БАЛАЛЫ БОЛУДЫҢ БАЛАМАЛЫ ЖОЛЫ

ЭКО-ны ТЕГІН ЖАСАТУДЫҢ ТЕТІГІ
Жасанды ұрықтандыруды тегін жасату үшін, яғни квотаға ілігу үшін алдымен жергілікті емханаға есепке тұру қажет және медициналық көрсеткіштері болуы керек. Айталық, әйелдің жатыр түтікшелерінің екеуі де бітелген жағдайда немесе ер адамда белсіздік 2-3 дәрежелі болған кезде жасанды ұрықтандыру көмегіне иек артуға тура келеді. Жатырдан тыс ұрықтандыруға квота бойынша жіберілетін пациенттерді арнайы комиссия іріктейді. Олардың оң шешімінен кейін әйелдің сырқаттану себептері мен тарихы жазылған құжат және барлық медициналық тексерудің нәтижелерімен бірге ЭКҰ жасалатын арнайы клиникаға жіберіледі. Бұл емдеу мекемесі де құжаттарды тексеріп, дұрыс деп тапқан жағдайда ЭКҰ жасайтын уақытты белгілейді. Бүгінде 15 мыңға жуық ерлі-зайыпты бедеулік есебінде тұр. Қазір жастар отбасын құрғасын 1 жылда бала сүйе алмаса, бірден квотаға өтініш берсе болады. Бұрын 3-4 жылдан кейін еді. Яғни, талап жеңілдеген. Дегенмен, әйел денсаулығына қатысты 3 критерий бар. Олар қандай критерийлер? Бұл сұраққа аудандық емхананың гинеколог дәрігері Бақтыгүл Әлсерікова жауап берген еді. – АМГ дейміз. Антимюллерлік гармон 1-ден төмен болмау керек. ФСГ 12-ден жоғары болмау керек. Және аналық безінде оң жақ, сол жағында үш үштен 6 фолекул болу керек. Әйелдердің жасанды жүктілікке дайын екенін репродуктолог маман шешеді. Сол кісілер келісім берсе, әрі қарай біз дайындап, жолдама береміз, – дейді.
«АҢСАҒАН СӘБИМЕН» АЛТЫ МЫҢ БАЛА ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ
Әрбір адамға шаңырақ құрып, артына ұрпақ қалдыру – парыз. Бақыттың төресі де – бала сүю. Өкінішке қарай, нәрестенің іңгәлаған үнін есту бақыты некеге тұрған барлық отбасына бірдей бұйырмаған. «Аңсаған сәби» бағдарламасы қабылданғаннан кейінгі үш жылда Қазақстан бойынша 20 мыңнан астам экстракорпоральды ұрықтандыру жасалған. Бағдарлама аясында жыл сайын міндетті медициналық сақтандыру қорынан шамамен 7 млрд теңге жұмсалады. Бұл көмекті әр отбасы жылына бір рет қолдана алады. Бағдарлама 2030 жылға дейін жалғасса, жеті жылда 49000 отбасының ата-ана атану мүмкіндігі бар. – « А ң с а ғ а н с ә б и » б а ғ д а р л а м а с ы қабылданғалы шиелілік 39 әйел жасанды ұрықтандыру жасатуға мүмкіндік алды. Оның 27-сі мемлекет берген мүмкіндік арқылы айкүні жетіп, аман-есен сәбиін құшағына алса, 6 ана мерзімінен бұрын босанды. Ал биыл жыл басынан бері 19 әйелге квота берілді. «Аңсаған сәби» арқылы 8 әйел ана атанды, – дейді Бақтыгүл Әлсерікова. Жалпы Шиелі ауданында 217 әйел бедеулік бойынша есепте тұрады. Олардың диагнозы әртүрлі, бірақ армандары біреу ғана – тар құрсағын кеңітіп, жүкті болу, сәбиін құшағына алып, армансыз иіскеу. «Аңсаған сәби» бағдарламасы басталғалы квота алу барынша жеңілдеп келеді. Мәселен, қазір көмекті бір рет пайдаланған отбасы келесі жылы тағы да қатыса алады. Қазір мемлекеттік квота 42 жасқа дейін әйелдерге ғана беріледі. Өйткені 40 жастан кейін әйелдің денсаулығы нашарлап, сәбилі болу мүмкіндігі азая береді. Не десек те, ЭКҰ – басқа емдеу жолдары тиімсіз болғанда ғана қолданылатын тәсіл. Ең дұрысы бедеулік пен белсіздіктің алдын алу қажет. Әр ата-ана баласының бойындағы өзгерістерді қалт жібермей, дер кезінде дәрігерге қаратуы керек. Әсіресе жұқпалы инфекциялардың алдын алып, қандай да бір эндокринологиялық бұзылыстарды уақыт оздырмай емдеген жөн. Сондай-ақ саламатты өмір салтын сақтап, әйелдер түсік жасатудан аулақ болып, еркектер аталық бездің, қуық асты безінің қабынулары мен жыныс-несеп мүшелерінің дамуындағы ауытқуларды дер кезінде емдеу керек, дейді мамандар.
Гүлхан ЯХИЯ