КӨРКЕЙТУ ЖҰМЫСТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанның экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар бойынша ақпараттар беріліп, тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастаманың нәтижелерімен бөлісті. Аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы бұл жұмыстарды әлі де жандандырып, мекеме айналасын абаттандыруға көп күш салу керегін атап өтті. Президент өз Жолдауында елімізде бес жыл ішінде орман алқаптарында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу қажеттігін тапсырды. Бұл тапсырманы тиісінше орындау мақсатында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен жыл сайын «Үлгілі ауыл», «Үлгілі көше», «Үлгілі аула», «Үлгілі тұрғын үй» және «Үлгілі мекеме» конкурстары өткізіліп, дәстүрге айналып келеді. Аудан бойынша биыл «Үлгілі ауыл», «Үлгілі көше», «Үздік мекеме», «Үздік кәсіпорын», «Үздік кәсіпкерлік нысан» және «Үздік көпқабатты тұрғын үй» конкурстарын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бұл бастаманың мақсаты елді мекендерде адам өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны қалыптастыру және тұрғындарды қоршаған ортаны қорғау мен орнықты даму мәселелерін шешуге жан-жақты қатысуын қамтамасыз ету болып табылады. Жиын барысында аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Сейілбекұлы конкурстың ережелерімен таныстырып, аталған конкурсқа мекеме басшылары мен ауыл әкімдерін белсенді түрде қатысып, үлес қосуға шақырды. Сондай-ақ аудан әкімі кент орталығында тазалық жұмыстары бағытында қоғамдық жұмыс істейтін еңбек адамдарын қоғамдық көлікпен тегін қатынауын қамтамасыз ету керек екенін айтып, тиісті сала басшыларына бірқатар міндет жүктеді.
М.ИБРАГИМ