ЖҮГЕРІЛІКТЕ...

Бірде кешкі астан кейін сабақ әзірлейтін бөлмеде қағазды сызбалап ұзақ отырдым. Ойымда өзім күнде көріп жүрген жүгерілік туралы өлең жазу. Егіс бригадирі Нысанбек Сауранбаев көкеміз болатын. Басқарма бастығы Рахмет Нұрекеев іске мығым, ұйымдастырушылық қабілеті өте зор адам. Қоғам мүлкін көзінің қарашығындай қорғайтын, өзгеге де тигізбейтін. Ел әлі тойына қоймаған кез. Бірі жетсе, бірі жетпейді. Ауылдың жасы үлкендері шаруашылық басшылары жоқ кезде жүгері масағын тереді. Нысанбек көкеміз жағдайды түсініп, бірін көрсе, бірін көрмеген болады... Міне, осы жағдайды өлеңге арқау етпекшімін. Бірақ шамам келер емес. Әйтсе де тапжылмай отырмын. Таңғы намазын оқу үшін дәрет алуға тұрған әкем мені көріп: – Таң атты ғой, неғып ұйықтамай отырсың? – деп сұрады. – Жүгері науқаны жөнінде өлең жазайын деп едім.., – деп сөзімнің аяғын жұтып міңгірледім. Әкем далаға шығып кетті. Дәретін алып қайта оралғанда әлі сол қалпы отырған мені көріп: – Иә, жаздың ба өлең? – деді. – Жоқ, – дедім. – Онда былай деп жаз, – деді артына қайырылып тұрып: «Кемпір мен шал жүгеріге барады, Екі мезгіл масақ теріп алады. Бастық көріп қалмасын деп Нысанбек Атқа мініп жан-жағына қарады». Өмірбақи диқаншылықпен және уақ малмен айналысып жүрген әкемнің мына суырыпсалма (импровизация) өлеңіне таңқалдым. Айтқанын дереу дәптеріме жазып, түні бойғы шаршағаным басылғандай, иығымнан ауыр зат түскендей, өлеңді өзім жазғандай болып төсегіме «гүрс» етіп құладым...
Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ