Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Білімге көңіл бөлер кез келді

Білімге көңіл бөлер кез келді

«Сынықтан басқасының бәрі жұғады». Хош. Жаһандану деп жар салған заманда ұялы байланыс құралы біздің елімізге де жетті. Ересек адамдарды былай қойғанда еңбектеген баланың өзі қалтафонды сіз бен бізден жақсы біледі. Қолына ұстатсаңыз болды, саусақтары ылдым-жылдым қимылдап, өзіне керек арнаны таба қояды. Рас. «Жауырды жаба тоқып» қайтеміз? Қазір екінің бірінің қолында телефон, ал телефоны барлардың тамашалайтыны тик-ток, инстаграм бұдан да басқа ішектей созылған әлеуметтік желілер. Сол пайдаланушылардың не көріп, не түсіріп жүргенің көріп «Қазіргі жастар қайда бара жатыр?» деген сауал еріксіз ойға оралады. Себебі ел болашағы деп үміт артқан жастардың арасында білім қуып, ғылымға ден қойып жүргендердің саны саусақпен санарлық. Көбісі жеңіл жолмен ақша тауып, «жер өртеп» атағын шығарғысы келетіндер.
Бұл сөзімізге жастардың әлеуметтік желіде өзін жартылай жалаңаш күйінде жарнамалап яки пәтуасы жоқ ән айтып, тіпті болмағанда пайда бермейтін ұтыс ұйымдастырып жүргені дәлел. Бұрындары «жүре берсең, көре бересің» я болмаса «көресіні көрмей, көрге кірмейсің» деген сөзді үлкен кісілерден естуші едік. Қазір осы сөздердің бекер айтылмағанын ұғынғандаймыз. Өйткені қазіргілер әйел болып киініп, бет-аузын толық бояған еркекті де, тырдай жалаңаштанып, басына сәукеле киіп, өзін ғана емес күллі ұлтты мазақ қылған қызды да көріп келеді. Ол ол ма, жуырда тик-ток желісінде «Ұлы даланың ұлы қатыны» деген келіншек пайда болды. Сорақысы бүгінде орта жасқа жеткен желі пайдаланушысын көшеде көрген кішкентайлардың өзі «апатайлап» алдынан шығып, құшақтай қалады. Ал «Ұлы даланың ұлы қатыны» деп танылып жүрген келіншектің парақшасында бұғанасы қатпаған бүлдіршін түгілі, ересектер сүйсініп қарайтын нәрсе жоқ. Парақшасы бірыңғай былапыт, боғауыз сөзге және ұятсыздыққа толы. Сонда біздің жастардың деңгей-дәрежесі өзін осылай жарнамалауға ғана жете ме? Феисбук желісін қолданушы Ерлан Сайровтың «Ақыл-парасат пен терең ой азшылыққа айналып, жайдақталған кезең. Даңғазалық, дарақылық, рухани мешкейлік мәртебеге ие болған заман. Технократтық ой адамның негізгі парасатты, ақыл-еспен ойлау қабілетіне сызат түсіріп, адамды есінен тандыруда» деп кейігені бар еді. Иә, бұл дүние кімге опа берген? Әлеуметтік желідегі танымалдылық та тұралап, қалтаны қампайтқан қаржы да таусылар. Сол кезде дарақылыққа жол беріп, рухани жағынан жұтаңдаған жастар қайтеді? Бүгінгі уақыттың өзі адамдардың бір-бірімен бәсекеге түсетінін көрсетіп отыр. Ал рухани жаңғыру мен эволюциялық даму үшін жоғары бәсекелік қабілет пен прагматикалық ойлау, ұлттық бірегейлікті сақтау, жаңалықтар мен тың өзгерістерге ашық болу және білімді бар істің бастамасы ету маңызды.
Бұл туралы осыдан үш жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында нықтап айтқан болатын. Аталған бағдарламалық мақалада Тұңғыш Президент «Біз бүгінгі жаңа атаулыны ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді» дей келе табысты болудың кілті білімде екенін түсіндіреді. Оны мақаланың «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деген жолдардан аңғара аламыз. Келешекте «Кез келген ел экономикасында еңбекке қабілетті тұрғындардың тек 20-30 проценті ғана қамтылатын болады. Қалған 70-80 процент бөлігі оқуға ден қояды, қоғамдық еңбекпен шұғылданады, мәдениет, өнер, рухани салада қызмет ететін адамдардың үлесі айтарлықтай артады» деген болжам жасалуда. Әрине, мұндай жетістікке Елбасының мақаласында көрсетілген білім салтанат құрған қоғам ғана жете алады.
Ең ақырғысы ғылымға көңіл бөлсек, дүние де, мал да өздігінен адамда пайда болатынын кешегі пандемия кезінде түсіндік. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың отандық медицина, соның ішінде санитарлық-эпидемиологиялық қызметті және медицина ғылымын дамытуға баса мән беру керек деген пәрменді тапсырмасы барлығымызды біршама ойға қалдырды. Сондай-ақ Қ.Кемелұлының «Қазір бүкіл әлемнің және бүкіл әлемдік экономиканың тағдыры ғалымдардың қолында. Бұл артық айтқандық емес. Әлемнің тағдырын футболшылар, шоу-бизнес өкілдері емес, ғалымдар шешеді. Біз осы жағдайдан сабақ алуға тиіспіз» деген сөзі де көптің намысын бір қайрап өткені анық. Өйткені бұған дейін білім-ғылымның өз саласындағы салғырттық па әлде сырттан соққан салқындық па әйтеуір, өркениеттің өріне сүйрер ғылымға тиісінше көңіл бөлмей келеміз. Бұл бойкүйездік пен жалқаулық бір күні жарға жықпаса да, жақсылыққа апармайтынын төреші уақыт әлі де дәлелдей береді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады». Демек бүгінгі қоғам мүшелері өз ісінің үздігі болуға ұмтылуы тиіс. Әсіресе, ел сеніп, үміт артқан жас­тар қауымы арзанқол дүниеге әуес болмай, өз ісін жетік меңгеріп, білім қуып, ғылыммен айналысса өз ортасында ғана емес, күллі қазақ қоғамына үлгі көрсетіп қана қоймай, ел дамуына қосқан үлесі болары анық.

Маржан БОЛАТҚЫЗЫ
25 қазан 2020 ж. 454 0