Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Смартфонды неге дұрыс қолданбаймыз?

Смартфонды неге дұрыс қолданбаймыз?

Бұрын ұялы телефон дегенді тек қалталы азаматтардың қолынан көретін болсақ, ұялы байланыс құралы осы күні бесіктегі баланың да ермегіне айналған. Қазір ауданнан алыс орналасқан шалғай ауылдардың өзінде «қалтафонсыз» тірлік бітпейді. Дегенмен екінің бірінің қолында, қалтасында, сөмкесінде, кеудесінде жүрген осы «соткаңыздың» адам денсаулығына қаншалықты зиянды екенін, одан келетін сырқат түрлері жайында мамандар не дейді? Бұл күнде әлемді аузына қаратқан ғалымдардың сөзін қаншалықты құлағымызға іліп жүрміз? Міне, осы мәселе турасында қалам тербеуді жөн санадық.
Осыдан екі жыл бұрын «жүкті әйелдер мен жас балалардың ұялы телефонды пайдалануы олардың денсаулығына орасан зиянын тигізеді» деп иондық емес сәулелерден қорғану жөніндегі Ресей ұлттық комитеті де дабыл қаққан болатын. Ұялы байланыс құралының бала денсаулығына келтірер кері әсері орасан зор. Ғалымдардың айтқан деректеріне сүйенсек, бірінші кезекте баланың есте сақтау қабілеті нашарлап, танымдық қабілеті төмендейді. Бойды селсоқтық пен бойкүйездік билейді. Балалардың көбісі ашушаң, шаршауық, жүйкесі тез жұқарады. Ал ұялы телефонмен ұзақ сөйлесетін балалардың депрессиялық синдромға ұрынуы жиілейтін көрінеді. Адамдар пойызда, лифт ішінде телефонмен сөйлесіп жатады. Ең зияны да осы екен. Ұялы телефонның антеннасы мұндай жағдайда жоғары деңгейде радиация шығарады. Бұл айналып келгенде адамның дене бөліктерін қыздырып, денсаулығына кері әсер береді. Әсіресе, зияны, жастар күндіз-түні «соткаға» жабысып, қолдарынан бір тастамайды. Түнімен музыка тыңдайды, бір-біріне хабар жібереді. Әйтеуір тыным жоқ. Қуаттағыш қондырғы жарты метр жерде болса, онда жоғары кернеулі электр сымының астында ұйықтағанмен бірдей дейді ғалымдар. Тіпті мұның соңы мида қатерлі ісіктің пайда болуына әкеледі. Ғалымдар сұмдық сорақы жайттарды да анықтап отыр. Ұялы телефонмен ұзақ сөйлескен адамның миы бір градусқа дейін қызып кеткен көрінеді.
Телефонның қуаты таусыла қалса дереу қуаттап шұқылай бастаймыз, бұл өте зиян және қауіпті болып келеді. Неге десеңіз, смартфонға еш сенім жоқ, әсте жарыла кетсе, өміріңізге орасан-зор қауіп тудырады. Сондықтан смартфонды қуаттау кезінде қолдануға мүлдем болмайтынын айта кеткіміз келеді. Ғалымдардың зерттеуінше балалардың телефонға үңіле беруінің зияны ересек адаммен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болады екен. Өйткені, балалардың жүйке талшықтары өсіп-жетілу кезеңінде болғандықтан радиациялық сәуледен жылдам зиян шегеді. Сонымен қатар жасөспірімдердің бас сүйегі жұқа болғандықтан радиациялық сәуледен қорғанысы әлсіз болады. Ал балалардың денесінде су құрамы мол болғандықтан радиациялық сәуледен зияндалуы ересек адамдардікінен жоғары болады. Сонымен қоса мамандар құрылғылардан бөлінетін сәуленің бас ауруы, есте сақтау және көру қабілеті нашарлап, ұйқысыздыққа шалдықтыратынын дәлелдеген.
Сөзімді түйіндей келе, ертеңіміз кемел, болашағымыз бұлыңғыр болмасын десек, бала тәрбиесіне оның ішінде осы смартфонды қолдануына көңіл бөліп, керісінше ұрпағымыздың салауатты өмір салтымен шұғылдануына ықпал етсек, нұр үстіне нұр болар еді.

Саламат АБДРАХМАНОВ
26 қараша 2019 ж. 881 0