АШЫҚ ДИАЛОГ – ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІ

Қабылдау барысында аудан әкімімен бірге аудандық сот судиясы Дархан Исабек, аудан прокуроры Нұрбек Қаратаев, аудандық полиция бөлімінің полиция подполковнигі Ғалымжан Мамбетов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің Шиелі аудандық бөлімшесінің бастығы Асқар Баймаханов және басқа да жауапты сала басшылары қатысты. Тұрғындар осы бірегей мүмкіндікті пайдаланып, түрлі мәселені қозғап, нақты жауаптар алды. Барлығының шешімі заң аясында қаралып, өтініштері бойынша қажетті шаралар қабылданатыны хабарланды. Аудан басшысы әрбір ұсыныс пен өтініш хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыс жүретінін айтты. – Бүгін өздеріңізбен жүздесу үшін арнайы келдік. Аудандағы барлық құқық қорғау органдарының бастықтары, жауапты сала басшылары да осында. Көтерілетін мәселелерді заң аясында шешуге, түсіндіруге келді. Мақсат – қордаланған мәселелер бойынша өтініш, арыз, ұсыныстарды тыңдау. Барлық сала бойынша өтініш қабылданады. Проблеманы ашық айтуға мүмкіндіктеріңіз бар, – деді аудан әкімі. Ашық диалогтың маңызын әсіресе Сәуле Абекова мен Айнұр Мырзалиева сынды аудан тұрғындары жоғары бағалады. Аудан тұрғыны – Аудан әкімі Айтбай Насриддинұлының қабылдауында болып, тұрғын үй мәселесін көтердім. Қанағаттанарлық жауап алдым. Өтініш бойынша жұмыс жүретінін, мәселе бақылауға алынатынын айтты. Бүгінгідей бірыңғай кездесулерді жиі өткізіп тұрған жөн. Орынды бастама. Халықтың алдына басшылар өздері келіп, арыз-шағымдарын қабылдады, – деді Сәуле Абекова. Ал Ақтоған ауыл округінің тұрғыны, көпбалалы ана Айнұр Мырзалиева да тап осы тұрғын үй мәселесін шешуді сұрай келген. – Бұл жеке қабылдауға өтініш кедергісіз қабылданды. Сұрағыма тиісті жауап алдым, – дейді ауыл тұрғыны. Бірлескен қабылдауда әртүрлі себеппен жәрдем сұрап келгендердің тізімі алынып, шешу жолдары қаралды. Тұрғындар тарапынан жер телімдерін заңдастыру, несие мәселесі, әлеуметтік қолдау, тұрақты жұмыс пен тұрғын үй және өзге де салалар бойынша мәселелер көтерілді. Барлығының шешілу жолы заң шеңберінде қаралып, мәселелер тиісті сала мамандарының талқылауымен жан-жақты сараланып, хаттамаға енгізілді. Жеке мәселесін қозғап келген тұрғындарға шешім реті мен заңдылығы түсіндірілді. Мұндай ашық қабылдаулар халықтың өз мәселелерін еркін жеткізуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, сонымен қатар мемлекеттік органдар мен тұрғындар арасында сенімді қарым-қатынас орнатуға ықпал етеді. Бұл өз кезегінде ауданның әлеуметтікэкономикалық дамуына үлкен үлес қосып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға жол ашады.
Сұлушаш МАДИЯРОВА