Жас бала – жас шыбық

«Мойнындағы борышты білу – білімнің ісі, борышты төлеу – адамгершіліктің ісі» деп ұлт ұстазы А.Байтұрсынов бекер айтпаса керек. Демек, әлі ештеңені де ажыратып, жақсы мен жаманды, ақ пен қараны айыра білмейтін балаға дұрыс тәлім беру ата-ана мен ұстаздың борышы іспетті. Ұлы ойшыл Әл-Фараби «Тәрбиенің негізі – еңбекте» дегендей сол тәрбиені бала бойына сіңіруде де үлкен еңбек жатыр. Осы орайда ұстаздардың өлшеусіз үлесін айтпай кетпесек болмас. Ұстаздар қауымы баланы жан-жақты, білімді, тәрбиелі, ғылымға құштар етіп шығаратын жалғыз адам. Сондықтан да ұстаз тәрбиесінің жөні бөлек. Осы орайда «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген сөз еріксіз ойға оралады. Ұстаздың берген тәрбиесі бала үшін өмірлік азық болып қала бермек. Сондықтан қай қоғамда болсын ұстазға деген құрмет ерекше. Оны Абылай ханның Төле биді, Шәкәрімнің Абайды, Жамбылдың Сүйінбайды қадірлеп, құрметтегенін байқай аламыз. Тіпті, Ескендір Зұлқарнайын да өмір бойы ұстазына «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыз емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп өмір бойы алғысын айтып өткен. Әрине, үйдегі ата-ана да балаға тәрбие бере алады. Бірақ, барлық ана әр баласына әріп үйретіп, күнделікті сабағын қадағалап, оның оқуын түгендеп отыра алмайды. Бұған бір жағынан кәсіби біліктілік әсер етсе, екінші жағынан күнделікті күйкі тірліктің қамы да өз ықпалын тигізеді. Сондықтан көп бала үйде көрсете алмаған сан түрлі өнерін, жан-жақтылығын мектепте көрсетеді. Бұл орайда ұстаздарды бір емес бірнеше баланың анасы деуімізге болады. Қай ұстазды алсаңыз да қолынан қанат қаққан әр шәкіртіне баласындай алаңдап, болашағының қалай боларын уайымдап жүреді. Ал жетістікке жетсе өз ұл-қызы биікті бағындырғандай мәз болады. Ұстаз да ана сияқты. Ана жүрегі ешқашан баласын жек көре алмайды, мұғалімдер де өз шәкірттеріне жамандық тілемейтіні айдан анық.
Ұлт болашағы, халқымыздың келешегі ұстаздарға тікелей байланысты. Егеменді елімізді әлемге танытуда жолдың бастауында мектеп тұр десек, сол мектептің жүрегі – мұғалім. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады» деп текке айтпаған. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – қиын әрі жауапты жұмыс. Бірақ, осындай қиындыққа қарамай қанша баланы тәрбиелеп, білім нәрімен сусындандырып келе жатқан ұстаздарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады.
Фариза КеНжешова,
штаттан тыс тілші
штаттан тыс тілші