КҮН-ТҮН ДЕМЕЙ ЕҢБЕКТЕНУДІ ТАЛАП ЕТЕДІ

Арамызда азаматтардың қауіпсіздігі мен конституциялық құқығын қамтамасыз етуде, қызметтік міндеттерін абыроймен атқарып, өздерінің адал еңбегімен үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүрген тергеушілер аз емес. Соның бірі Шиелі ауданының полиция бөлімінің аға тергеушісі Ержан Парменов. Ол 1981 жылы Сұлутөбе ауылында дүниеге келген. Мектепті үздік бітіргеннен кейін арман қуып, 1998 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, информатика мамандығы бойынша, ал 2002 жылы «Шымкент» университетінде заңгер мамандығы бойынша диплом алған. Жас маман өзінің туған ауылына келіп, еңбек жолын Сұлутөбе ауылдық округі әкімі аппаратында әскери есеп столы маман болып бастап, одан әрі заңгер лауазымына тағайындалып, 2009 жылға дейін абыроймен атқарды. 2009 жылы Сұлутөбе ауылдық округіне учаскелік полиция инспекторы болып тағайындалып, 2014 жылға дейін осы қызметте жүріп көптеген қылмыстың ізін суытпай ашып, ауыл халықының алғысына бөленген. Көп ұзамай қағілез әрі сауатты қызметкерді Қызылорда ОПД-ның бұйрығымен басшылық аға анықтаушы қызметіне тағайындайды. Қазір аға тергеуші полиция майоры Ержан Парменов бөлімнің ең тәжірбиелі қызметкерлерінің бірі, өткен жылы әртүрлі санаттағы 25 қылмыстық істі тергеп, сотқа жіберген. Оның ішінде кісі өлтіру, бөтен мүлік ұрлықтары, алаяқтық қылмыстар, есірткі қылмыстары тағы да басқа істер бар. Қазір алаяқтық фактілері бойынша қылмыс деректері көбейіп тұрғаны ешкіме жасырын емес. Қылмыстарды тергеушілер зерделеп, олардың алдын алу мақсатында орын алған құқық бұзушылықтарды жою, профилактикалық жұмыстарды жүргізу үшін ҚР ҚПК-нің баптарына сәйкес тиісті органдарға мекемелерге ұсынулар жолдайды. Тергеуші қылмыстық істі зерттеп қана қоймайды сондай-ақ қылмыстық құқықпен қоса жиі банк ісі, азаматтық және әкімшілік заңнамаларды да оқып қолдана білуі қажет. Еңбек жолында өсу мен жан-жақты мүмкіндіктер бар, жақсы жалақы одан бөлек қызметтік баспана да қарастырылған. Дегенмен мамандықтың қиын тұсы да жоқ емес. Жұмыс кестесі күн-түн демей еңбектенуді талап етеді. Демалыссыз жұмыс істейтін кездер де болады. Мұндайда отбасыңдағы бірлік пен берекенің жөні бөлек. Ержан Бегалыұлы жанұясында бұл орайда толық қолдау тауып отыр. Жұбайы – Ботакөз Алдоңғарова екеуі аудандағы үлгілі отбасылардын бірі. 1 ұл мен 2 қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие беріп отыр.
Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ,
сурет автордікі