Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «...ЗАУЛАҢДАР, БАЛАЛАР, ЗАУЛАҢДАР!»

«...ЗАУЛАҢДАР, БАЛАЛАР, ЗАУЛАҢДАР!»

97 жастағы ұстазым Байжанов туралы бір үзік сыр...

Сталинград шайқасында генерал-фельдмаршал Паулюсті тұтқындау операциясына («Шеңбер») қатысқан сарбаздардың бірі, «Қызыл жұлдыз», «Бірінші дәрежелі Отан соғысы» ордендері мен ондаған әскери медальдың иегері Сәрсенбек Байжанов – жас ұрпаққа шертер әңгімесі, айтар өсиеті сарқылмаған қазыналы қария. Аракідік домбыраға қосылып ән салып, өзі жазған өлең-термелерді толғап қоятыны да бар.
Майдангер қарияның негізгі мамандығы – педагог. Жарты ғасыр ғұмырын жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне арнады. Ұлағатты ұстаздың алдынан жүздеген шәкірт сапалы білім, саналы тәрбие алып шықты. Мен солардың бірімін.

Біз бірінші сыныптың табалдырығын аттаған 1956 жылы ұстазымыз 33 жастағы дүр жігіт екен. Неміс-фашист басқыншыларымен болған алапат соғысты басынан өткеріп, елге оралған соң шаруашылықтың қара жұмысын атқарып, майданнан ере келген ауыр дене жарақаттары асқына бастаған соң есеп-қисап саласында еңбектеніп, біраз өмір теперішін тартқандықтан ба, егде кісідей болып көрінетін.
Әрі әнші, әрі домбырашы, қысқасы, өнерпаз жігіт өзіне қолайлы болған соң педагогикалық училищені таңдап, бітірген соң бірыңғай ұстаздық мамандыққа бет бұрыпты. Алтын ұя мектебіміздегі алғашқы көрген, танысқан, әліппені үйреткен ұстазымыз осы кісі – Сәрсенбек Байжанов еді.
Арада 60 жылдан астам уақыт өтсе де, ағайдың сырлы да сынды сөздері әлі жадымда. Барынша әділ, таза, жинақы болатын. Бала болған соң тентектік жасамай тұрмайды ғой, алдымен кінәліні анықтап, кінәсін мойнына қойып, екі оқушыны татуластыратын. Кейде оған көнбей, жылап тұрып алатын кекшіл оқушы да кездесетін. Ондайда ерінбей екі оқушыны сыртқа алып шығып, екі жерге тұрғызып, жәбірленушінің қолына ұрған затты (өзінің айтуы бойынша) ұстатып, «Ал енді ұр!» дейтін. Ол ұрады. Тисе тиді, тимесе екінші мәрте ұрғызбайтын. «Ол сені бір рет ұрды, тигізе алмаған өзіңнен көр» дейтін. Мұнан кейін балалар әрбір қиянатты істің қайтарымы болатынын ұғынып, «анау ұрды», «мынау ұрды» дегенді азайтты.
5-6 сынып оқып жүргеннен бастап колхоздың егініне көмектесетін болдық. Колхоз тележка жеккен «Беларус» тракторын бөлген. Ағайымыз бізді алып барады, алып келеді. Жол-жөнекей әңгімесін айтып, бізді сақтандырып әрі көңілдендіріп отырады. Көбінесе өлеңдетіп сөйлейтін. Тележканың үсті қайбір жайлы дейсің? Қауы да темір, едені де темір. Жол болса тегіс емес, атыз-арықтың басы. Бүгінгідей асфалть қайдан болсын, тіпті тас та төселмеген. Трактор қисаң-қисаң етіп, бейне бір мас адамдай теңселіп жүреді. Осы кезде ағайымыз:
«Бисимилла, илла, билла,
Аударылып кетіп тележка
Болмайық мылжа-мылжа» деп тележка үстіне нығарлана жайғасатын. Темір еденге бәріміз молдас құрып отырамыз. Ағай трактордың кабинасына емес, әдейі тележкаға мінеді. Бізді байқап-бақылап отыру үшін, әрине. Отыра-отыра аяқ ауырған соң бой жазғың келеді. Оған ағайдан рұқсат жоқ. Соның өзінде орнынан тұрып кететін оқушылар бар. Тұрсынбай Омаров деген оқушы (қазір арамызда жоқ, Алла алдынан жарылқасын) солай жасады. Оны байқап қалған ағай:
«Әй, оқушы Омаров,
Отыр орныңда омалып.
Қисаңдағанда тележка,
Кетерсің бір жаққа жоғалып», – деп дауыстады. Бәріміз рахаттана шуылдап күлдік, бірақ тыныш отыруға тырыстық.
Колхоздың жүгерілігіндеміз. Өзімізден биік жүгерінің собығын қайырып, паясын ­баулап жүрміз. Қауырт та қарбалас еңбек. Ағай қасымызда, бізді одан сайын еңбек көрігін қыздыруға шақырып тұр:
«Заулаңдар, балалар, заулаңдар,
Собығын қайырып, паясын баулаңдар.
Алдымен тірлікті тәмамдап,
Ақшасын бухгалтериядан даулаңдар!» дейді дауыстап. Осыдан кейін қалай зауламайсың? Шама-шарқымызша тірлік жасап, кешке үйімізге қайтамыз. Шаршамайтынбыз.
Оқырманмен болған кездесуде маған «Өлең жазуға кімдердің әсер-ықпалы болды? деген сұрақ жиі қойылады. Бұл енді дәстүрлі сұрақ қой. Дегенмен өте қажет сауал. Әр азаматтың шыққан тегін білген сияқты, өнер адамының бойындағы таланттың бастауы қайда жатқанын білген де маңызды. Менің бұл сауалға беретін жауабым бұрыннан әзір.
6-8 сыныпта жүрген кезімізде шаруашылық жұмысына араласқанымызды жоғары да жаздым. Сол күндердің бірінде, ұмытпасам, 7 ­сыныпта болуы керек, өлең жазуға құмарлығым басталды. Жазғанда сол, әр оқиғаның басын бір шалып, өзімше құрап қоямын. Кейде кәдімгідей өлең жолдары құралатын. Бірде кешкі астан кейін сабақ әзірлейтін бөлмеде қағазды сызбалап ұзақ отырдым. Ойымда өзім күнде көріп жүрген жүгерілік туралы өлең жазу. Егіс бригадирі Нысанбек Сауранбаев көкеміз. Колхоздың басқарма төрағасы Рахмет Нұрекеев. Іске мығым, ұйымдастырушылық қабілеті өте зор адам. Қоғам мүлкін көзінің қарашығындай қорғайтын, өзгені де тиістірмейтін. Ел әлі тойына қоймаған кез. Бірі жетсе, бірі жетпейді. Ауылдың жасы үлкендері шаруашылық басшылары жоқ кезде жүгері масағын тереді. ­Нысанбек көкеміз жағдайды түсініп, бірін көрсе, бірін көрмеген болады.
Міне, осы жағдайды өлеңге арқау етпекшімін. Бірақ шамам келер емес. Әйтсе де, тапжылмай отырмын. Таңғы намазын оқу үшін дәрет алуға тұрған әкем мені көріп:
– Таң атты ғой, неғып ұйықтамай отырсың? – деп сұрады.
– Жүгері науқаны жөнінде өлең жазайын деп едім.., – деп сөзімнің аяғын жұтып міңгірледім. Әкем далаға шығып кетті. Дәретін алып қайта оралғанда әлі сол қалпы отырған мені көріп:
– Ия, жаздың ба өлең? – деді.
– Жоқ, – дедім.
– Онда былай деп жаз, – деді артына қайырылып тұрып:
«Кемпір мен шал жүгеріге барады,
Екі мезгіл масақ теріп алады.
Бастық көріп қалмасын деп Нысанбек
Атқа мініп жан-жағына қарады».
Өмірбақи диқангершілікпен айналысып жүрген әкемнің мына суырыпсалма (импровизация) ақындығына таңқалдым. Айтқанын дереу дәптеріме жазып, түні бойғы шаршағаным басылғандай болып төсегіме құладым.
Демек, өлеңге бейімділігімді, құмарлығымды, қызығушылығымды алғаш арттырған әрі қалыптастырған әкем Бекмұрат пен ұстазым Байжанұлы десем, артық айтқандығым емес, шындығы солай.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

06 маусым 2020 ж. 420 0