Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Ақ Ордадағы» алғашқы қоңырау

«Ақ Ордадағы» алғашқы қоңырау

Кеше еліміздің барлық мектептерінде алғашқы қоңырау соғылып, салтанатты жиындар ұйымдастырылды. №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясында да кезекті алғашқы қоңырау соғылды. Жүз жылдық тарихы бар білім ордасы жаңа оқу жылын 808 оқушымен бастады. Оның 83-і – 1 сынып оқушылары.
1 қыркүйек балалар, тіпті барша халық үшін тамаша мереке болып өтетіні көпке белгілі. Себебі бұл күні мұғалімдер мен оқушылар жаздай демалыста жүріп, сағынған мектептерінің есігін ашады. Аудан бойынша биыл 1830 бала бірінші соғылған қоңырау сылдырымен бірге мектеп табалдырығын атта­ды. Ал жалпы оқушылар саны – 19 мыңға жақын. Оларды 3112 мұғалім білім нәрімен сусындататын болады.
Ғасыр жасаған білім ордасындағы мерекелік жиын мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған оқушыларды таныстырудан басталды. Олар жиналғандар алдында сынып жетекшілерімен бірге салтанатты түрде жүріп өтті.
Салтанатты шараны аудан әкімі, осы мектептің түлегі Нұржан Ахатов ашып, жиналғандарды жаңа оқу жылымен құттықтады.
– Өткен оқу жылы ауданның білім саласы үшін үлкен жетістіктерге толы болды. Мұғалімдеріміздің берген сапалы білім, саналы тәрбиесінің нәтижесінде оқушыларымыз биік белестерді бағындырды. Бұл көрсеткіштер, ұстаздар қауымының өз міндеттерін абыроймен атқарғанының белгісі деп білеміз.
Қымбатты оқушылар! Сіздердің игіліктеріңіз үшін жасалынып жатқан қамқорлық пен зор қолдаулардың арқасында білімдеріңізді толықтырып, жарқын жетістіктерге қол жеткізіп, жаңа белестерді бағындыруларыңызға тілектеспін! Қиялдарың ұшқыр болып, қанаттарың талмасын дегім келеді.
Құрметті ұстаздар қауымы! Тәуелсіз еліміздің болашақ иесі – жас ұрпақтың бойын­да тұлғалық қасиеттерді ұштап, кәсіби шеберліктеріңізді одан әрі шыңдап, білім сапасын арттырудағы игі бастамаларға педагогикалық ізденіс, жаңа серпін, шығармашылық табыс тілеймін. Жаңа оқу жылы толағай табыстарға, жаңалықтарға толы болсын! – деді аудан басшысы.
Одан соң мектептің ардагер-ұстазы Қали Дүйсеманұлы құттықтау сөз алып, бүлдіршіндерге батасын берді.
Шара барысында оқушылар нақышына келтіре ән шырқады. Алтын ұялары мен ұстаздарына арнап тақпақ айтып, бар өнерлерін ортаға салды. Содан соң барша оқушыларды сабаққа шақырған күміс қоңыраудың сыңғыры естіліп, мұғалімдер жұмысына кірісті.

Г.СӘБИТҚЫЗЫ
02 қыркүйек 2022 ж. 836 0