Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бала тәрбиесі – болашаққа қаланған кірпіш

Бала тәрбиесі – болашаққа қаланған кірпіш

Тіршіліктегі ең жауапты әрі қиын борыш – дүние есігін ашқан нәрестеге дұрыс тәрбие беру. Мағжан Жұмабаевша айтсақ, «Жас бала – жас шыбық. Жас күнінде қалай иіп тастасаң, солай өседі». Демек баланың санасына иман мен білімді, мейірім мен қанағатты, өзге де адамзат бойындағы асыл қасиеттерді бұғанасы қатпаған сәтінен бастап сіңіру керек. Қазақтың ықылым замандағы тәрбиесіне көз тастасақ, ата-әжелердің сәбиді сонау шақалақ кезінен бар игі жақсыға баулып, бесік жырымен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен еліткенін, жыр-дастанмен құлақ құрышын қандырғанын аңғарамыз. Осындай тәрбиенің жемісі болар, қазақ халқында ержүректі, наркескен, хас батырлар мен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқан, қара сөздің жілігін шағып, майын ішкен, қара қылды қақ жарған, от ауызды, орақ тілді дана, дара кемеңгерлер көп болған. Ұлы ойшыл әл-Фараби «Тәрбиенің негізі – еңбекте» дегендей атам қазақ ұрпағына ұлағатты тәрбие беру үшін еңбектенді, тер төкіті. Таңды таңға ұрып, жыр-дастан айтты, қиялына қанат бітіріп, ертегі шығарды. Мұның әрқайсысы тәрбиенің діңгегі қатты болуына септігін тигізді.
Әдетте барлығымыз баланың болашағы бүгіннен басталады дегенді жиі айтамыз. Алайда дүниеге шыр етіп келген нәрестенің тәрбиесімен кеш айналысатынымыз өкінішті. Себебі баланың тәрбиесі құрсақта жатқан кезде-ақ басталады. Әрине, кез келген әке мен ана баласының саналы һәм ақылды болғанын армандайды. Өкінішке қарай құр армандап қойып, соған сай әрекет жасамайды. Көбісі баланың арманы мен мақсатын, айтқан әңгімесін, өкпе-ренішін түкке тұрғысыз деп санап, енді ғана сөйлеп жүрген баланы бетінен қағып тастайды. Мұндай жағдайда бала өз-өзіне сенімсіз болып, ертеңгі күні ата-анасына ішкі сырын айтуға тартынады. Тағы бір өкінішті жайт, біздің қоғамда бала қиғылыққа салып, жылай бастаса көк ала қойдай сабап, таяқтың астына алатындары да жоқ емес. Мұндай қарым-қатынастан кейін бала қалай махаббатқа шомылып өседі? Ең жақын адамдары ата-анасынан мейірім көрмеген сәби өзгеге мейірімділік таныта ала ма? Егер осындай оқиғалар көбейе берсе ертеңгі күніміз не болмақ? Сол себепті келешегімізді бүгін ойластыруымыз қажет. Ұрпақ тәрбиесі селқостықты көтермейді. «Бала ғой, ұмытып кетеді» деп сәбиді сүюді, оны аялап, еркелетуді естен шығармаған жөн. Қазақ тәрбиеге келгенде ұлға отыз, қызға қырық үйден тыйым салған. Бірақ ұлым – ізгі арманым, қызым – қызғалдағым деп қадірлеп, құрметтеуді де қалыс қалдырмаған. Сондықтан әр баланы болашақта елдің еңсесін тіктейтін, халқына қалаулы азамат етіп тәрбиелеп шығару өзіміздің қолымызда. Отбасында бір емес бірнеше бала болса да, әрқайсысына ерекше назар аударып, арымызды аяққа таптамайтын, ұлтымыздың ұстынын сақтайтын, қазақы мінездің қасиетін жоғалтпайтын ізгі ұрпақ тәрбиелеу – біздің басты борышымыз.

Гүлайна ЖОЛДЫҚАРА,
№9 «Жансая» бөбекжай-бақшасының
педагог-психологы
13 ақпан 2021 ж. 831 0