ҰСТАЗЫМ, МЕНІҢ, ҰСТАЗЫМ...

Ұстаздарымыз осы талап үдесінен шығып жатқаны айқын. Әрбір оқушының «тарыдай болып кіріп, таудай болып шығуына» мектептің жауапкершілігі жоғары. Сондықтан мектеп ұжымы мен директоры ата-аналармен қоянқолтық жұмыс атқарып, болашақ білімді, тәртіпті, Отаншыл, адал адамдарды тәрбиелеп шығаруға тиіс. Білім саласында серпінді еңбек еткен, ұстаздардың алғы шебінен көрінген, үш мектептің директоры болған, он бес жыл аудандық ұлттық тестілеу орталығы филиалының басшысы қызметін абыроймен атқарған Шералы Үркінбаев десек, аудан мұғалімдері мен шәкірттер қабақ шытпас. Жақсы адамның жақсылығын айту, оны аңғара білу де – имандылық. Көркем мінезге бай, сабырлы да салмақты, қарапайым, көрікті жігіт Шерәлі ауданның педагогика саласында білімі мен ұстаздық қасиеттерінің, баланы сүйе білу, мұғалімдердің еңбегін бағалай алатын жандүниесімен ерекшеленді. Ұзақ жылғы ұстаздың қызметінде ешкімге ұрыспады, ешкіммен керіспеді. Жамандыққа беріспеді. Даусын көтермеді. Жылы сөйлеп ұжымын көтермеледі. Өзі оқыған №50 Абай атындағы орта мектептің директоры, айбынды ағайы Асанбек Бәкіровтен алған қатаң талап пен тәртіп, өзін басшы ретінде ұстай білу іс-әрекеттерінен жұғысты болған қасиеттерді қабылдау – Шерәліге өмірлік сабақ болғандай. Шерәлі Үркінбаев – 1955 жылы қазіргі Бала би ауылында дүниеге келген. Құдай қаласа, осы жылдың қыркүйек айының жиырмасында жетпіс жастың желкенін ескелі отыр. Ол Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың түлегі. Жоғарғы оқу орнын математика пәні мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1971-1980 жылдар аралығында «Қазақстанның ХХХ жылдығы» кеңшарында әртүрлі техникалық жұмыстар атқарумен бастаған. Трактор айдап жер жыртқан. 1980 жылдың ақпан айынан ауылдағы №50 орта мектепте ауыл шаруашылығы машинасының нұсқаушысы, 1984 жылдан сол мектепте бастауыш сынып мұғалімі, 1987 жылдан математика пәні оқытушысы, 1989 жылдың қыркүйек айынан бастап мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарып, әбден пісіп, жетіліп, мол тәжірибе жинап, 1992 жылы аудандық білім бөліміне инспектор болып жоғарылайды. Талантты жастың қадірін білген білім бөлімінің басшысы Жағыпбар Зермұхамедов Шерәлі Шертайұлын 1996 жылдың қарашасынан №157 орта мектеп директоры етіп тағайындайды. Директорлықты ұршықша иірген Ш.Үркінбаев 2001-2004 жылдары №214 мектеп ұжымын басқарады. Ш.Шертайұлы 2004 жылдан бастап тұнғыш ұлттық тестілеу орталығы аудандық филиалының басшысы қызметін қолға алады. Аудандық білім бөлімінің сол кездегі басшысы Найла Палымбет 2007 жылдың мамыр-қазан айларында Ш.Үркінбаевты уақытша №148 мектепті ретке келтіру мақсатында директор етіп жібереді. Алты айдан кейін қайтып келіп ҰБТ орталығын басқаруын жалғастырып, 2019 жылы зейнеткерлікке шыққанша атқарады. Білім саласында жасалған ұлттық бірыңғай тестілеу реформасы жылдан-жылға жаңарып, талаптары өзгеріп келеді. Шәкірттердің терең білім алуларына ұйытқы бола білген Ш.Үркінбаевтың адал еңбегі алыстан қол бұлғайды. Оның бірнеше шәкірті білім және ғылым негіздерінен облыстық олимпиада жүлдегері атанды. Атқарған қызметтері үшін облыстық білім басқармасының, облыстық кәсіподақ комитетінің, аудандық білім бөлімінің және республикалық ұлттық тестілеу орталығының «Құрмет грамоталарымен» марапатталса, 2009 жылы өз саласы бойынша жыл қорытындысымен ауданның үздігі болды. 2010 жылы облыс әкімінің үздік төсбелгісіне және «Құрмет грамотасына», сондай-ақ аудан әкімінің алғыс хатына ие болса, 2011 жылы «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталады. Шералы Үркінбаев зейнетке шықтым екен деп қарап жатпады. Бойда бар талант, өлең жазуға бейімділік оны өнер жолында қалам тербеуге итермеледі. 2024 жылы облыстың 85 жылдығына орай ұйымдастырылған облыстық білім саласы ардагерлері арасындағы жазба ақындар жарысында жүлделі үшінші орынға ие болған Шерәлі шабыт биігінде. Оның мәнді, мағыналы мақалалары, өлеңдері республикалық «Ардагер айнасы» облыстық «Сыр мектебі», аудандық «Өскен өңір» газеттері беттерінде жарық көріп, оқырмандарға қуаныш сыйлап келеді. Ұстаздық – ұлы ұғым. Қазақы тәрбие көрген, шәкірттеріне ұлттық құндылықтарды білім, тәлімі арқылы жеткізе білген, ауылдан шыққан халық мұғалімі Шерәлінің шеберлігінде шек жоқ. Орыстың ғұлама қаламгері Лев Толстой «Қайсібір талант иесінің артынан ел-жұртын сағындырып жүретін есті адамның мынандай үш үлкен қасиеті болады. Біріншіден, жұртқа берген ақыл-кеңесін өзі орындайды. Екіншіден, ешуақытта әділдікке қарсы шықпайды, үшіншіден, төңірегіндегі жандардың қателіктеріне кешірімшіл келеді. Бұл үш қасиет те адамның ішінен шығатын ар-иман үкімінен. Әр адамның Құдайы – өзінің ары» депті. Баланың бойына біліммен бірге осындай адами қасиеттерді сіңіру – ұстаздардың кәсіби біліктілігінде жатыр. Оны біз ұлағатты ұстаз, білікті басшы, мейірімді де талапшыл директор Шерәлі Үркінбаевтың еңбек жолынан аңғардық. Мектептің жақсы болмағы, шәкірттердің білімді де алғыр болуы – ұстазға байланысты екендігін, мұғалімдердің құрметкке бөлінуі – мектеп директорына келіп тірелетіндігін де Шерәлі Шертайұлының қызмет бабындағы тәжірибиесінен сезіндік. Күллі аудан жұртына мәшҺүр болған ұлағатты ұстаз Шеріәлі Шертайұлына ұзақ ғұмыр, отбасына амандық, құт-береке, өнердегі талантына шалқар шабыт тілейміз. Ш.Үркінбаев отбасының қадірменді ұйтқысы отау құрғандарына елу жыл толған сүйген жары Күлжамал Ізбасарова екеуі 4 қыз, 2 ұл, 19 немере сүйіп отырған ардақты әке, әдемі әже. Үш қызы мен бір ұлы әке жолын ұстанған педагог. Бір ұлы өндірісте қызмет атқарса, бір қызы ветеринария саласының қызметкері. Ұлдары – ұяда, қыздары – қияда жарқын өмір кешуде. Ата-аналарында уайым жоқ. Көңіл шіркін жүйрік. Шерәліні еске алсаң «Ұстазым, менің ұстазым» деп ән айтқын келіп кетеді.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі