БЕЙНЕТТІҢ КӨРМЕК ЗЕЙНЕТІН

Шынымен де еңбектің зейнетін көру адам өміріндегі үлкен белестердің бірі. Сол белеске жету жолында төгілген тер, еткен еңбек еленіп, бағаланып жатса нұр үстіне нұр. Еңбегі еленіп, бейнеті бағаланған жандардың қатарында №49 орта мектебінде 40 жылдан аса хатшы қызметін атқарған Зағипа Майгелдиева мен бар өмірін ұстаздық қызметке арнаған Бақытгүл Абдукаримова бар. Жуырда мектеп ұжымы әріптестерін салтанатты түрде зейнеткерлік демалысқа шығарып салды. Жиынды құттықтау сөзімен ашқан мектеп директорының қызметін уақытша атқарушы Ғалымжан Абдрахманов қос қызметкерге ұзақ жылдар бойы бір орында табан аудармай еңбек етіп, өз қызметін адал, жемісті атқарғандары үшін алғысын білдірді. Одан соң бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерлан Байжанов пен Сейдулла Исаев сөз сөйлеп, кеш иелеріне сый-сияпат жасады. Салтанатты шара мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасына, одан әрі ұстаздар қауымының әріптестеріне әнмен жеткізген жүрекжарды лебізі мен алғысына жалғасып, құрмет-қошеметке бөледі. Адамдар тыным таппай тіршілік етіп, таңдаған мамандығы мен игерген саласында телегей тер төгіп жүріп қасына қарттықтың қалай келіп қалғандығын да аңғармай қалатыны рас. Осылайша өмірінің тең жартысын ерінбей еңбек етуге арнаған кез келген адам жасы ұлғайып, қажыр-қайраты сарқылғанда бейнетінің зейнетін көріп, қартаюдың ғибратын сезініп, кәріліктің өзіне тән бақыты мен дәмін татқысы келетіндігі заңдылық. Білім ордасында қажырлы еңбек етіп, құрметті еңбек демалысына шыққан Бақытгүл Әбіласанқызы мен Зағипа Сейдахметқызы да бұйырса көп жылғы бейнетінің зейнетін көрмек.
«Өскен өңір» ақпарат