Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұялы байланыстың Ұлт тағдырына қаупі қандай?

Ұялы байланыстың Ұлт тағдырына қаупі қандай?



Ұялы телефон адам баласының «он үшінші» мүшесіне айналғалы қашан. Онсыз тіршілік тоқтап, тұрмыс тоқырап қалатындай. Қалта телефоны болмаса біреуді немесе бір нәрсені іздеп табу мүмкін еместей көреміз. Қуаты бітсе өзіміз де сонымен бірге әлсіреп, көңіл-күйіміз түсіп кететін болған. Бір сөзбен айтқанда, қалтаңыздағы «жалғыз көзді» ғажабыңыз өміріңіздің айнымас бір бөлшегіне айналып алды. Күннен-күнге оны тұтынудың өз заңдылықтары, ережелері орнап, маңызы уақыт санап артып келеді. Сонымен, «қалтафон» деген қайдан шықты? Көз жүгіртіп көрелік…
1875 жылы 12 маусымда Бостон университетіндегі шешендік өнер мектебінің профессоры Грехем Белл ең алғаш рет байланыстырушы сымдардың көмегімен өз көмекшісінің дауысын естиді. Өнертапқыш шотландтықтың бұл жаңалығы телефон деген атпен тарихта қалады. Арада бір ғасырға жуық уақыт өткенде ең алғашқы ұялы телефондар пайда болды. Иллинойс технологиялық университетінің түлегі Мартен Купердің бұл жаңалығын қазіргі әлем халқының жартысына жуығы күнделікті қолданып отыр. Ұялы телефонмен жасалған алғашқы нағыз байланыстың тарихы 1973 жылдың 3 сәуірінен басталады. Сол уақыттары Нью-Йорк ұялы байланыстың базалық станциялары орнатылған әлемдегі жалғыз нүкте болды, төрт жылдан соң Чикагода 2000 абоненттік тәжірибе үшін ұялы желі құрылды.

Телефон тығырыққа тіремесін
Мамандар алдағы 10-15 жылда сымсыз телефонның зардабынан ісік дертіне шалдығушылардың саны арта түсетінін айтып, дабыл қағуда. Оған қоса, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұялы телефондар жас жеткіншектердің денсаулығына зиянды екенін мәлімдеді. Ғалымдардың пайымдауынша, 10 жыл бойы күніне жарты сағат ұялы телефонмен сөйлескен адамдардың глиома дертіне шалдығу қаупі 40 пайызға дейін ұлғаяды. Ұялы телефондар электромагниттік сәулелердің негізгі тетігі екені айтпаса да түсінікті. Аталған сәулелер ойлау қабілетін реттейтін мидың жүйке орталығына енеді. Бұл – жүйке, эндокриндік және жыныстық аурулардың асқынуына әсер ететін сәулелер. Эпилепсия, жүйке аурулары, ақ қан сияқты дерттің де асқынуының негізгі себепкері сымсыз телефон екенін жасырмайды мамандар. Әлем елдері ұялы телефонның адам өміріне қауіптілігін жан-жақты зерделеуде. Испаниялық ғалымдар 11-13 жас шамасындағы бала телефон арқылы екі минут сөйлескеннен соң, мидың биоэлектрлік белсенділігі 2 сағат бойы қалпына келтірілетіндігін дәлелдеген. Ұлыбританияның бірқатар қалаларында зерттеу жүргізген ғалымдар да мұны жоққа шығармайды. Ал, Ресейдің гигиена институтының жүргізген зерттеулері 5-10 жыл бойы сымсыз телефонды пайдаланған 20-29 жас шамасындағы азаматтың ми ісігіне тап болу қаупі ұлғая түсетінін көрсетіпті. Бұл өскелең ұрпақтың ұялы телефонды неғұрлым ерте пайдаланса, соғұрлым дертке шалдығу қаупі де арта түсетінін меңзесе керек. Дегенмен, ғалымдардың мұндай пікірімен келіспейтіндер де бар. «Ұялы телефонның адам ағзасына осыншалықты әсер ететіндігі әлі толықтай дәлелденген жоқ. Әлемнің әр түкпірінде сан қилы зерттеулер жүргізілсе де, бұл жанама пікір ғана» дейтіндердің қатары да жеткілікті.
Тіпті, кей мемлекеттерде мектеп жасындағы балаға ұялы телефон ұстауға тыйым салынған. Себебі, 10-11 жастан бастап ұялы телефонды тұрақты пайдаланатын жандардың ми ісігіне тап болуы әбден мүмкін.
Америкада 12-17 жас аралы­ғын­дағы жасөспірімдердің 75 пайызының қалта телефондары бар екен, алайда балалар сабаққа кірер алдында телефондарын арнайы орынға тапсырып, сабақтан шыққанда қайтадан алады. 2007 жылдан бастап Үндістанда оқушыларға телефон ұстауға тыйым салынған, бір жылдан соң жапондар да сөйтті. 2009 жылы Тәжікстанның жалпы білім беретін мектептерінде оқушылар мен мұғалімдерге ұялы телефондарды тағып жүруге және пайдалануға тыйым салынды. Өзбекстанда балалардың телефонды пайдалануына тыйым салу туралы заң қабылдау мәселесі көтеріліп жатыр деседі.
Бізде ше?
Балаларды еліктіріп, шырмауынан шығармайтын қалта телефонының зиянды жақтарынан қорғау үшін не жасалып жатыр? Біздің елде мектепте қалта телефондарын пайдалануға түбегейлі тыйым салуға неге болмайды? Айналып келгенде барлығы заңға келіп тіреледі. Мәселен, телефон адамның жеке заты. Ал, заңда біреудің меншігіне қол сұғуға қатаң тыйым салынған. Мектепте мұғалім оқушының телефонын алып қойып, оған ескерту жасағанда «праваң» жоқ деп, жағасына жармасып, ата-анасын жетектеп келетіні де осы заңның осалдығынан.
Гүлзира ДОСАНОВА, мұғалім: ­­– ­Еуропа мемлекеттерінде қолданылатын тәжірибені отандық мектеп қабырға­ларына да енгізу керек деп ойлаймын. Бұл бір жағынан, ұрпақ денсаулығына алаңдаушылық болса, екіншіден, мектеп жасындағы балалардың арасындағы бәсекені де бәсеңдететіні анық. Телефон түрлі дерттің пайда болуы­­на себепкер болуымен қатар, баланың санасына да кәдімгідей әсер етеді. Қазір балалар арасында телефонын көрсетіп мақтану, әдемі нұсқасын алудан «жарысу» дағдыға айналып отыр. Біздегі бір кемшілік, ата-аналар пәленшенің баласынан кем болмасын деп несиеге болсада тырнақтай балаға қымбат телефондар ұстатып қояды. Ал, ұстаздар тарапынан ескерту жасалса, білім ордасына келіп ұрыс-керіс шығарудан да тайынбайды. Ұстаз айтса, оқушыны жаман болсын, көштен қалсын демейді. Мектепке келген баланың ұялы телефон ұстауы оның оқып отырған сабағына тікелей теріс әсер етеді. Оған қоса баланың ойын алаңдатып, жанындағы отырған өзге оқушыларға психологиялық тұрғыдан кері ықпал етеді. Бұл мәселелерді күнделікті сабақ беру барысында аңғару қиын емес. Сол себепті мектеп қабырғасындағы оқушыларға ұялы телефон пайдалануға тыйым салу орынды деп есептеймін.
Айналып келгенде, мұның бәрі электронды жүйені жүйткіте түскен жаһандық үдерістің талабы. Кез келген нәрсенің пайдасымен қатар зияны да тең жүреді. Тек оны шектен шықпай, орнымен қолдана алу керек. Сондықтан, «қалтафон» зиян деп одан үзілді-кесілді бас тарту мүмкін емес. Бастысы байланыс аясында болыңыз!

Г.СӘБИТҚЫЗЫ.
30 қаңтар 2019 ж. 1 584 0