СӘБИДІҢ СЫҢҒЫРЫН СЫЙЛАҒАН «АҢСАҒАН СӘБИ»
Сәби – әр отбасының баға жетпес байлығы, соңында қалған ізі, ұрпақ жалғастырары, көз қуанышы. Қазақ ертеден «Тар құрсақты кеңітіп» дүниеге келген сәбиінің езу тартып күлгеніне, тәй-тәй басқанына, былдырлап сөйлегеніне төбесі көкке жетеді. Әр қадамына той арнайды. Ал, бір перзенттің жоғынан кең дүниесі тарылғандай, қанатынан қайырылғандай күй кешеді. Әсіресе құрсағын кеңітіп, жарып шығатын шарананың болмауы анаға үлкен қасірет болары сөзсіз.
Иә, отбасын құрған әрбір жанның бала сүю бақытына бөленіп, сәбиін құшағына алғысы келетіні рас. Десек те, мұндай бақыт біреуге ерте, біреуге кеш бұйырып жатады. Ал «Аңсаған сәби» бағдарламасы осындай отбасылардың үмітін жалғаған жобаға айналуда.
Иә, отбасын құрған әрбір жанның бала сүю бақытына бөленіп, сәбиін құшағына алғысы келетіні рас. Десек те, мұндай бақыт біреуге ерте, біреуге кеш бұйырып жатады. Ал «Аңсаған сәби» бағдарламасы осындай отбасылардың үмітін жалғаған жобаға айналуда.
2021 жылы ауданда бедеулік есебінде тұрған 7 әйел Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы жүкті болса, былтыр бұл мүмкіндікке 14 отбасы қол жеткізген.
– Қазіргі таңда ЭКО-ға қатысқа 6 ана уақытында аман-есен сәбиін дүниеге әкелсе, оның үшеуі мерзімінен бұрын босанды. Өкінішке қарай бір түсік жағдайы орын алды. Барлығының денсаулық жағдайы жіті бақылауда. Ал бір әйел басқа жақа қоныс аударды. Биыл «Аңсаған сәби» бағдарламасына облыс бойынша 270 квота бөлініп отыр. Соның аясында кезекте тұрған тағы да бірнеше әйелге ана болу бақыты бұйырмақ, – дейді аудандық емхананың гинеколог дәрігері Нұргүл Аширова.
Ұрпақ – адам өмірінің жалғасы, болашақтың иесі. Ұрпағы бардың ұтары мол екенін ата-бабамыз ертеден-ақ айтып кеткен. Баланы бақытқа балаған халқымыз үшін бала сүюдің қиындап бара жатқаны үлкен әлеуметтік түйткіл. Қоғам шындығының себебін бірі – экологиядан көрсе, енді бірі – құнарлы, яғни таза өнім тұтынбаудан деп есептейді. Бұрын бедеулік көбінесе әйелдер арасында жиі кездессе, бүгінде ер-азаматтардың денсаулығында кінәрат көп екені жасырын емес. Сол себепті бала сүюге ниетті жандардың тексеруден бірге өтіп, бірге ем қабылдағаны абзал. Сондай-ақ дәрігер мамандар жұбайлар 5-6 жыл, кейде тіпті одан да көп уақытын өткізіп барып, кеш қаралатынын айтып дабыл қағуда.
Айта кетейік, Қазақстанда жасанды жолмен ұрықтандыруға квота бөлуге арналған бағдарлама 2010 жылы қолға алынған. Бірақ алғашқыда квотаның саны аз болды. 2021 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынған болатын. Осылайша, экстракорпоральды ұрықтандыруға бөлінетін квота саны да артты. Бұл өз кезегінде еліміздегі мыңдаған отбасының сәби сүю бақытына ие болуына жасалған мүмкіндік. Ал барлық шығын мемлекет қаржысы есебінен төленеді.
Бала – өмірдің мәні. Елде әрбір алтыншы отбасы баланың сыңғырлаған күлкісіне мұқтаж. Осыған орай ажырасудың да саны көбейген. Жыл бойынша ажырасқандардың 20 процентінің себебі балалы бола алмағаннан екен. Елімізде сәби болмағандықтан, әрбір алтыншы отбасы ажырасып тынса, «Аңсаған сәби» бағдарламасының арқасында әрбір үшінші әйел сәбилі болуда. Жылт еткен сәулені жарыққа балайтын жандар үшін бұл үлкен қуаныш. Себебі өз қаражатымен ЭКО жасатуға бәрінің мүмкіндігі жоқ. Жасанды ұрықтандырудың бір мүмкіндігі миллионға жуық қаржыны қажет етеді.
Десе де, мүмкіндікті пайдаланғанның барлығы бірден балалы болып кете алмайды. Оның да өзіндік алғышарты мен ерекшелігі бар. Алғашқысы әйел 18 бен 42 жас аралығында болуы керек. Одан соң белгіленген гинекологиялық көрсеткіштер нормадан аспауы, фолликулярлық резервтің жоғары болуы маңызды. Сондай-ақ түрлі туа бітті немесе жүре біткен ақаулары да ескеріледі.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы жайлы айтқанда көпшіліктің арасында ислам діні жасанды ұрықтандыру әдісіне рұқсат бере ме деген сұрақ туындап жатады. Бұған қатысты ҚМДБ-ның ғұламалар кеңесі үкім шығарған. Оған сәйкес, тек өз күйеуінің ғана ұрығын ЭКҰ әдісі арқылы қолдануға шариғи тұрғыдан рұқсат берілген. Ал жасанды ұрықтандыру кезінде донорлық қызметті пайдалану исламға жат болып саналады. Яғни, донорлардан алынған аналық жасуша немесе ұрықты қолдану мұсылманға жат. Мұның діни, моральдық жағынан бөлек, қаржылай тұсы да бар. Дәрігерлер бұл тұрғыдан отбасы мүшелеріне психологиялық тренингтен өтіп, моральдық-этикалық жағын ескеруге кеңес береді.
Елімізде «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін жыл сайын бедеулігі расталған 7000 жұпқа міндетті медициналық сақтандыру аясында ЭКҰ жасату қарастырылған. Демек, сәби аңсаған талай отбасының шырағы жанып, шаттығы таситын күні алда.
Гүлхан ЯХИЯ