Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫЗДАР МЕРЕКЕСІНДЕ ҚЫЗДАН КЕЛГЕН ҚҰТТЫҚТАУ

ҚЫЗДАР МЕРЕКЕСІНДЕ ҚЫЗДАН КЕЛГЕН ҚҰТТЫҚТАУ

Ол кезде бәрі қызық сияқты еді. Мектептегі сабақ та, қозы-лақ бағып жүрген кез де, көгалда доп қуған сәт те, бәрі-бәрі де көңілді өтетін. Әр сабақтың арасындағы 5 минуттық пен сабақтың ортасындағы 10 минуттық үзіліс әңгімелесуге аздық ететін.


Мен 7-сыныпта оқитынмын. Оң-солымды біліп қалғанмын. Анда-санда өлең жазамын. Мектептің қабырға газетін шығарамын. Көбінесе тәртіп пен сабақ үлгерімін қозғайтынбыз. Өзімізден жоғары сыныптың үлгерімі нашар оқушыларын сынаймын деп талай таяқ та жедім. Газет шығарысатын екі оқушы қорыққанынан жазбайтын болды. Мен бәрібір қойғаным жоқ, жалғыз өзім қалсам да, кейде үйге апарып шығарып жүрдім. Ол уақытта Абай, Ыбырай (Алтынсарин), Жамбыл, орыстардан Пушкин, Лермонтов, Крыловтардың портреттері мектептерде ілулі тұратын. Біздің ауыл сияқты шалғай мекендегі мектептерге ол портреттер жетпейтін. Сурет салуға икемім барын білетін бейнелеу пәнінің мұғалімі Бекболат ағай (Ибашев) маған салғызатын. Бірде портреттерді салып түннің біруағына дейін отырып қалыппын. Шешем қасыма келіп: – Балам, неге жатпай отырсың, ертең ерте мектепке баруың керек қой? – деді. – Апа, көрмейсіз бе, сурет салып отырмын, – дедім. – Бүгін тым кеш болып кетті, қалғанын ертең саларсың, – деді. – Бітірмей жата алмаймын, апа, ертең мектепке комиссия келеді. Осы суреттер рамаға салынып, қабырғаларда ілініп тұру керек... – Бір нәрсені ескертейін, – деді анам әңгіменің бағытын өзгертіп. – Біздің дінімізде сурет салуға тиым бар. Ақыреттің күнінде сол суреттер жан сұрайтын көрінеді. Сонда не істемексің? Жанды қайдан тауып бересің?! Мына сөзден жаным шошыды... (Анамның бірнеше ескертуінен кейін сурет салуды біржолата қойып кеттім). Мерекелерді бос жібермейтінбіз. Шамамызға қарамай, қыздарға кітап, ашық хат, иіссу, тағы басқа заттар сыйлайтынбыз. Открытка демекші, ол өзі бір дана қатты қағаз. Бірінші бетінде тұтас сурет, екінші бетінде хат, тілек, құттықтау жазатын орын бар. Әркім көңілі қалаған, сыйлаған адамына мерекелік лебізін сол жерге жазады... 8-наурызда 5-ші сыныптың қызынан ашық хат алдым. Сыныптас құрбысы менің көршім еді, сол қыздан беріп жіберіпті. Бір шумақ өлеңі бар: «Виноград – жүзім, Сарқылмас күшің. Ескерткіш беремін Ұмытылмас үшін,» деп жазылған. Ниеті дұрыс. Өлеңі дұрыс. Әттең-айы мені қыздар мерекесімен құттықтағаны. Бүлдіршінге ренжігенім жоқ. Мерекенің аты мереке ғой. Оның үстіне аналар мерекесі бүкіл адамзатқа ортақ емес пе? Қалай болғанда да, сол күні қыздан құттықтау алған жалғыз ер бала мен болдым.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ
05 наурыз 2025 ж. 194 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№18 (9285)

08 наурыз 2025 ж.

№17 (9284)

04 наурыз 2025 ж.

№16 (9283)

01 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31