші.  Мемлекеттік рәміздерге жергілікті ұлт өкілдері ғана емес, қазақ жерінде тұратын ұлттар мен ұлыстар да құрметпен қарауы шарт. Мемлекеттік рәміздер патриотизмді қалыптастыруда, ұлттық бірлікті нығайтуда, ерекше мәнге ие. Рәміздерде қазақ халқының дүниетанымымен қатар тарихына да айрықша мән берілген. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа мирас боп қалатын асыл мұратымыз, ұлттық ерекшелігіміз.
Жанат Кенебекова,
архивист
31 мамыр 2022 ж. 1 024 0