
Бұл 1956-1963 жылдар болатын. Колхоздың оқушыларсыз күні қараң. Шаруашылықтың түрлі жұмысына, әсіресе егін ісіне көбірек жегетін еді. Егістік ауылдан ең кемі 4-5 шақырым жерде. Колхоз тележка жеккен «Беларус» тракторын бөлген. Ағайымыз бізді алып барады, алып келеді. Жол-жөнекей әңгімесін айтып, бізді сақтандырып әрі көңілдендіріп отырады. Көбінесе өлеңдетіп сөйлейтін. Тележканың үсті қайбір жайлы дейсің. Қауы да темір, едені де темір. Жол дейтін жол жоқ, атыз-арықтың басы. Ойдым-ойдым, сай-сай. Ескі трактор қисаң-қисаң етіп, бейне бір мас адамдай теңселіп жүреді. Осы кезде ағай: «Бисимилла, милла, милла, Аударылып кетіп тележка Болмайық мылжа-мылжа», – деп тележка үстіне нығарлана жайғасады. Темір еденге бәріміз молдас құрып отырамыз. Ағай трактордың кабинасына емес, тележкаға мінеді. Бізді байқап-бақылап отыру үшін, әрине. Ұзақ уақыт отырып аяқ ауырған соң бой жазғың келеді. Оған ағайдан рұқсат жоқ. Оның үстіне «Біреуің құлап, трактордың астына түссең, алдымен мен құримын» деп тракторшы да байбалам салады. Соның өзінде орнынан тұрып кететін оқушылар бар. Тұрсынбай Омаров деген оқушы (қазір арамызда жоқ, жаны жәннатта болсын) орнынан тұрып, тележканың қауынан ұстап аяғын жазды, жай ғана жазбай олай-бұлай сілкіледі. Оны байқап қалған Байжанов ағай: «Әй, оқушы, Омаров! Отыр орныңда омалып. Қисаңдағанда тележка, Кетерсің бір жаққа жоғалып», – деп жанұшыра дауыстады. Біз алдымен ағайдың айқайынан шошып шуылдап кеттік. Сосын рахаттана күлдік, бірақ тыныш отыруға тырыстық. Колхоздың собығын көтере алмай шайқалып тұрған жүгерілігіне де жеттік. Өзімізден биік жүгерінің собығын қайырып, паясын баулаймыз. Қауырт та қарбалас еңбек. Ағайымыз Сәрсенбек Байжанұлы қасымызда, бізді одан сайын еңбек көрігін қыздыруға шақырып тұр: «Заулаңдар, балдар, заулаңдар, Собығын қайырып, паясын баулаңдар. Алдымен тірлікті тәмәмдап, Ақшасын бухгалтериядан даулаңдар!», – дейді дауыстап. Осыдан кейін қалай зауламайсың? Жұмысты жүгіріп жүріп істейміз. Бір күнгі жұмысты бітіріп, кешке үйімізге қайтамыз. Шаршамайтынбыз...
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ