Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік тірегі

Тәуелсіздік тірегі



Жылдар өте қазақ елі мәдениеті дамыған, салт-дәстүрге өте бай елге айналды. Кең-байтақ өлке, ұлан-ғайыр жерімізде табиғат ресурстарына, шикізат көздері. Елімізде жүзден астам ұлт өкілдері тұрады. Бүгінде біз басқа да дамыған елдермен тереземізді теңестіру жолындамыз. Еліміздің ұлттық рухани асыл қазынасы, экономикасы, саясаты, мәдениеті дамып, гүлденуде, біз санаулы жылда адам айтқысыз жетістіктерге жетіп келеміз.
Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін қаншама қиын қыстау замандарды бастан өткерді. Тағдырдың тар жолынан ата-бабамыз талай нәубет замандарды көріп, тәуелсіздікті аңсады. Болашақ ұрпағы үшін қолдарына қару алып, жаумен шайқасып, жанын пида етті. Сол батыр бабаларымыздың ерлігі мен дұға тілегінің арқасында тәуелсіздікке қол жеткіздік. Еліміздің басқа да тәуелсіз елдер секілді егемендігі мен бостандығын бейнелейтін, халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қонақжайлығын, қаһармандығы мен даналығын халқымыздың алдағы уақытқа деген сенімін, арманын жеткізетін аса ерекше құнды белгілері, яғни, мемлекеттік рәміздерді белгіледі.
Осылайша тәуелсіздігіміздің айғағындай, елдігіміздің белгісіндей, алтын күндей жарқыраған Елтаңбамызды, желбіреген көк Туымызды көргенде, әуелеген Әнұранымызды естігенде бойымызды асқақ азаматтық сезім баурайды. Халқымыздың тарихындағы мақтанарлық белестер мен бүгінгі тіршілігіміздегі ауыз толтырып айтарлық жетістіктердің барлығы – тәуелсіздік туының желбіреуінің арқасында болып отыр. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев: «...Уақыт қарқыны зымыран. Күні кеше өткен сияқты оқиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгірді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді. Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды, сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін», – деген болатын. Еліміздің ертеңгі күнін терең ойлайтын Елбасының әрбір сөзі халқына күш-қуат пен жаңа серпіліс беріп келді.
Әрбір мемлекет үшін отаншылдық рухта тәрбие беру әрбір азаматтың мемлекетімізге, оның даңқты да қиын тарихына, алдағы болашағына өзінің қатысты екендігін сезініп, еліміздің мұң-мұқтаждарын ойлануынан басталады. Тәуелсіздігімізге аяқ басқан кезеңде төл рәміздер дүниеге келді. Рәміздер – белгілі бір елдің өмір салтын, бүкіл болмыс-ерекшелігін, айрықша арман-аңсарын білдіретін белгі. Мемлекеттік рәміздердің ұлттық патриотизмді қалыптастырудағы рөлі ерекше. Мемлекетті мызғымас негіздерінің бірі саналатын рәміздерсіз елестету мүмкін емес. Әрбір Қазақстан азаматы Мемлекеттік рәміздерді аялауға, жанашырлықпен қарауға, құрметтеуге, сонымен қатар жұмыс орнында дұрыс қолдану мен насихаттауға жүктелген жауапкершілікті түсінуі тиіс. Ауданда осы бағытта жастарға рәміздердің маңыздылығын түсіндіру бойынша жұмыстар мереке аясында ғана болмай, жыл он екі ай насихаттап, мектеп қабырғасынан үн қосса. Жастар арасында құрылған түрлі шараларға енгізіліп, әлеуметтік желілер арқылы жаңашылдыққа шақырып отырса дейміз.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
07 маусым 2019 ж. 1 274 0