БІЗ ТАУ ХАЛЫҚПЫЗ

Еңбекшіліктер кейде сөз арасында өздері туралы жақсы пікір, тапқырлық, шешендік туралы айтылып қалса біз тау халқымыз деп желпініп қалатыны бар. Бүгінгі ой түрткімде осы сөздің қалай шыққаны, кімнің аузынан шыққаны, қай кезде айтылғаны жайлы айтсам деймін, әрбір келелі сөздің, ой-пікірдің шығу тарихын келешек ұрпақтың білгені дұрыс. «Тау халқы» аталып кеткен азғантай шешен ұлты өз тәуелсіздігі үшін Ресейдей алып империямен қаншама жыл қайыспай шайқасты. Сондықтан да «Тау халқы» деген атақтың өзі еңбекшіліктер үшін үлкен мәртебе, абырой екенін баса айтқымыз келеді. 1983 жылы тамыз айында ауданға бірінші хатшы болып Сейілбек Шаухаманов сайланды. Ол өзінің білімдігілімен, парасатымен келген күннен бастап-ақ ел назарына іліне бастады. Өткізген әрбір бюросы 4-5 сағатқа созылатын, айтқан сөзін қайталамайтын, бюродағы мәселені үлкенкіші деп бөлмейтін, әрбіріне мұқият мән беретін, бос сөзбен жұртты зеріктірмейтін, анда-санда жұртты күлдіріп алып жалғастыра беретін. Шиелі халқының парасат-пайымын ерекше бағалайтын. Аудан халқы ерте сауаттанған, бәріміз Шиеліге бірінші басшы болуға таласатынбыз. «Маған Шиеліге бірінші басшы болу бақыты бұйырғанына Алланың алдында, елдің алдында қарыздармын» деп Шиелінің мерейін өсіріп отыратын. Бірінші хатшы болғаннан кейін аудандық атқару комитетінің төрағасы Әзімхан Смайлов ағамызға құрметі ерекше болды. Колхоз совхоздарды аралаған кезде машинасының алдына отырғызып алатын, бюро мәжілісінде де Әзекеңнің пікіріне сүйеніп, ақылдасып отыратын. Шаухамановпен қызметтес болған жылдар ағамыздың өміріндегі ең бір шуақты жылдары болды деп айтсақ қателеспейтін сияқтымыз. Біздің совхозға 1983 жылы 13 қазан күні аудан басшылары келетін болды. Сүдігер науқаны қызу жүріп жатқан кез. Құржымбай базында дала қосын ұйымдастырып, төбесіне қызыл жалау іліп, сүдігер жырту науқанын сапалы аяқтайық деп лозунг іліп қойғанбыз. Совхоз директоры Ж.Баетов және мен партком хатшысы кәсіп одақ комитетінің төрағасы Б.Әпжапоров т.б совхоз активтері күтіп тұрмыз. Көп ұзамай бірінші хатшының мәшинесі қасымызға келіп тоқтады, алдыңғы орыннан аутком төрағасы А.Смайлов, артқы орындықтан С.Шаухаманов түсті. Жапа тармағай бір-бірлеп амандасып жатырмыз. Әзекең біртіндеп таныстырып жатыр, Шаухаманов үндемей тыңдап тұр, бірақ жүзі күлімсіреп, бірдеңе айтқысы келген сыңайлы. Әзекең таныстырып болып, «Еңбекші ауылында орта жүздің ноқта ағасы бірыңғай тарақтылар тұрады» деген кезде Шаухаманов: «Қайдам, Әзеке, сіз тарақтылар тұрады дейсіз, бұлардың ішінде қазаққа ұқсайтын ешкім жоқ қой» деді. Сол кезде Әзекең күлімсіреп тұрып: «Иә, Сәке, бұлар тау халқы ғой» деді. Шынында барлап қарасақ біздің ішімізде қазаққа ұқсайтын ешкім жоқ екен. Мен де Беріққара да қазаққа онша келмейміз, Орал – грузин сияқты, бас инженер Оралхан – басына армияндар киетін төбесі жалпақ бас киім киген екен, армияннан аумай қалыпты, басқаларында да сондай ұқсастық бар. Міне, Әзекеңнің осы сөзі күні бүгінге дейін маңызын жоймай, қырық жылдан бері айтып келе жатырмыз. Әзімхан ағамыз болмысында сыпайылықтың символындай ерекше жаратылған жан еді. Ешкімге дауыс көтермейтін, мен бастықпын деген кеудемсоқтығы жоқ, қарапайым болатын. Шаухаманов та Әзекеңнің қадір-қасиетіне жете білді, үлкен құрметпен ағасын еңбек демалысына шығарып салды. Әзекең кезінде Шиелінің менмін деп жүрген атқа мінер азаматтарына қамқор болған, ағалығын жасай білген азамат еді. Зейнетке шықса да елге қамқорлығын аяған жоқ, көп жыл аудандық ардагер кеңесін басқарды. Сейілбек ағамыз Әзекеңді соңғы сапарға шығарып салуға келгенде де Шиелінің атқа мінер азаматтарының жасап жатқан тірлігіне риза болмай: «мен Әзекеңе жасап жатқан құрметке қарап ренжіп тұрмын, Әзекең бәріңді тәрбиеледі өсірді, ағалық қамқорлығын жасады, сендер ең болмаса ағаларыңды ақтық сапарға шығарып салғанда сол мойындарыңдағы қарыздарыңды қайтармайсындар ма?» деп бәрін қайтадан ұйымдастырған екен. Ағасын соңғы сапарға шығарып салған ағамызда ешкімге салмақ салмай көзді ашып-жұмғанша ақтық сапарға аттануы да ғажап. Міне біздің ұрпақтарымыз бізге «Тау халқы» деген атақты сыйлаған атақты аталарының аузынан шыққан ұрпақтанұрпаққа кететін қасиетті баға екенін білген дұрыс деп есептедік. «Тау халқы» деген атағымызға сай ұрпағымыз адалдықтың, тазалықтың бұлағынан сусындаса дегіміз келеді.
Есіркеп ШӘДІБЕКҰЛЫ,
Шиелі ауданының құрметті азаматы
Шиелі ауданының құрметті азаматы