ІНДЕТ ТАРАТПАУ – МІНДЕТ

– Гүлзада ханым, соңғы уақытта КонгоҚырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) туралы жиі айтылып жүр. Бұл аурудың таралу қаупі және алдын алу шаралары жөнінде кеңірек айтып өтсеңіз...
– Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметінің маманы: Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – маусымдық және табиғи-ошақтық сипатқа ие аса қауіпті вирус тудыратын ауру. Ол көбінесе көктем мен жаз мезгілдерінде – мамырдан тамызға дейінгі аралықта тіркеледі. Ауруды тасымалдаушы – кенелер. КҚГҚ көбінесе ауыл шаруашылығымен айналысатын, мал бағатын немесе науқаспен тікелей қарым-қатынаста болған адамдар арасында кездеседі.
– Бұл ауру еліміздің қай өңірлерінде жиі кездеседі?
– Қазақстанда Шымкент қаласы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары табиғи ошақтар ретінде тіркелген. Климаттық жағдайдың қолайлылығы – осы аурудың таралуына негізгі себеп. 2025 жылы тек біздің аймақта 111 елді мекен эпидемиологиялық тұрғыдан қолайсыз деп танылды. Оның ішінде ауданымыз бойынша 18 елді мекен Конго-Қырым қызбасы бойынша қауіп төндіретін аймақтар қатарына кіреді. – Аурудың алдын алу бойынша қандай нақты шаралар қолға алынуда? – Аудан бойынша көктемгі залалсыздандыру жұмыстары биыл 9 сәуірден басталды. Бұл шара екі кезеңмен жүзеге асады: I кезең – 9 сәуірден 25 сәуірге дейін, ал II кезең – 18 сәуірден 4 мамырға дейін жалғасады. Залалсыздандыру жұмыстары кенеге қарсы препараттармен жүргізіледі. Бұдан бөлек, арнайы зоопаразитологиялық топ кенелерді жинап, зерттеу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Қазіргі уақытта 1500 кене жиналып, 150 үлгі зерттелуде.
– Халыққа қандай кеңес берер едіңіз? КҚГҚ-дан сақтанудың жолы қайсы?
– Ең бастысы – сақтық шараларын қатаң сақтау. Мал бағумен немесе ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындар арнайы қорғаныш киімдерін, қолғап, етік, ұзын жеңді киім киюі қажет. Табиғатқа шыққанда ашық түсті, денені толық жауып тұратын киім киіп, репелленттерді қолдану керек. Сонымен қатар мал қораларын, ауланы, үй жануарларын дәрілеп отыру – міндетті. – Қазіргі эпидемиологиялық жағдай қалай? – 2024 жылы аймақта жағдай тұрақты болды. КҚГҚ-ға күдікпен 3 адам тіркеліп, сынама нәтижелері расталмады. Ал 2025 жылдың басынан бері 6 адам (Шиелі кентінен) кене шағу дерегімен медициналық көмекке жүгінді. Бұл – аурудың алдын алу мен халықты дер кезінде ақпараттандырудың маңызын көрсетеді.
– Т ү с і н д і р м е ж ұ м ы с т а р ы қ а л а й жүргізілуде?
– Арнайы жұмыс топтары құрылып, залалсыздандыру сапасына бақылау жүргізілуде. Сонымен қатар аудан әкімдіктеріне аумақтарды механикалық тазалау тапсырылды. Емдеу мекемелерінде мамандардың дайындығын тексеру, семинарлар ұйымдастыру, ауыл тұрғындарымен түсіндіру кездесулері өтуде. Тұрғындардан кенеге қарсы шараларға жауапкершілікпен қарауды сұраймыз.
– Маңызды ақпаратпен бөліскеніңіз үшін рақмет. Соңғы айтар түйініңіз...
– Ең маңыздысы – дер кезінде дәрігерге жүгіну. Алғашқы белгілер пайда болған жағдайда (дене қызуы, әлсіздік, бұлшықет ауруы, терідегі бөртпелер) дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті болғанымен, ерте анықталып, емделсе, толық жазылып шығуға болады.
Әңгімелескен Сұлушаш МАДИЯРОВА