БЕЛСІЗДІК ПЕН БЕДЕУЛІК БЕЛЕҢ АЛЫП БАРАДЫ

Ал қазір өкінішке қарай, елімізде әрбір алтыншы жас отбасы бала сүю бақытынан айырылған. Сорақысы сол, бұл көрсеткіш жыл өткен сайын артып барады. Яғни әйел – бедеу, еркек – белсіз. Неге? Белсіздік пен бедеуліктің көбеюіне не түрткі? Оның емі бар ма?
БЕЛЕҢ АЛҒАН БЕДЕУЛІК
Біз бесігіміз бос қалмасын дейтін қазақпыз. Халқымыз балалы үйді базарға санап, дүниеге ұрпақ әкелуді, үрім-бұтағын жалғастыруды ең үлкен бақытына балаған. Кезінде ұрпақсыздықтың кесірін көп тартпаған ұлтымыз бүгінде бұл індеттің шырмауына шындап шырмалғандай. Алай-да мамандар бедеуліктің белең алуы бізде ғана емес, күллі дүние жүзіндегі тенденция дейді. Не дегенмен де, бедеулік пен белсіздік демографиямызды ақсататын үлкен кесел болып тұр. Репродуктолог-дәрігерлердің айтуынша, егер әйел мен еркек үйленіп, бір жыл бойы жүктілік пайда болмаса, бұл бедеулік болып саналады. Әйел бедеулігі екі түрлі. Біріншісі – іштен туа біткен, екіншісі жүре пайда болған бедеулік. Іштен туа біткен бедеулікке жатыр түтігінің бітелуі, жыныс мүшелерінің, жатырдың жетілмей тууы басты себеп. Жүре пайда болған бедеулік әртүрлі ауруларға, салауатты өмір салтын сақтамауға байланысты туындайды. Оның ішінде ең басты орында түсік жасату тұр. Белгілі ғалым, репродуктолог-эмбриолог Салтанат Байқошқарова бір сұхбатында өздеріне емделуге келген әйелдердің 80 пайызы кезінде түсік жасатқандар болып шыққанын айтқан еді. Десе дегендей-ақ, қазақы қаймағы бұзылмаған өңір аталатын біздің ауданның өзінде мектеп жасындағы 16қыз баланың жүкті екені анықталды. Бұл көзімізбен көріп, дәлелденгені ғана. Айласын асырып, білдірмей түсік жасатып жатқандары жоқ екеніне ешкім кепіл бермейді. Демек, жаратылыстың берген сыйынан саналы түрде бас тарту осындай қасіретке әкелетіні дәлелденген. Бұдан бөлек, жатыр мен жатыр түтікшелеріндегі сырқаттар, түтікшелердің бітелуі, жыныс мүшелерінің қабынуы, эндометриоз, етеккірдің бұзылуы, гормондық бұзылыстар, тағы көптеген факторлар да бедеулікке әкеліп соғады.
СЫРҚАТТЫҢ СЕБЕБІ НЕ?
Әлемде қанша жұп бедеулікке шалдыққаны туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ең соңғы мәліметі осыдан бес жыл бұрын жарияланған екен. Онда 50 миллионға жуық адам осы кеселге ұшырағаны айтылған. Ал қазір бұл сан, сөз жоқ, өскені анық. Бірақ аталған ұйым бедеуліктің санымен емес, оның себеп-салдарымен күресіп әлек. Әлемнің белгілі ғалым-сарапшылары да бедеулік мәселесінің дәл қазіргі заманда неліктен өршіп кеткені туралы әртүрлі болжамдар айтуда. Ғаламтордағы мәліметке сүйенсек, бедеулік пен белсіздіктің белең алуына тамақтану үрді-сінің өзгеруі мен экологиялық факторлар көп әсер етіп жатыр. Қазір күнделікті тұтынып жүрген тағамдарымыз табиғи құрамынан баяғыда алыстап кетті. Ас-суымызда небір бояғыштар, дәм күшейткіштер, химия-лық қоспалар көбейді. Содан кейін адамзаттың бөлінбес бөлшегіне айнал-ған микротолқынды пештер, компьютер, ұялы телефондар да бедеулікті асқындырып жіберген. Сондықтан ғалымдар ұялы телефонды қалтаға жа-қын ұстамау, қуат көзі 5 пайыздан төмендегенде оны қолданбауға кеңес береді. Адам қимыл-қозғалысының азаюы да бедеуліктің негізгі себебі. Кем-бридж университетінің бір профессоры: «Қазіргі заманда әйелдердің ара-сында бедеуліктің жиілеуі олардың аналық емес, материалдық, мансаптық құндылықтарды жоғары қоюынан болып отыр. Себебі әйелдердің қан айналымы жатырға емес, миға кетіп жатыр» дейді. Сөзінің жаны бар. Бала туу жасындағы әйелдер алдымен мансапты емес, ана болуды алдыңғы кезекке шығарғаны жөн.
«БӨРІКТІЛЕРДЕН» ДЕ ҚУАТ КЕМІП БАРАДЫ...
Бала өрбіту, ұрпақ әкелу – тек әйелдердің мәселесі емес. Өмірге дені сау, саналы баланың келуіне еркектердің де үлесі үлкен. Бұған дейін бедеулік мәселесі туындай қалса, оған бірден әйелді кінәлап келдік. Тіпті еркек дертін мойындамақ түгілі, дәрігердің алдына барғанды ар санайтын. Қазір адам санасы өзгеріп, заман құбылды ма әлде қуаты кеткен бөріктілер санының артқаны себеп болар мұндай сыңаржақ көзқарас өзгеріп келеді. Мәселен кейбір өнер жұлдыздары өздерінің бала сүю қабілетінен айырылғанын жасырмай, тіпті сол туралы халық алдында сұхбат та беріп жүр. Сөзімізге тұздық болсын, алдымен өткен жылы «Елдос колобок» атымен танымал шоумен отбасын құрғанына он жыл болса да сәбиінің болмауы өзінің диагнозынан екенін жариялап, емделу процесімен бөлісуде. Ал жақында ғана актер Жахан Отарғалиев те сәби сүюге мүмкіндігі жоқ екенін айтып, «баласын тастап кетіп жатқан жандар менің сол сәбиді қалай аңсап жүргенімді сезсе ғой» деген ішкі күйін көзіне жас алып отырып жеткізді. Халыққа танымал тұлғалардың бұл жан тебіренісі, өкініші мен мұңы мыңдаған қазақ жігіттерінің де жанайқайы десек болады. Иә, қазір әлемде, соның ішінде Қазақстанда да аталық ұрығы әлсіз жігіттер көбейген. Еркектің белсіздігі әйелдердің бедеулігімен қатар тұр. Ал екеуінің де денсаулығының дімкәстігінен балалы болмау 30-40 пайызды құрайды. Қалай десек те елімізде әрбір бесінші ер адам бала сүйе алмайды. Бұрын белсіздік дертіне 50-ден асқан ер азаматтар шалдықса, қазір 20-25 жастағылар да дәрігер жағалап жүр. Дұрыс тәрбие, дұрыс тамақтану, дұрыс өмір сүру салты – ұлтты сапалы етудің, ұрпақты көбейтудің басты шарттары. Дегенмен де, бедеулік пен белсіздік – үкім емес. Ең бастысы, оның себеп-салдарын анықтап, дер кезінде емделу. Ол үшін сабырлылық пен төзімділіктің де алар орны ерекше екені сөзсіз. Қалай десек те, байтақ жерді еншілеген елдің өсу демографиясына оң ықпал жасау үшін жуан жұдырықтылардың қасіретіне айналған дертпен қоғам боп күрескеніміз жөн.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ