Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазаннан қақпақ кетсе...

Қазаннан қақпақ кетсе...

«Сынықтан басқасының бәрі жұғады» демекші жаһандану деп жар салған заманда ұялы байланыс құралы елімізге де жетті. Көзді ашып-жұмғанша қазақстандықтар да қалтафонның түр-түрін ұстап, тіпті бесіктен белі шықпаған баласына да алып беруде. Сондықтан болар қазіргі ұрпақтың жасы кіші демесеңіз, санасы, ойлау қабілеті бізбен бірдей-ақ. Ұялыны қолына ұстатсаңыз болды, лезде ютуб желісіне қосылып, қажетті дүниесін тауып алады. Осыдан кейін әшейінде у-шуы басылмайтын баланың дыбысы да естілмейді. Тіпті ас-суға қарамай, сағаттап телефонға телміреді. Әрине, мұндайда ата-ана да құлағының тыныш болғанына қуанады. «Ең бастысы мені мазаламаса болды» деген оймен балаға қой демейді. Ал қой дейтін қожа, әй дейтін әже болмаған бала ютуб арнасынан не көріп жүр?
Шыны керек, әлеуметтік желіде балалардың нені қарап, кіммен сөйлесіп жүргенін бақылап жүретін ата-ана кемде-кем. Өкініштісі, қатаң қадағалау кем болғандықтан бармақ тістейтін жайттар көп орын алады. Әсіресе, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмейтін бала байқаусызда тыйым салынған сайттарға кіріп, шалыс басуы мүмкін. Әсіресе, соңғы кездері сырт көзден тығылып, ұятсыз видео­ны көру көп тіркелген. Айталық, өткен жылы бір ғана сайтқа миллиондаған адам кіріп, 92 миллиард порнороликтерді тамашалаған. Бұдан бәзбіреулердің қалтасы қампайып, мол байлыққа кенелері сөзсіз. Ал баласы жамандыққа ұшырап, болашағы бұлыңғыр болатын – өзіміз. Арнайы зерттеуші мамандар қазір АҚШ, Ұлыбритания, Исландия, Канада, Жаңа ­Зеландия, Үндістан мен Жапония елдерінің жастары рухани жұтап, құндылықтары құлдырап өмір сүріп жатқанын айтады. Өйткені аталған елдерде арсыз әрекеттер мен қылмыс көп және жезөкшелердің жолы болып тұр екен. Мұндай сорақы көрсеткіштер жексұрын желілерді жөн-жосықсыз пайдаланғаннан деп топшылайды. Тек бұл ғана емес, әлем елдері арасында филиппиндіктер де порноөнімді көп қарайды екен. Тіпті олар алғашқы орында. Филиппин елінің тұрғындары орта есеппен тәулігіне 12 минут 45 секундын құртады. Оңтүстік Африка 10 минут 46 секундпен екінші орынға, австралиялықтар 9 минут 44 секундпен үшінші орынға жайғасты. Канадалықтар 9 минут 49 секунд, ресейліктер 8 минут 13 секундын эротикалық ұятсыз бейнероликтерді тамашалауға жұмсайды екен. Ұятсыз видеоны тамашалайтын тек бұл мемлекеттер ғана емес Молдавия, Грузия, Армения, Украина, Белоруссия мен Қазақстан тұрғындары да бар. Осындай мәліметтерді көріп ұятты ұлымен, қылықты қызымен мақтанып, қанымыз таза, өріміз мықты дейтін қазаққа не болған деген ойда қаласыз. Әлде біз де заманға қарай ілесіп жүрміз бе? Я болмаса батыс елдеріне қарап бой түзейміз деп ой-санамызды күзеп алған жоқпыз ба?
Өкініштісі, қазір рейтинг жағынан футболдан кейін порносуреттер мен роликтер, эротикалық фильмдер мен жазбалар алдыңғы шепте тұр. Қазір елімізде рухани жаңғыру бағдарламасын жүзеге асырып, жас­тарды ұлтжандылыққа, білім мен біліктілікке баулып әлекпіз. Ал олардың басым бөлігі көрпенің астында ұятсыз көріністі көріп отыра беретін халге жетті. Бұл – ұлтқа төнген қауіп. Осындай қауіппен көршілес елдер күресті бастап та кеткен. Мәселен, Солтүстік Кореяда порно қарағандар өлім жазасына кесіледі. Ал Ресей өз аймағында шетелдік порноиндустрия өнімдеріне, сайттар мен порталдарға тыйым салған. Әрине, біздің елде мұндай ахуалмен күресу қажет. Себебі нәпсінің қамын ойлаған жасқа елдің болашағын сеніп тапсыруға болмайды. 2005-2013 жылдары арасында жеткіншектер арасында порно қарау үш есеге өскен. Одан бері қанша жыл ауысқанын есептей беріңіз. Қазір жеткіншектер арасында порно қараудың проценті қанша болғанын елестетудің өзі қиын.
Адам психологиясы нәзік те майда құбылыс екені белгілі. Әсіресе, бұғанасы қатпаған баланың ой-өрісі әлі толық жетілмей, қайда бағыттасаңыз сонда кете береді. Бұл тұрғыда «Жас бала – жас шыбық. Жас күніңде қалай иіп тастасаң, солай өседі» деген Мағжан Жұмабаевтан асып ештеңе айта алмаймыз. Қазақтың мыңжылдық тарихына көз жүгіртсеңіз, ата-әжелердің сәбиін бесік жырымен жұбатып, әнмен әлдилеп, ертегімен еліткенін, жыр-дастанмен құлақ құрышын қандырғанын аңғарамыз. Әрине, қазір олай отырып, баланың бабын жасау оңай емес. Нарық заманында көпшілік баланың бағынан гөрі, қалтаның қамын ойлайтыны ащы болса да шындық. Бірақ «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген тәмсілді ұмытпайық. Баланы қатаң қадағалап, қандай желінің қолданушысы екенін және қандай ақпаратқа қанық болып жүргенін білсек артық етпейді.

Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
21 желтоқсан 2020 ж. 763 0