«ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ КЕРУЕН» – ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚАДАҒАЛАУДАҒЫ СЕРПІНДІ БАСТАМА

Кездесуге Шиелі, Жаңақорған аудандарында жұмыс істейтін бірнеше ірі компанияның өкілдері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Қызылорда облыстық филиалы, облыс, аудан әкімдіктерінің қызметкерлері қатысты. Жиналысты облыс прокуроры Ризабек Ожаров жүргізіп отырды. Кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау – прокурорлардың қызметіндегі басым бағыттардың бірі. Сондықтан инвесторларда қандай да бір мәселе туындаған жағдайда, оларды жедел түрде шешуге шаралар қабылданады. Осы орайда «Инвестициялық керуен» атты акциясының алатын орны ерекше. Мақсаты – инвесторлармен кездесу, заңнама талаптарын түсіндіру, түйткілді мәселелерді анықтау және оларды шешуге бағытталған жұмыстарды атқару. Прокурорлар 2 жыл бойы инвестициялық жобаларды сүйемелдеп, олардың қорғалуын қамтамасыз етіп келеді. Осы жұмыстар аясында өткен жылы жалпы ел экономикасына үлесі 742 млрд теңгені құрайтын 28 инвесторға, ағымдағы жылдың екі айында 4 инвесторға (550 млн теңге) көмек көрсетілді. Сол арқылы әкімшілік кедергілерді айтарлықтай азайтуға және жеңілдетуге қол жеткізілді. Мысалы, облыстық прокуратура инвестор «Гежуба Шиелі цемент» ЖШС-де туындаған кедергілерді жойды, түрік инвесторы «Aksa Energy Kyzylorda» ЖШС-не қосымша жер телімін беруге көмектесті. Басқосуда аудан әкімі Айтбай Жандарбеков «Инвестиция керуені» акциясының маңыздылығына, өңірдің экономикалықәлеуметтік дамуына қосып отырған зор үлесіне ерекше назар аударды. Қандай мәселе болса да жан-жақты сараланып, ел мүддесіне нұқсан келмейтін бағытта шешілетінін атап көрсетті. Өз кезегінде облыстық мәслихат депутаты Дәулет Жұмбеков Қытай Халық Республикасынан күріш ақтау зауытының құрылғыларын елге жеткізерде біршама қиындықтар болғанын және ол мәселе прокуратура қызметкерлерінің пәрменімен оң шешілгенін айтты.
Шиелі кентінің шығыс бөлігінде соғылып жатқан «Transshipment» күкірт қышкылын тасымалдау және сақтау мекемесінің басшысы Бауыржан Төлеғұлов прокуратура тарапынан құқықтық кеңестер ала отырып, зауыт құрылысы заңды негізде жүргізіліп жатқанын айтып: – Біздің басты мақсатымыз жергілікті халықты жұмыспен қамтып, қоршаған ортаға зиян келтірмеу. Алдағы уақытта 200-ден астам жергілікті халықты жұмыспен қамтимыз, – деді. «Шалқия Цинк» мекемесінің қаржылық директоры Әуезхан Әбдуғалиев те кен байыту зауыты бір-екі жылда іске қосылып, онда 2000 адам жұмыс істейтінін тілге тиек етті. Кәсіпкер Айткүл Әбдіқадырова, тек қана ірі компаниялар ғана емес шағын кәсіппен айналысатын азаматтар да бұрыннан прокуратура қызметкерлері тарапынан құқықтық көмек алатынын және ол шаралар өңірдің дамуына оң әсер етіп жатқанын айтып алғыс білдірді. Жалпы, инвесторлармен қоса кәсіпкерлік субъектілердің құқықтарын қорғау бағытында қадағалау жұмыстары үнемі жүргізілуде. Мысалы, Қызылорда облысы бойынша Бақылау басқармасы (ГАСК) тексеру тағайындау туралы актісіз Қызылорда қаласында орналасқан құрылыс компаниясының қызметіне заңсыз тексеру жүргізілген. Облыс прокуратурасы бұл факт бойынша жауапты маманға қатысты әкімшілік іс қозғап, соттың қаулысымен 55 мың теңге айыппұл салынды. Инвесторлардың құқықтарын қорғаудың келесі құралы – «Прокурорлық сүзгі». Оны іске асыру мақсатында осы жылдың қаңтар айынан бастап заңнамалық түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, инвесторға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық ісін қозғауға прокурордың келісімінен кейін ғана рұқсат етіледі. Бұдан бөлек, мемлекеттік органдарға прокурордың келісімінсіз инвесторларды тексеруге және оларға тыйым салу-шектеу сипатындағы шараларды қолдануға тыйым салынды. Жаңа өзгерістер Азаматтық процестік кодексіне де әсер етті. Енді инвесторларға қарсы сотқа шағым беру прокурордың міндетті мақұлдауынан кейін ғана мүмкін болады. Мысалы, осы «Прокурорлық сүзгіге» Жер ресурстарын басқару департаментінің «Марал-Нұр» ЖШС-не қатысты жер учаскелерінің мәжбүрлеп алып қою туралы талап қою арызына келісуден бас тартылды. Инвестордың жобасын сүйемелдеу аясында жер учаскесіне құқықтық ауыртпалықтар қойылғаны анықталып, прокуратура тарапынан берілген хат негізінде олар алынып тасталды. Сонымен қатар, кездесуде «Инвестор. Бизнес. Защита» атты телеграм боттың жұмысы презентацияланып, ол акцияға қатысушылардың қызығушылығын туғызды.
Дария МАҚСҰТ