АУЫЛЫНА КӨМЕКТЕСЕТІН АЗАМАТТАР КӨП

Керделі ауылдық округінің алғашқы іргетасы 1928 жылы қазіргі Жиделіарық ауылында Үлгілі ТОЗ (Жер өңдеу серіктестігі) болып құрылған.
1929 жылы Жиделіарық колхозы құрылды. 1932 жылы Жиделіарық, Еңбекші, Ұйымшыл колхоздарын қамтитын Керделі ауылдық кеңесі құрылды. Ең алғаш ауылдық кеңестіСыздықБоқаев басқарды. Әр колхозда 25-35-тен шаңырақ болды, адамдар көлік, соқа, саймандар тағы басқа жарна беріп мүшелікке қабылданды. Көнекөздердің айтуынша,1939 жылы әр бұқа етке өткізілгенде салмағы 895 килограмм болыпты. 1937-1938 жылдарда ұжымның ферма бастығы Баукен Бекжанов 1940 жылы 300 бас қойды 500 басқа жеткізгені үшін, 2 түйені түгел аман сақтап боталатқаны үшін, ірі-қараның әр аналығынан 1 бастан бұзау алғаны үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Бұдан бұрын да Қазақ ССР-нің 15 жылдық белгісін иеленген. 1949 жылы Қалдыбаев Маман күріштің әр гектарынан 120 центнер өнім алғаны үшін «Еңбек Ері» атағына ие болып, кеудесіне алтын жұлдыз таққан.
1951 жылы колхоздар іріленіп, Жиделіарық, Үлгілі, Еңбекші бірктіріліп Молотов атындағы үлкен ұжымшар болды, осы ұжымшардың төрағасы болып Оразмахан Ақпанбетов сайланды. 1955 жылы бұрынғы Молотов атындағы ұжымшар Коммунизм колхозы болып аталды. Осы Коммунизм ұжымшарынан 1974 жылы мал шаруашылығын өз алдына дамыту мақсатында Еңбекші кеңшары бөлініп шықты. Коммунизм ұжымшарында күріш, бидай, көкөніс, жоңышқа, бақша дақылдары егілді, ірі-қара іріленген үлкен ферма қалды. Жиделіарықта 2 бригада, ауылдың орталығы Үлгіліде 2 өндіріс бригадасы және 1 көкөніс бақша бригадасы болды. Қой шаруашылығында Нартай Көкиев 100 саулықтан 220 дана төл алып «Еңбек Ері» атағына ие болды. 1970 жылы Шырынкүл Қазанбаева әр гектар күріштен 129 центнерден, Оразов Байдүйсен 126 центнерден, 1972 жылы Алтайбаева Ұлбала 109 центнерден -ден өнім алып «Еңбек Ері» атанған.
Ауыл тарихы бойынша ауылдық кеңес төрағасы болып 1928-1940 жылдар аралығында Шөпшеков Нұрым, 1941-1964 жылар аралығында Бәйімбетова Шәрі, 1965-1968 жылдар аралығында Райымбеков Уәлшер, 1969 жылы 5-6 ай көлемінде Жүсіпов Байтілес, 1970 жылы 4 ай көлемінде Ибадуллаев Саруар, 1976 жылы Аюпов Досмағанбет, 1981-1993 жылдары Рақышев Алдаберген, 1993-1999 жылдары Мұсабаев Ниязбек, 1999-2001 жылдары Оразмаханов Жаппарбек, 2001-2002 жылдары Ақылбеков Әділхан, 2002-2004 жылдары Мұсабаев Ниязбек, 2004-2008 жылдары Мүліков Серік, 2008-2015 жылдары Оразымбетова Шамшат, 2015-2019 жылдары Ержан Файзоллаауылдық округ әкімі болып қызмет атқарды. Қазіргі уақытта бұл қызметке халық сайлауымен Ыханов Ғалымжан келді.
Мұнда туған ауылына жанашырлықпен көмектесетін жандар көп. Мәселен, Бағлан Әшірбеков мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында ауылға спорт кешені мен дәрігерлік амбулатория салып берді. Егер ауыл тұрғындары тек бюджеттен бөлінетін қаржыны күтіп отырса, бұл әлеуметтік нысандардың игілігін көруге әлі ұзақ уақыт керек болар еді.Тағы бір ауыл тумасы Ғазиз Тобажанов жыл сайын жиырма аз қамтылған отбасыға уақ мал таратып береді.
Ауданда «Халық» шаруа қожалығы жоғары беделге ие. Оны ауылды қалыптастырушы құрылым деп атауға болады, өйткені ауыл тұрғындарының 80 пайыздан астамы өз жер үлестерін осы агроқұрылымға сеніп тапсырған. Қуантатыны, бұл шаруашылықты жиырма жылдан астам уақыттан бері басқарып келе жатқан Халықберді Мыханов ауылдастарының сенімін толықтай ақтап отыр.
Қыста егілген бидай, күріш және жоңышқа өнімі шаруашылық қызметкерлері мен жер үлескерлеріне төмендетілген бағамен немесе тіпті пайдадан түскен дивиденд ретінде тегін беріледі.
«Халық» шаруашылығының барлық жұмысшыларының қорасында малы бар, сондықтан жасыл азық әрдайым қажет. Ал шағын цехта бидай өңделіп құрама жемге айналады.
Шаруашылықта тұрақты түрде 30 адам жұмыс істейді, ал маусымдық жұмыстарға тағы да 30 шақты адам тартылады. Бұлар негізінен механизаторлар, күріш өсірушілер мен слесарьлар. Ал жер үлестерін осы шаруашылыққа сеніп тапсырған басқа ауыл тұрғындары негізінен бау-бақша өсірумен айналысады. Әрбір үлескерге бір гектарға дейін өңделген жер беріледі. «Халық» шаруашылығының табысты жұмысының айқын нәтижесі – мұнда мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы жоқ.
Шаруашылық мүмкіндігінше ауылдағы спорт пен мәдениеттің дамуына қолдау көрсетеді. Мүмкіндігі шектеулі балалары бар 21 отбасы жыл бойы азықтүлікпен қамтамасыз етіледі.
Ауыл тұрғындарына шынайы көмек қолын созып жүрген жандардың қатарында Бекет пен Болат Сүлейменовтерді, Дархан Құлахметұлы мен Нұржан Бегалдиновті де атап өтуге болады. Олар көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға үнемі ұн, күріш және күнбағыс майын таратады.
Біз бұл жерде туған ауылының игілігі үшін шынайы қайырымдылық жасап жүрген жандардың барлығын атап өткен жоқпыз. Оларды және осы мақалада атап өтілген азаматтар жайлы суреттемелермен, сіздерді жыл бойына жеке -жеке таныстырп отырамыз.
Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ