Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАРТЫ ҒАСЫРДАН КЕЙІНГІ ЖАРҚЫН ЖҮЗДЕСУ

ЖАРТЫ ҒАСЫРДАН КЕЙІНГІ ЖАРҚЫН ЖҮЗДЕСУ

«Мойнымда қызыл галстук, Мектепке қарай жүгірдім» деп Қ.Аманжолов жырлағандай №156 Н.Бекежанов атындағы мектеп ауласы ерекше күйге бөленіп, барабан соғылып, горн үні шарықтап, бұдан 50 жыл бұрын бітірген қызыл галстукті түлектер қайтадан қол ұстасып мектепке еніп келеді. Иә, олар– ақ жаулықты аналар, ардақты әкелер, ұстаздар мен ғалымдар, от көсеген кеншілер, ауылды көркейткен еңбек ерлері. Ал дәл қазір олар – алтын ұя мектептеріне жарты ғасырдан соң жарқын жүздесуге келген жандар.

Кездесу ауданның орталық мешітінде өмірден озған сыныптастарға құран бағыштап, еске алу рәсімінен басталды. Содан соң осыдан елу бес жыл бұрынғы пионер болған күндерін еске түсіріп, барабан қағып, горн тартып мектеп ғимаратына қарай бет алды. Мектептің акт залында «Алтын ұя мектебім!» атты кеші өтті. Жиын Нартай аулының халық аспаптар оркестрінің әуезді әуенмен басталды. Одан соң оқушылар ата-апаларына арнап құттықтау өлеңдерін айтып, қошеметпен қарсы алды. Кеш «Балалық шаққа саяхат» көрінісіне жалғасты. Кеш қонақтары бір сәт кіршіксіз таза көңілмен еш уайымсыз асыр салып ойнаған, жаңа жылдық тақпақ жаттап, есеп шығарып жарысқан сол бір кездерді ерекше тебіреніспен еске алды. Түлектер жаңашылдықтың жаршысы ретінде мектепке заманауи үлгіде «жүгіртпежол» сыйға тартты. Мектеп директоры А.Аманұлы заманауи «жүгіртпе жаршысын» қуанышпен қабылдап, шын жүректен ризашылығын білдірді. Жиын әрі қарай кезінде сапалы білім мен саналы тәрбие берген мұғалімдерін құрметтеп еске алуға ұласты. Соның ішінде бастауыш сыныпта сабақ берген ұстаздарына өлең жолдарын арнап олардың «Алғыс пен сағыныш» атты бейнелі портреттерін балаларына сыйға тартты. Ұрпақтары ата-аналарын еске алып, құрметтеген шәкірттеріне шын жүректен алғыстарын білдірді. Бұдан соң бүгінде арамызда жүрген шәкірттерінің жүрегінен орын алған, өмір жолдарына жол сілтеген ұстаздар қауымына сөз берілді. Сол кездегі мектеп директоры А.Бакиров, сынып жетекшілері А.Баукенов, Қ.Оралова, Т.Ахметовалар және пән мұғалімдері Б.Құлтаев, А.Ракишев, А.Өтепбергеновалар шәкірттері жайлы жылы лебіздері мен естеліктер айтты. Алтын ұядан жарты ғасыр бұрын түлеп ұшқан түлектердің әрқайсысы бүгінгі таңда әртүрлі мамандықты игеріп, еліміздің өркендеуіне үлес қосқан, өз ортасында абыройға ие болған еңбек ардагерлері, ардақты әжелер мен алтын жүректі аталар. Соның ішінде ұстаздар қауымы білім жолын қуып, мектеп тарихында алғаш экономика ғылымдарының докторы, профессор атағын алған Абдулла Ержанов пен педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Үсенбек Рахметұлының ізденімпаздығы мен еңбекқорлығын мақтан тұтатындарын тілге тиек етті. Кеш барысында қос ғалым «50 жылдық» атты естелік медалін сыныптастары мен ұстаздарына құрметпен тапсырды. Жиында Абдулла Ержанов «Алтын ұя мектебім!» деген өлеңін әуенімен нақышына келтіріп өзі орындап берді. Өнеріне тәнті болған жұрт ыстық ықыласпен қабылдап, қошеметке бөледі. Сондай-ақ он жылдық мектепті бітіргенде қолдарына аттестат алып, шартарапқа арман қуып кеткен шәкірттерге елу жылдан соң дәл сол сахнада естелік дипломдар табысталды. Дипломды ата-әжелеріне тапсыру мәртебесі мектептің үздік оқушыларына берілді. Кеш қонақтары өзі жайлы жазылған диплом мәтінін қайта-қайта қарап мәз болды. Туған ауылдың түлектері 40 жыл, 50 жылдан соң алтын ұя мектебіне келіп, кездесу өткізіп жатады. Әрине әр кездесудің өзіндік ерекшеліктері бар. Бұл кездесу мектеп оқушылары мен мұғалімдер қауымына үлкен әсер қалдырды. Түлектердің бір-біріне құрметі, ұстаздарын ұлықтап, өлең жолдарымен алғысы мен сағынышын жеткізуі, өмір сабақтастығы, шәкірттерді армандауға шақырып, қиялын шарықтатты. Мектеп ауласына кірген сәттен бастап кеш аяқталғанға дейінгі әрбір сәт бір-бірімен сабақтасып, үндестік тауып жатты. Кешке келген қонақтар түлектермен бірге ән шырқап, қошемет көрсетіп, қимай шығарып салды. «Әлі де талай жыл өтер, Білімсіз ұрпақ тұл ,бекер! Мәңгілік білім мекені Түлегін талай түлетер!, – деп А.Ержановтың өлең жолдарымен аяқтағым келді. Түлектер түлей берсін. Жарқын күндерде жүздесе берсін! Кездесу соңы «Ханқожа» көлі жағажайында жалғасын тапты. Жастық шаққа еркін саяхаттап, бір-бірімен құрдастар қалжыңдасып, әзілдеп, ән салып, тіпті бала кездегідей баскетбол ойнап, мәре-сәре болды. Қимастықпен қоштасарда ыстық құшақтарын жазғысы келмей, жанарларында келесі кездесуге деген үміт ұшқыны көрініп тұрғандай ұзақ тарқасты.

Рахима СЕЙТЖАНҚЫЗЫ

24 мамыр 2025 ж. 63 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№39 (9306)

28 мамыр 2025 ж.

№38 (9305)

24 мамыр 2025 ж.

№37 (9304)

20 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031