КЕНЕДЕН КЕЛЕТІН ҚАУІП
«Кене шағыпты. Қырым қанды безгегінен көз жұмыпты» дегенді аракідік естіп қалып жатамыз. Осы бір аса қауіпті жұқпалы КонгоҚырым геморрагиялық қызбасы инфекциясы адам ағзасына кененің шағуы арқылы енетінін санитарлық эпидемиология басқармасы мамандары соңғы жылдары жиі айтып жүр. Ол кенеден бөлек төрт түлік малдың және науқас адамның қанымен жұғуы да мүмкін. Сондықтан да болар, бұл ауруға «көбіне малшылар, шопандар және мал күтімімен айналысатын, мал өнімдерін өндіретін адамдар жиі шалдығады» дейді эпидемиолог мамандар.
Бұл ауру несімен қорқынышты?
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – вирус қоздырғышынан туындайтын аса қауіпті жұқпалы ауру. Мамандар науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбесе, жағдайы қиындайды дейді. Тіпті, соңы өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2023 жылы әлем бойынша осы жұқпалы дертпен 3598 адам ауырып, оның 282-сі қайтыс болғанын хабарлаған. Ал елімізде соңғы 10 жылда 215 адам ауырып, оның 43-і көз жұмған. Шиеліде былтыр аталған қауіпті дертке 4 адам шалдығып, 2 науқас көз жұмған. Биыл жыл басынан бері 197 аудан тұрғынын кене шағып, дәрігерге жүгінген. Абырой болғанда ешбірінен Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы анықталмады.
Конго-Қырым қанды безгегі ең алғаш Қырымда анықталған
Қырымда алғаш рет Конго-Қырым геморрагиялық қызбасын ресейлік вирусолог М.П.Чумаков 1944-1945 жылдары анықтаған. Кейін бұл ауру Конгода, Нигерияда, Сенегалда, Кенияда сипатталған. Қазақстанда бұл геморрагиялық қызба «көкала» деген атпен 1948 жылдан бері белгілі. КонгоҚырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары және Шымкент қаласында орналасқан. Сондықтан аталған аймақтарда жыл сайын эпидемиологиялық маусымда аурудың алдын алу шаралары күшейтіледі. Биыл ауданда көктемгі-күзгі эпидмаусымында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан 20 елді мекен қолайсыз болып танылған. Соған сәйкес күзгі залалсыздандыру жұмыстары кесте бойынша 19 қыркүйектен бастап жүргізілуде. Залалсыздандыру жұмыстары 2 кезеңде жүргізіледі. Алғашқысы 19 қыркүйектен 7 қазанға дейін, екінші кезең 28 қыркүйектен 16 қазан аралығында.
Мамандар не дейді?
Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысы Гүлзада Айтекеева:
– Аудан бойынша көктемгі кенеге қарсы өңдеу шаралары қолайсыз болып есепке алынған 20 елді мекен бар. Жыл басынан аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы мен басқа да аса қауіпті ауруларға эпидемиологиялық қадағалауды, алдын алу, сақтану шараларын күшейту мақсатында 13 семинар сабағы жүргізіліп дайындықтан өтті. Халық арасында кенеден сақтану, аурудың негізгі белгілері туралы 56 дәріс, 57 радиодәріс оқылып, 133 рет әлеуметтік желіге, 74 рет жергілікті баспасөз беттеріне мақала жарияланып, 115 санбюллетеньдер шығарылып, 1048 парақшалар мен 585 брощюралар таратылып, 1597 диктанттар жаздырылды.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында санитариялықэпидемиологиялық бақылау қызметі мамандарынан арнайы құрылған жұмысшы топ емдеу мекемелерінің аса қауіпті ауру тіркелген кездегі дайындық барысын, мамандар біліктілігін мониторингілеп, әдістемелік көмек көрсету үшін көшпелі семинарлар ұйымдастырды. Сонымен қатар елді мекен тұрғындарымен кездесіп, кене шаққан кезде, аурудың алғашқы белгілері байқалған кезде шұғыл медициналық көмекке жүгіну қажеттігі туралы тұрғындар арасында санитариялық ағарту жұмыстарын жүргізуде. Осы ретте тұрғындар назарына қора-аула тазалықтарын қатаң сақтауды және қолайсыз елді мекендерде жүргізілетін өңдеу жұмыстары барысында мал бастары мен қора, аулалардың толық дәріленуіне үй иелері тарапынан қатаң бақылау қажеттігін еске саламыз, – дейді.
Малды тоғытып жүрсіз бе?
Қазақтың тектілігіне қайран қалмасқа шараң жоқ. Өйткені ата-бабамыздың кенеден қорғанған әдістерін білсеңіз, таңғалар едіңіз. Мәселен, қазақтың көшпелі тұрмысындағы тәжірибелі іс – малдың қоныстанатын қорасын қыстаудан жайлауға көшкенде немесе жайлаудан қыстауға көшкенде көңін аударып кету. Бұл не үшін деген сұрақ туындауы мүмкін. Негізі кене күн суықта жерге бір жарым метр тереңдікке дейін тұмсығымен еніп кете алады. Өйткені кене екі жағыменде дем алу қабілетіне ие. Ал жерді аударған кезде жерге тереңінен еніп кеткен кене топырақпен бірге қопарылып шығады да тірі қалмайды. Ал көшпелі халық келер жылы осы қонысқа қайта келгенде кене секілді жәндіктерден зардап шекпейді.
Қазақтан асқан философ жоқ деп жатамыз. Мәселен қыста қыстауда, жазда жайлауда, күзде күзеуде қоныстанған көшпелі халық о бастан-ақ кененің, жәндіктердің шағуынан болатын аурулардың алдын алуды білген екен. Қарапайым ғана мысал, кенені тек өртеу, отқа тастау арқылы көзін жояды. Басқалай кененің өлуі мүмкін емес. Ал енді қазақ тұрмысында түзден үйге оралғанда үйге енбестен бұрын сыртқы киімдерін түгел отқа қатаған. Яғни отқа сілкігенде киімге жабысқан кенелер сырт-сырт етіп отқа түсетін көрінеді.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасымен төрт түлік мал ауырмағанымен, оларға жабысқан кене – тасымалдаушы. Сол себепті қазақ малды тоғыту әдісімен кенеден тазалаған. Ал ата-бабамыз бұл әдісті ағын суда жасаған. Малды суға айдап, әрі-бері өткізетін. Сонда суға тұншыққан кенелер теріден тұмсығын ажыратады. Осылайша ағыспен ағып кетеді де, мал терісі тазарады. Сосын барып жүнін қырыққан екен. Кенеден жұғатын аурулардан сақтанудың тағы бір түрі ол – мал қораны таза ұстау. Малдың көңінің ұзақ жатып қалмауын, қораның ылғалды болмауын қадағалау керек.
Көктем-күз мезгілдерінде сақтық ережелерін ескеріп, қауіпті жәндіктерден сақ болған жөн. Себебі жәндіктердің белсенділік маусымы сәуірде басталып, табиғи-климаттық жағдайларға байланысты қыркүйектің соңына дейін жалғасуы мүмкін. Өкініштісі, кенеден келер кесел көп.
Гүлхан ЯХИЯ