
Сәуірдің алғашқы күні Шиелі ауданы әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Болат Ысмағұловтың төралығымен әлеуметтік және мәдени даму жөнінде идеологиялық актив отырысы өтті. Жиынға барлық бөлім басшылары мен кент және ауылдық округ әкімдері қатысты.Идеологиялық активте «Жеңістің 80 жылдығына дайындық, ономастика мәселесі, «Адал адам» концепциясы, иесіз ескерткіштерді теңгерімге алу, спорт алаңдарының жағдайы, жеке мектептер мен бала бақша ғимараттарының жағдайы, денсаулық саласы және NEET санатындағы жастармен жұмыс тақырыптары бойынша жауапты сала мамандары баяндама жасады. Жиын барасында аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов баяндамашылар мен ауылдық округ әкімдерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, бірқатар маңызды міндеттерді жүктеді. – Жиында көтеріліген тақырыптар бүгінгі күннің ең өзекті мәселелеріне айналып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру, атқарылған жұмыстардың нәтижесін әлеуметтік желі парақшаларына тұрақты жариялап отыру қажет. Сонымен қатар кенттегі «АRT Sport» үйірмелерінен босап қалған оқушыларды мәдениет және клуб үйлерінде өткізілетін тегін үйірмелерге орналастыру жағын қарастыру керек. Сондай-ақ ауылдық округ әкімдеріне ауылдарда өткізілетін жабайы көкпар, бәйге жарыстары туралы ақпаратты алдын-ала беруін, қауіпсіздікті қатаң сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуді тапсырамын, – деп, алдағы уақытта атқарылатын ауқымды шараларға сәттілік тіледі. Одан әрі әр саладағы жұмыс барысын саралаған идеологиялық актив отырысында, күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша сұрақтар қойылып, тиісінше бөлім басшылары жауап берді.
М.ИБРАГИМ