Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » YOUTUBE: БАЛАҢЫЗ НЕ КӨРУДЕ?

YOUTUBE: БАЛАҢЫЗ НЕ КӨРУДЕ?

Бала тәрбиесіне әуелі ата-ана, содан кейін тәрбиеші мен ұстаз жауапты. Бұл бұрын. Қазір ше?
Иә, қазір бәрі өзгерген. Жұмысбасты атааналар жан тыныштығы үшін баланың қолына смартфон ұстата салады. Осыдан соң тентегі үйді басына көтеріп жүгірмейді, мазасын алмайды. Бір бұрышта өзімен-өзі телефонға телміріп отыра береді. Ол не көріп отыр? Не үйреніп жатыр? Бас қатырып, уайымдап жүрген адам жоқтың қасы. Бала – болашақ негізі. Оның тұлғалық қалыптасуы мен жетістікке жетуі көптеген жағдайға байланысты. Бірақ ең бастысы – бұл тәрбиеде. Өйткені адамның адам болып қалыптасуы, оның қоғамға пайдалы тұлға болып өсуі, бала кезінде бойына сіңірген тәрбие мен білімге тікелей тәуелді. Қарап отырсақ, тарихта аты әлемге әйгілі тұлғалардың көпшілігі өз жетістіктерін бала күнінде бастаған армандарынан шабыт алып жүзеге асырған. Мысалы, әлемге танымал археолог Генрих Шлиманды алайық. Ол Троя қаласының қирандыларын қайта тауып, әлемге ұсынған ғалым. Бірақ бұл жетістіктің артында тек білім мен еңбек қана емес, бала кезінен тыңдаған анасының ертегісі тұр. Троя туралы аңыздарды естіген Шлиман кішкентай кезінде-ақ осы қалаға баруды армандаған. Сол арман оны өмір бойы жетелеп, қаншама қиындықтарды жеңіп, ақыры өз мақсатына жетуіне себеп болды. Бала кезіндегі арман оны болашақтағы ғалым болуға ынталандырды, осы арқылы адамзатқа зор мұра қалдырды. Бұл мысал бізге балалық шақтағы армандар мен мақсаттардың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Арманның қуатымен ол қандай да бір мақсатқа жету үшін талпынады, күреседі. Міне, бала кезгі армандар – адамды биік шыңдарға жетелейтін алғашқы қадам. Хош, әуелгі сөзге қайта ойысайық. Бүгінгі таңда баланың тәрбиесі көбіне смартфон арқылы жүзеге асып жатқаны – шымбайға батса да шындық. Заман ағымы мен қоғамның өзгеруіне сай бұл қалыпты жағдайға айналды. Смартфон қазіргі өмірдің бөлінбес бөлігіне айналып, көптеген баланың уақытын өткізу құралына, ақпарат алу көзіне айналды. Әрине, «телефон ұстатпаймын» деп тыйым салу арқылы мәселені шешу мүмкін емес. Мұндай әрекет баланың психологиясына теріс әсер етіп, өзін басқа балалардан артта қалғандай сезінуіне әкелуі мүмкін. Өйткені цифрлық әлемде болмау дегеніміз – кейде баланың әлеуметтік ортадан тыс қалуы деген сөз. Ал енді не істемек керек? Бұл жерде ең бастысы – баланың смартфонды қандай мақсатта пайдаланып жатқанын бақылау. Технологияның дамыған заманында тек баланың гаджет ұстап отырғанын бақылап қана қоймай, оның ішіндегі мазмұнға да назар аудару керек. Баланың көріп отырған видеолары, ойнап жатқан ойындары немесе әлеуметтік желілерде жүргізетін белсенділігі оның дамуына, көзқарасына, тіпті мінез-құлқына әсер етеді. Сондықтан ата-ана ретінде біздер баланың цифрлық дүниеге қандай мазмұнмен енгенін қадағалап, оның жан-жақты дамуына оң ықпал етуіміз қажет. Елімізде балалардың ең көп кіретін сайт – YouTube желісі. Бұл әлемдік танымал платформада әр түрлі контент орналасқан. Олардың ішінде пайдалы әрі танымдық материалдармен қатар, теріс әсер ететін видеолар да кездесіп жатады. Әсіресе, ересектерге арналған, жас ерекшеліктеріне сәйкес келмейтін мазмұндар көп кездеседі. Мұндай ақпарат бала психикасына әсер етуі мүмкін. Себебі ол өз жасына лайық емес дүниелермен танысып, шынайы өмірден ауытқуы мүмкін. Осыған орай, ата-аналар үшін ең басты жауапкершілік – баланың қауіпсіздігі. Телефон немесе басқа да гаджеттерді беру кезінде YouTube-тың «қауіпсіздік режимін» қосып қойыңыз. Бұл функция зиянды контенттерді сүзгіден өткізіп, баланың тек жасына сай, тәрбиелік мәні бар материалдарды көруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар балаңызға не көріп, не тыңдап жатқанын түсіндіріп, өз жасына лайық емес нәрселерді қарауға болмайтынын айтып, қызықты әрі пайдалы видеоларды таңдауға көмектесіңіз. Осындай қарапайым шаралар арқылы баланы зиянды ақпараттан аз да болса қорғап, оның санасын дұрыс бағытта қалыптастыруға мүмкіндік тудырамыз. Сіздің бақылауыңыз бен назар аударуыңыз – баланың қауіпсіздігі мен дамуының кепілі. YouTube желісі бүгінде баланың білімін арттыру мен ой-өрісін дамытуға бағытталған сан түрлі арнамен толы. Әрбір арна өзінің ерекшелігімен, шығармашылық қабілеттерді дамытуға көмектеседі. Б і р і н д е б а л а түстерді ажыратуды үйренсе, келесісінде сурет салу немесе қағаздан оюөрнек қиюды үйретеді. Сонымен қатар әлемнің қызықтары мен табиғаттың тылсым құпияларын жеңіл әрі қызықты тілмен түсіндіретін видеолар да жетерлік. Мұндай контенттер балаға тек білім мен дағдыларды үйретіп қана қоймай, оның шығармашылық қабілеттерін ашуға, өзін көрсетуге мүмкіндік береді. Ең бастысы осындай пайдалы материалдарды балаға ұсыну арқылы, сіз оның дамуына зор үлес қосасыз. Әрбір көрген видеосы оның танымдық әлемін кеңейтіп, ойлау қабілетін жетілдіреді. Бірақ тек біліммен шектеліп қалмай, YouTube желісінің тағы бір маңызды әсерін естен шығармауымыз керек – ол баланың тілінің дамуына ықпал етуі. Бұл платформа арқылы бала жаңа сөздер мен тілдерді үйренеді, әлеммен тілдік байланыстың шекарасы кеңейеді. Мысалы, менің төрт жастағы ұлым ағылшынның бірнеше сөзін жаттап алған. Үйде ағылшын тілінде сөйлейтін ешкім болмағанымен, смартфонның арқасында күнделікті «иә, жоқ» сияқты қарапайым сөздерді ағылшын тілінде айтып жүр. Мұндай жағдай – технологияның жақсы жақтары. Біз қазақша видеоларды көрсетіп, тілдік дағдыларын дамытуға тырысамыз. Бірақ таппаған жағдайда ағылшын тіліндегі арналарды көрсетуге де мәжбүрміз. Бұл да балаға жаңа тілдердің негіздерін меңгеруге мүмкіндік береді. Әсіресе, орыс тілін үйренуі күнделікті ортада табиғи түрде болады. Ендеше, YouTube баланың тілдік, шығармашылық дамуына ықпал етуі арқылы оның көптілді әрі жан-жақты тұлға болып қалыптасуына септігін тигізеді. Қазақ тіліндегі балаларға арналған сапалы контенттің тапшылығы, өкінішке орай, шындық. Қазіргі таңда еліміздегі балалардың негізгі контент көзі – «Балапан» арнасының ресми парақшасы. Бұл жерде «Әли мен Ая», «Еріншектер елі» сияқты мультфильмдер өте танымал болып, миллиондаған қаралым жинауда. Бүгінгі күні YouTube платформасында кез келген адам тіркеліп, өзінің видео контентін жариялай алады. Бұл балаларға арналған қызықты әрі сапалы видеолар жасауға үлкен мүмкіндік тудырады. Сонымен қатар қаржылық мәселелерді шешу де оңай. YouTube бірнеше жыл бұрын Қазақстан аумағында жарнама арқылы табыс табуға рұқсат берді. Сырттан келетін серіктес компаниялар бұл тұрғыда арналармен жұмыс істеп, жарнама беруші іздестіруге қажеттілікті жояды. Яғни, сіз сүйікті ісіңізбен айналысып, сапалы контент жасап, аудиторияның сұранысын қанағаттандыра отырып, қосымша табыс таба аласыз. Бұл жерде ең басты талап – сапалы видео түсіріп, балаларға қызықты әрі пайдалы контент ұсыну. Қазіргі заманның мүмкіндіктері кең. Тек дұрыс бағытта жұмыс істеп, өз ісіңізге деген ықыласыңыз бен талпынысыңыз болса, сапалы контент жасау арқылы үлкен жетістіктерге жетуге болады. Бала тәрбиесінде ата-ананың орны орасан. Ізіңізді жалғастырар ұрпағыңыздың бүгінін бақылауда ұстау арқылы келешегінің жарқын болуына жағдай жасаңыз. Балаңыздың бойына сіңірген тәрбиеңізді, тәрбиешілер мен ұстаздары үйреткен білімді интернет әп-сәтте жойып жіберуі мүмкін. Сондықтан балаңыздың Youtube желісінде не көріп отырғанын ұдайы назарда ұстаңыз. Әйтпесе, бармақ тістеп қалуыңыз бек мүмкін.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
23 ақпан 2025 ж. 53 0