ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ ЖҰЛДЫЗ

Бұл байқау – жай ғана өнер сайысы емес, өткенге тағзым, бүгінге ұлағат, ерлікке бас июдің бір көрінісі. Қатысушылардың сахнада көркем монолог арқылы Әлия бейнесін сомдауы – жас ұрпақтың жүрегіндегі патриоттық сезімді оятты. Әрбір қатысушының сөз саптауынан, көзқарасынан, дауыс үні мен жүріс-тұрысынан Әлияның ерлігіне деген шынайы құрмет сезілді. Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде талапкерлер бейнеролик арқылы өзін таныстырып, өз ерекшелігін көрсетуге тырысса, екінші кезеңде Әлия Молдағұлованың бейнесін сахнада шеберлікпен ашуға талпынды. Бұл – олардың актерлік қабілетін, тіл байлығын, рухани тереңдігін сынға салатын маңызды сынақ болды. Қазылар алқасы байқаудың мазмұндық деңгейіне, орындаушылық шеберлікке, образдың шынайылығына ерекше мән берді. Нәтижесінде, Қызылорда қаласы Талсуат елді мекенінен келген Гүлмайра Айжігітқызы бас жүлдені иеленіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. І орын Сырдария ауданының өкілі Зере Дастановаға бұйырса, ІІ орынды Шиелі ауданы Бәйгеқұм ауылынан Әсел Нұрәлі иеленді. ІІІ орынға Арал ауданынан Венера Молдағалиева мен Шиелі кентінен Айнұр Өтебаева лайық деп танылды. Әлия – ерліктің мәңгі символы. Оның бейнесін сахнаға шығарып, жандандыру – тек өнер ғана емес, батырлықты жүрекпен сезіну. Бұл байқау жас ұрпақтың жүрегіне рухтың отын жақты. Шолпан жұлдыздай жарқыраған Әлияның бейнесі сахна төрінде ғана емес, әр көрерменнің жүрегінде мәңгіге жаңғырып қала бермек.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ,
сурет Айнұр ИБРАШЕВА