Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бикен ананың биік тұлғасы

Бикен ананың биік тұлғасы

Қазақ киносындағы бірегей туынды «Менің атым Қожа» фильміндегі Қожаның анасы қазақ көрерменіне жақсы таныс. Жайсаң мінез жалғызбасты ана рөлін Қазақстанның халық артисі Бикен Римова сомдаған еді. Жуырда кино және театр өнері саңлағының 100 жылдығына орай аудандық мәдениет және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен «Мың әйелдің мінезін жеткізген Бикен» атты қыз-келіншектер арасында монолог оқудан облыстық байқау өтті.
Қазақ сахнасының саңлағына арналған сайысқа Жаңақорған, Жалағаш, Сырдария, Қармақшы, Шиелі аудандарынан 6 үміткер қатысты. Байқауға Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының «Мәдени-көпшілік жұмыстарды ұйымдастыру» бөлімінің меңгерушісі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Ғазиза Жақсылыққызы, аудандық «Өскен өңір» газеті бас редакторының орынбасары, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Гүлнәр Әбдіқаниқызы, Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдени-шығармашылық орталығының директоры, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Зулфия Құрманәліқызы қазылық етті.
Сахнаның шымылдығы қазақтың бүкіл болмысын, қалпын бойына сіңіріп, сол арқылы өнерге келген Бикен ананың өмірдерегіне құрылған бейнебаянмен бастау алды. Одан әрі аудан әкімінің орынбасары Е.Әпетов сөз алып, байқауға қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Бикен Римова киелі сахнада 80-ге жуық рөлді сомдап, қалың көрерменнің есінде М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегіндегі» Еңлік, «Қаракөзіндегі» Маржан, Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-Анасындағы» Жер-Ана және «Ақ кемедегі» кемпір, тағы басқа кейіпкерлер арқылы қалды. Бұдан бөлек, кино саласында 20-дан астам туындыға түсті. Бүгінгі іс-шарадағы мақсатымыз – сахна майталманының өнегелі өмірі мен өшпес өнерін өскелең ұрпаққа ­таныстыру, жастардың өнерге деген құштарлығын арттыру, – деді Е.Әпетов.
Әр ауданнан келген 6 өнерпаз «Өнерім-өмірім» атты алғашқы кезеңде өздерін ­таныстырып өтсе, екінші айналымда Бикен Римова сомдаған бір образды сахнаға алып шықты. Тартысты өткен байқаудың бас жүлдесін шиелілік Меруерт Жомартова иеленді. Ал І орын қармақшылық Гүлфариза Шакарованың қанжығасына байланды. ІІ орынды жалағаштық Сандуғаш Талқанбаева мен шиелілік Жазира Шармаханова, ІІІ орынды сырдариялық Гүлзат Аманкелдиева мен Әйгерім Нұрпейісова алды.
«Актер өнері – екінің біріне қонбайтын ерекше бақыт. Ол өзгенің өмірін жаңғырту жолында жүріп, өз өміріне тауқымет тауып алатын күрделі кәсіп» деп белгілі театр сыншысы болған Ә.Сығай айтқандай, күрделі мамандыққа бас тіккен қазақ актерлері мен актрисалардың қатарында шоқтығы биік тұлғалардың бірі деп Бикен Римованы айта аламыз. Ол өзі өмірден өтсе де, өлмейтін, өшпейтін өнерін, мыңдаған әйел бейнесін ел жадында мәңгіге қалдыра білді.

Г.Дүйсебай
11 қыркүйек 2023 ж. 206 0