Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Майдангер – ұстаз

Майдангер – ұстаз

Ұлы Отан соғысы – тарихымыздың ең ауыр кезеңінің бірі. Сол бір сұрапыл жылдары елмен жерін қорғауға аттанған батырлар қатарында қаншама ұстаздар майдан даласында отан үшін отқа түссе, бейбіт күнде білім мен тәрбиенің шырақшысы бола білді. Ұлттың амандығы үшін жанкештілікпен жауға қарсы тұрған өмір жолдары – тұтас бір тарих, өсиеті – мәңгілік өнеге. Ерлік пен білімнің қос шыңын бағындырған, ауыр жүгін арқалаған ұстаздардың көңілден кетпеуі ұрпаққа тағлым. Соғыс өртінен аман оралып, қырық жылға жуық ұстаздық еткен Бекжігіт Момышев жайлы қалам тербемекпін.
Балалық шағы мәз болмаған, ата-анадан жас қалып, балалар үйінде тәрбиеленген ол 1921 жылы Ақмола облысы, Қорғалжын ауданында дүниеге келген. Сол заманның ауыр кезеңі бала Бекжігітті жылы қарсы алмады. Халықтың басынан кешірген қайғысы мен қасіреті оны тез есейтті. Өзі 7 жылдық мектепті үздік бітіріп, еңбек жолын бастауышсыныптарға сабақ беруден бастайды. Енді бой түзеп келе жатқан боз бала 18 жасында соғыс басталысымен-ақ Отан қорғауға қолына қару алып, алғашқылардың бірі болып майданға аттанады. Зұлмат соғыстың өрті есін ала соққан шақта ердің ерлігін, елдің елдігін үлкен сынға алып келді. 1941 жылы желтоқсан айында Сталинградты қорғау үшін Шиеліден тоғыз жігіт бірге шығады. Төрт жылдай майдан даласында көрсеткен ерлігі үшін І дәрежелі «Даңқ ордені», І дәрежелі «Отан соғысы» ордені және Сталинградты азат ету жолындағы ерлігі үшін «Ерлігі үшін» медальдармен марапатталған. Соғыс аяқталуға төрт ай қалғанда жараланып, елге оралады. Елге келісімен мұғалімдік қызметіне қайта кіріскен ол Алғабас ауылы (бұрынғы атауы Ленин атындағы колхоз) №157 қазақ орта мектебіне бастауыш сыныптарға сабақ бере бастаған. Аталған мектепте өмірінің соңына дейін мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Көптеген оқушыны үлкен тұлғаға айналып, әр саланың майталманы атанды. Ағамыздың еңбек сүйгіштігі, патриоттығы, адалдығы мен адами қасиеті ылғи да ерекшеленіп тұратын. Әріптестерінің арасындағы көрген құрметі, мамандығына деген сүйіспеншілігі кеудесіне «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісінің мектеп тарихында бірінші болып бұйырған сәттері көз алдымызда. Тек білікті, білімді ұстаз ғана емес жанның бәріне де жанашыр, қамқор, жүрегі мейірім-шапағатқа толы жан еді. Ағаймен 1969 жылдан әріптес болдым. Үйі аудан орталығында. Ол кезде көлік көп емес, көбіне жаяу қатынайтын. Таңертең жеті жарымда мектепте отыратын. Ө з а р а т ә ж і р и б е а л м а с у мақсатында мектеп директорының оқу жөніндегі орынбасары Ақберген Тұрсынбеков, бастауыш сынып мұғалімінің бірі Қадиша Дүйсенбаева үшеуміз математика сабағына қатыстық. Жаңа сабақ, бірінші сынып болғандықтан, тақырып – онға дейінгі санау. Жас жыңғылдан әдемілеп он шыбық, он асық, он кішкентай доп – көрнекі құралы. Мұның барлығы көрсетіп айтып болды да, бір кезде екі қолын көтеріп «Неше саусақ?», – деп сұрақ қойды. Балалар «Ағай, тоғыз», – деп шу ете қалды. Қайтадан тағы 3 рет сұрады. Қайталап «Тоғыз, ағай!» деген кезде түрі өзгеріп кетті. Бізді де күлкі қысып барады. Осы сәтте ойына түсті ме, қолына қарап бізбен қосыла күлді. Өйткені, соғыс оның бір саусағын алып қалған еді. Сабаққа берілгені сонша, бір сауасғының жоқ екені есінен шыққан. Сол мезетте зеректеу бір оқушының ағай «Сіздің неге бір саусағыңыз жоқ?» деп кенеттен қойған сұрағына: «1944 жыдың қараша айы. ОрловскКурск майданында кекілескен үлкен шайқас болды. Алғашқыда жан-жақ тым-тырыс еді. Біз дереу орманға қарай ойыса бердік. 20-30 метрдей қалғанда екі жағымыздан оқ қарша орады. Өлік деген тау-тау болып үйілді. Сонда да беріспей өліктердің тасасына жатып атыса бердік. Екі сағатқа жуық айқастық. Артынша қосымша күш келді де немістердің шегінуіне тура келді. Содан соңғысын білмеймін, көзімді ашсам госпитальда жатыр екенмін. Оқ оң иығыммен қолыма тиіп бір саусағымды жұлып әкетіпті» дегенінде бала емес пе, әлгі оқушы бар дауысымен жылап жіберді. Балалардың жанында ұмытылмайтын естелік жауап болды. Соғыс зардабын тигізбей қойған жоқ. Бірте бірте денедегі жарақаттар сыр бере бастады. Өмірінің соңғы жылдары төсек тартып жатса да, көңіл сұрап барғанымызда ылғи жүзіндегі жылылығымен езу тартып жағдаймызды түгел сұрап, мектеп жайлы сөз қозғап, қарсы алатын. 1979 жылдың 4 қарашасында келместің кемесіне мініп кете барған ардақты ағамыз жұбайы Рауза Қуандықова екеуі 4 ұл, 3 қызды өмірге әкеліп, саналы ұрпақ тәрбиелеген, жайқалған бәйтеректей өркенін жайған абзал жан еді. Ұлдары Нысанбай, Серікбай, Сырлыбай, Төрехан, қыздары Гүлжахан, Гүлзабира, Гүлбахрам барлығы жоғары білімді. Еліміздің түпкір-түпкірінде қызмет етіп, еңбектерінің зейнетін көріп жүрген жақсы ағадан қалған іздер. Өзі өлгенмен ұрпағымен мың жасаған Бекжігіт ағамыздан 24 немере, 45 шөбере, 10 шөпшек өркен жаюда. Ел үшін от кешкен, ұрпақ үшін тер төккен, соғыста батыр, бейбіт өмірде ұстаз ағамыздың өмірі нағыз еңбек пен ерліктің символындай. Өмірінің соңына дейін өз ұлтының бала-шағасына алаңдап өткен зиялы қауым өкілдерінің еңбегін дәріптеу кім-кімге болса да азаматтық парыз. Ерліктің ерен үлгісін көрсеткен бар ғұмырын тек халыққа арнаған осы күнге жетуге қасық қандары қалғанша жаумен бетпе-бет келген қаһармандарымыздан ешнәрсені аямай әуелі дұғадан бағыштап, көше, ауыл тағы басқа еңселі көрікті жерлердің атауы беріліп жатса артық болмас еді.

Айжамал ӘБДІХАМИТҚЫЗЫ,
Шиелі ауданының құрметті азаматы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі
21 сәуір 2025 ж. 48 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№28 (9295)

21 сәуір 2025 ж.

№27 (9294)

15 сәуір 2025 ж.

№26 (9293)

13 сәуір 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930